Жалақы берешегі – 34 млн теңге
Министрдің дерегіне сүйенсек, Атырау облысында 9,5 мыңнан астам кәсіпорын мен мекеме жұмыс істейді. Онда 278 мың жалдамалы қызметкер еңбек етеді. Өңірде компаниялардағы 242 мың жұмыскерді қамти отырып, жұмыс орындарын сақтау бойынша 3,7 мың меморандумға қол қойылған. Ірі және орта кәсіпорындардың 97,8 пайызы қызметкерлерімен ұжымдық шарттар жасалған. Ал 109 кәсіпорын жалақысы төмен 108 мың қызметкерлердің еңбекақысын 5-тен 50%-ға дейін көтерген. Алайда еңбек жанжалы туындау қаупі жойылмаған кәсіпорындар бар.
– Жергілікті атқарушы органдар еңбек жанжалының алдын алуға және жол бермеуге тиіс. Жұмыс берушілердің ұжымдық шарттар мен меморандумдарға сәйкес жұмыс орындарын сақтау жөніндегі міндеттерін орындауына тұрақты мониторинг жасалуы керек. Жұмысшылардың еңбек жағдайы мен жалақы деңгейіне үнемі сауалдама жүргізу қажет, – деді Т.Дүйсенова.
Министрдің айтуынша, мұнайлы өңірде жалақы қарызы жойылмаған кәсіпорындар әлі де бар. Қазір 9 кәсіпорында жалпы сомасы 34 млн теңгені құрайтын еңбекақы берешегі қалыптасып отыр.
– Әкімдік облыстық прокуратура, қаржы және әділет органдарымен бірлесе жалақы, әлеуметтік аударымдарға қатысты берешекті өтеудің егжей-тегжей жоспар-кестесін әзірлеуге тиіс. Соған сәйкес жалақы жөніндегі ықтимал берешекті анықтау, жұмыскерлерді жұмыстан босату, әлеуметтік аударымдарды төлеудің төмендеуіне мониторинг жүргізілгені жөн, – деді министр.
Т.Дүйсенованың пікірінше, шетелдік жұмыс күшін тартатын жұмыс берушілер тиісті заңдылықты сақтай бермейді. Мәселен, Атырау облысында биыл өндірісте 21 қызметкер зардап шеккен. Оның үшеуі қаза тапқан. Сол себептен, заңбұзушылыққа жол берген жұмыс берушілерге пәрменді шаралар қабылдап, өңірлік үшжақты комиссияда тексеру нәтижелерін қарауды ұсынып отыр.
– Облыс әкімдігі ең көп жазатайым оқиғаға жол берген жұмыс берушінің әрқайсысымен қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеп, орындалуын міндетті түрде бақылауы қажет. Мемлекеттік еңбек инспекторлары өндірістік жарақат алуды азайту мақсатында кәсіпорындарға профилактикалық бақылау жұмыстарын күшейтуге тиіс, – деп тапсырма берді Т.Дүйсенова.
Жол картасының ықпалы тие ме?
Жылыой ауданындағы «Теңіз» кен орнында Келешек кеңейту және Ұңғыма ернеуінің қысымын басқару жобаларын іске асыру аяқталуға жақындады. Қазір аталған екі жобаның 93%-ы орындалып, жұмысшыларды босату басталды. Осыған байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жобадан босатылатындарды жұмысқа орналастыру жөнінде Жол картасын әзірледі. Жол картасына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов пен «Теңізшевройл» ЖШС бас директоры Кевин Лайон қол қойды.
– Осы кезге дейін аталған жобалардан 7,6 мыңнан астам қызметкер босатылды. Оның ішінде 1,1 мың жұмысшы «Теңізшевройл» ЖШС-нің өзге жобаларына, 449 адам басқа компанияларға жұмысқа орналастырылды. Алайда жергілікті атқарушы органдардың жобадан босатылған қызметкерлерді жұмысқа орналастыру деңгейі төмен. Қазір электронды еңбек биржасында 108 мың бос жұмыс орны бар. Оның ішінде іске асырылып жатқан ұлттық жобалар шеңберінде 10,4 мың бос жұмыс орны тұр. Жұмыс орындарының 12 және 25%-ы – техникалық мамандықтар. Әкімдіктер жобадан босатылғандарды жұмысқа орналастыруды жандандыруы қажет, – деді Т.Дүйсенова.
Оның айтуынша, министрлік әзірлеген Жол картасы «Теңіздегі» жобадан босатылғандарды жұмыспен қамтуды көздейді. Онда министрліктің, өңірлер әкімдіктерінің «Теңізшевройл» ЖШС-мен, қосалқы мердігер мекемелермен өзара іс-қимылының нақты алгоритмі нақтыланған.
– Жұмыстан босатылған көптеген қызметкер Атырау облысына басқа өңірлерден келгенін ұмытпаған жөн. Сондықтан жергілікті әкімдіктер оларды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына тартуы қажет, – деп атап өтті Т.Дүйсенова.
Атырау облысының әкімі С.Шәпкеновтің мәлім етуінше, «Теңізшевройл» мен мердігер компаниялардан жоспарлы түрде босатылған азаматтарды жаңа жұмыспен қамту бағытындағы жоспар жүзеге асырылады. Қазір Атырау облысында жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша тиісті жұмыстар жүріп жатыр. Әсіресе өңірдің кешенді даму жоспары аясында нақты жобалар қолға алынғалы отыр.
«Теңізшевройл» ЖШС бас директоры К.Лайонның пікірінше, компания жол картасы аясында мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істеуге дайын. Өйткені отандық экономикаға Келешек кеңейту және Ұңғыма ернеуінің қысымын басқару жобасының мультипликативті ықпалы тиген.
– Біз Атырау облысының әкімдігімен, Энергетика, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерімен бірлескен жұмысты оң бағалаймыз. Түрлі жұмыстардың аяқталуына орай Келешек кеңейту жобасы мен Ұңғыма ернеуінің қысымын басқару жобасының жүзеге асырылуына бірлесе мониторинг жүргіземіз. Қазір жобаның 93%-ы орындалды. Жоба басталғалы бері «Теңізшевройл» жергілікті мамандарды оқытып, біліктілігін арттырды. Бұл – болашақта елдегі және шетелдегі өнеркәсіп жобаларында тәжірибесі мен білімін қолдана алатын қазақстандық 25 мыңнан астам маман. Сондай-ақ жоба халықаралық компаниялармен серіктестік арқылы технологияларды тартуға, өңірде жаңғыртылған инфрақұрылымдарды қалыптастыруға ықпал етті, – дейді К.Лайон.
Жол картасында көзделген өзара іс-қимыл алгоритміне сәйкес, «Теңізшевройл» ЖШС тоқсан сайын аталған министрлікке, өңірлердің әкімдіктеріне кәсіптер мен өңірлер бөлінісінде мердігер және қосалқы мердігер кәсіпорындар қызметкерлерінің жұмыстан босатылуы туралы ақпаратты ұсынады. Оны электронды еңбек биржасына орналастырады.
Жергілікті атқарушы органдар жұмыстан босатылған қызметкерлерді жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту бойынша міндеттемелерді орындауға тиіс. Оның ішінде қысқа мерзімді оқуға жіберу, субсидияланатын жұмыс орындарына және ұлттық жобалар шеңберінде іске асырылатын жобаларға жұмысқа орналастыру, гранттар мен микрокредиттер беру бар.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Теңізшевройл» қызметкерлерін жұмыстан босату және нақты жұмысқа орналастыру мониторингін жүзеге асырады. Жұмыстан босатылатын қызметкерлер үшін бос жұмыс орындарының онлайн-жәрмеңкесін ұйымдастырады. Жұмысынан айырылған адамдарға мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем тағайындауды қамтамасыз етеді.
Атырау облысы