Аймақтар • 21 Шілде, 2022

Басты басымдық – жұмыспен қамту

599 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекеттің басты ұстанымы – халықтың әл-ауқатын арттыру. Әсіресе түрлі жобалардан босатылған адамдарды тұрақты жұмыспен қамтуға басымдық беріліп отыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова өткізген кеңесте нақ осы мәселеге баса назар аударылды. Министр жергілікті атқарушы билікті жұмыскерлердің еңбек құқығын қорғауға, жанжалдарды болдырмауға, «Теңіз» кен орнындағы жобадан босатылғандарды жұмысқа орналастыру шараларына тартуға шақырды.

Басты басымдық – жұмыспен қамту

Жалақы берешегі – 34 млн теңге

Министрдің дерегіне сүйенсек, Атырау облысында 9,5 мыңнан астам кәсіпорын мен мекеме жұмыс істейді. Онда 278 мың жалдамалы қызметкер еңбек етеді. Өңірде компаниялардағы 242 мың жұмыскерді қамти отырып, жұмыс орындарын сақтау бойынша 3,7 мың меморандумға қол қойылған. Ірі және орта кәсіпорындардың 97,8 пайызы қызметкерлерімен ұжымдық шарттар жасалған. Ал 109 кәсіпорын жалақысы төмен 108 мың қызметкерлердің еңбекақысын 5-тен 50%-ға дейін көтерген. Алайда еңбек жанжалы туындау қаупі жойылмаған кәсіпорындар бар.

– Жергілікті атқарушы органдар еңбек жанжалының алдын алуға және жол бермеуге тиіс. Жұмыс берушілердің ұжымдық шарттар мен меморандумдарға сәйкес жұмыс орындарын сақтау жөніндегі міндеттерін орындауына тұрақты мониторинг жасалуы керек. Жұмысшылардың еңбек жағдайы мен жалақы деңгейіне үнемі сауалдама жүргізу қажет, – деді Т.Дүйсенова.

Министрдің айтуынша, мұнайлы өңірде жалақы қарызы жойылмаған кәсіпорындар әлі де бар. Қазір 9 кәсіпорында жалпы сомасы 34 млн теңгені құрайтын еңбекақы берешегі қалыптасып отыр.

– Әкімдік облыстық прокуратура, қаржы және әділет органдарымен бірлесе жалақы, әлеуметтік аударымдарға қатысты берешекті өтеудің егжей-тегжей жоспар-кес­тесін әзірлеуге тиіс. Соған сәйкес жалақы жөніндегі ықтимал берешекті анықтау, жұмыскерлерді жұмыстан босату, әлеуметтік аударымдарды төлеудің төмендеуіне мониторинг жүргізілгені жөн, – деді министр.

Т.Дүйсенованың пікірінше, шетелдік жұмыс күшін тартатын жұмыс берушілер тиісті заңдылықты сақтай бермейді. Мәселен, Атырау облысында биыл өндірісте 21 қызметкер зардап шеккен. Оның үшеуі қаза тапқан. Сол себептен, заңбұзушылыққа жол берген жұмыс берушілерге пәрменді шаралар қабылдап, өңірлік үшжақты комиссияда тексеру нәтижелерін қарауды ұсынып отыр.

– Облыс әкімдігі ең көп жазатайым оқиғаға жол берген жұмыс берушінің әрқайсысымен қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеп, орындалуын міндетті түрде бақылауы қажет. Мемлекеттік еңбек инспекторлары өндірістік жарақат алуды азайту мақсатында кәсіпорындарға профилактикалық бақылау жұмыстарын күшейтуге тиіс, – деп тапсырма берді Т.Дүйсенова.

Жол картасының ықпалы тие ме?

Жылыой ауданындағы «Теңіз» кен орнында Келешек кеңейту және Ұңғыма ернеуінің қысымын басқару жобаларын іске асыру аяқталуға жақындады. Қазір аталған екі жобаның 93%-ы орындалып, жұмысшыларды босату бастал­ды. Осыған байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министр­лігі жобадан босатылатындарды жұмысқа орналастыру жөнінде Жол картасын әзірледі. Жол картасына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов пен «Теңізшевройл» ЖШС бас директоры Кевин Лайон қол қойды.

– Осы кезге дейін аталған жобалардан 7,6 мыңнан астам қызметкер босатылды. Оның ішінде 1,1 мың жұмысшы «Теңізшевройл» ЖШС-нің өзге жобаларына, 449 адам басқа компанияларға жұмысқа орналастырылды. Алайда жергілікті атқарушы органдардың жобадан босатылған қызметкерлерді жұмысқа орналастыру деңгейі төмен. Қазір электронды еңбек биржасында 108 мың бос жұмыс орны бар. Оның ішінде іске асы­ры­лып жатқан ұлттық жобалар шең­берінде 10,4 мың бос жұмыс орны тұр. Жұмыс орындарының 12 және 25%-ы – техникалық маман­дықтар. Әкімдіктер жобадан босатыл­ғандарды жұмысқа орналасты­руды жандандыруы қажет, – деді Т.Дүйсенова.

Оның айтуынша, министрлік әзірлеген Жол картасы «Теңіздегі» жобадан босатылғандарды жұмыс­пен қамтуды көздейді. Онда ми­нис­трліктің, өңірлер әкімдіктерінің «Теңізшевройл» ЖШС-мен, қосалқы мердігер мекемелермен өзара іс-қи­мылының нақты алгоритмі нақ­тыланған.

– Жұмыстан босатылған көптеген қызметкер Атырау облысына басқа өңірлерден келгенін ұмытпаған жөн. Сондықтан жергілікті әкімдіктер оларды жұмыспен қамтуға жәр­демдесу шараларына тартуы қажет, – деп атап өтті Т.Дүйсенова.

Атырау облысының әкімі С.Шәп­кеновтің мәлім етуінше, «Теңіз­шевройл» мен мердігер компаниялардан жоспарлы түрде босатылған азаматтарды жаңа жұмыспен қамту бағытындағы жоспар жүзеге асырылады. Қазір Атырау облысында жаңа жұмыс орындарын ашу бо­йынша тиісті жұмыстар жүріп жатыр. Әсіресе өңірдің кешенді даму жоспары аясында нақты жобалар қолға алынғалы отыр.

«Теңізшевройл» ЖШС бас директоры К.Лайонның пікірінше, компания жол картасы аясында мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істеуге дайын. Өйткені отан­дық экономикаға Келешек кеңей­ту және Ұңғыма ернеуінің қысы­мын басқару жобасының мультип­ли­кативті ықпалы тиген.

– Біз Атырау облысының әкім­ді­гімен, Энергетика, Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау министр­лік­терімен бірлескен жұмысты оң бағалаймыз. Түрлі жұмыстардың аяқталуына орай Келешек кеңейту жобасы мен Ұңғыма ернеуінің қысымын басқару жобасының жү­зе­ге асырылуына бірлесе мониторинг жүргіземіз. Қазір жобаның 93%-ы орындалды. Жоба басталғалы бері «Теңіз­шевройл» жергілікті мамандар­ды оқытып, біліктілігін арттырды. Бұл – болашақта елдегі және шетел­дегі өнеркәсіп жобаларында тәжі­рибесі мен білімін қолдана алатын қа­зақстандық 25 мыңнан астам маман. Сондай-ақ жоба халықаралық компаниялармен серіктестік арқылы технологияларды тартуға, өңірде жаңғыртылған инфрақұрылымдарды қалыптастыруға ықпал етті, – дейді К.Лайон.

Жол картасында көзделген өзара іс-қимыл алгоритміне сәйкес, «Теңіз­шевройл» ЖШС тоқсан са­йын аталған министрлікке, өңірлер­дің әкімдіктеріне кәсіптер мен өңір­лер бөлінісінде мердігер және қосал­қы мердігер кәсіпорындар қызмет­кер­лерінің жұмыстан босатылуы тура­лы ақпаратты ұсынады. Оны элек­тронды еңбек биржасына орналастырады.

Жергілікті атқарушы орган­дар жұмыстан босатылған қызмет­кер­лерді жұмыспен қамтуға жәрдемде­судің белсенді шараларына тарту бо­йынша міндеттемелерді орындауға тиіс. Оның ішінде қысқа мерзімді оқу­ға жіберу, субсидияланатын жұ­мыс орындарына және ұлттық жоба­лар шеңберінде іске асырылатын жо­баларға жұмысқа орналастыру, грант­тар мен микрокредиттер беру бар.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Теңізшевройл» қызметкерлерін жұмыстан босату және нақты жұмысқа орналасты­ру мониторингін жүзеге асырады. Жұмыстан босатылатын қыз­мет­керлер үшін бос жұмыс орындары­ның онлайн-жәрмеңкесін ұйымдас­тырады. Жұмысынан айырылған адам­дарға мемлекеттік әлеуметтік сақ­тандыру қорынан әлеуметтік тө­лем тағайындауды қамтамасыз етеді.

 

Атырау облысы