Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Нұрлан Иманғалиевтің айтуынша, жабайы құсты қаладағы «Авангард-3» шағын ауданы тұрғынының бірі – Наталья есімді әйел ұстап алған. Ол жабайы құсты табиғи мекеніне жіберу үшін еріктілерден көмек сұраған.
Ал еріктілер жабайы құс туралы деректі инспекцияға хабарлаған. Инспекция мамандары тұрғынның үйіндегі жабайы құстың көкқұтан екенін анықтады.
– Тұрғынның жабайы құсты үйіне алып кеткені дұрыс болды. Әйтпесе, көшеде жүрген қаңғыбас иттер көкқұтанды талап тастауы мүмкін еді. Қазір жабайы құстардың түлейтін кезеңі өтіп жатыр. Сол себептен, құстардың ұшуы қиынға соғады. Біздің мамандар көкқұтанды тексеруден өткізді. Жабайы құс жарақат алмаған, – дейді Нұрлан Иманғалиев.
Жабайы құс каналға жіберілді. Инспекторлардың айтуынша, табиғи мекендеу ортасына ұқсас каналда көкқұтанның әл жинауына мүмкіндік бар.
Атырау облысы