22 Мамыр, 2010

ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ӨНЕГЕСІНІҢ ӨМІРШЕҢДІГІ

562 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов 21 мамырда Санкт-Петербург қаласына келді. Мұнда Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше елдер (ЕурАзЭҚ) Мемлекетаралық кеңесінің Үкімет басшылары деңгейіндегі және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше (ТМД) елдер Үкімет басшылары кеңесінің отырыстары болып өтті. Соңғы жылдары Ресейдің солтүстік астанасы – Санкт-Петербург қаласында ЕурАзЭҚ-қа мүше елдер үкімет басшы­лары кеңесінің отырысы осымен қатарынан екінші рет өтіп отыр. 2009 жылы желтоқсанда болған Үкімет басшылар кеңе­сінің 25-ші отырысына қа­ты­сып, онда ке­шегі кеңестік ке­ңістіктен шық­қан елдер ара­сындағы ин­те­грациялану үр­ді­сінің ең жо­ға­ры сатысы – үш мемлекет ара­­сындағы Кеден одағын құру мәселесін, сон­дай-ақ Қазақстан Премьер-Ми­нистрі Кәрім Мә­сімовтің бастамасымен ЕурАзЭҚ айма­ғында азық-түлік қауіпсізді­гін қамтамасыз ету жөнінде ма­ңыз­ды мәселелер қаралғанын тілге тиек еткен болатынбыз. Әлем таныған реформатор, Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ТМД мемлекеттері арасында экономикалық инте­гра­цияны нығайту идеясын сонау кеңестік империя ыды­раған алғашқы кезеңнен күн тәртібіне жалықпай ұсынып, өміршең бастамаларын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Ал­ғаш рет Нұрсұлтан Назар­баев 1994 жылы Мәскеу мем­ле­кеттік университетінің про­фессорлары алдында сөйлеген сөзінде ТМД-ға мүше елдер арасында эконо­ми­калық бай­ла­нысты одан әрі нығайту мақ­сатында Еуразия­лық эко­но­микалық одақ құру жөнінде мәселе көтерді. Сөй­тіп, 2000 жылдың қазан айында Аста­на қаласында Беларусь, Қа­зақ­­стан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан республи­ка­лары­ның президенттері ЕурАзЭҚ құру жөніндегі шартқа қол қойды. ЕурАзЭҚ содан бергі өткен жылдар ішінде өзінің өмір­шең­дігін дәлелдеп, халық­ара­лық сахнадағы сарабдал сая­сатшы, заманауи реформатор Нұрсұл­тан Назарбаевтың “эко­номи­ка­лық даму жолында интегра­ция­ланудан басқа бала­ма жоқ” де­ген қағидасын паш етіп келеді. Жаһандық дағда­рыс­тан әлемнің дамыған эко­номикалары рецес­сияға ұшы­рап жатқан кезде, 2008 жыл­дың желтоқсанында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың бас­тамасымен Бурабайда Ар­ме­ния, Қазақстан, Қырғыз­стан, Ресей және Тәжікстан пре­­зи­денттерінің бейресми кез­десуі өтіп, онда ЕурАзЭҚ-тың 10 миллиард доллар мөлше­рін­дегі Дағдарыспен күрес қорын, со­ны­мен бірге Жоғары техно­ло­гиялар орталығын құру жө­нін­дегі келісімге қол жеткізген болатын. Даңдарыстан кейінгі қазіргі ЕурАзЭҚ-қа мүше мем­лекеттердің экономикалық даму деңгейі көрсетіп отыр­ға­нын­дай, өткен басқасуларда қабылданған осы шаралар дағ­д­арыс дауы­лы­нан шайқалған елдерге тығы­рықты сәтте демеу болғаны да ақиқат. Иә, құдіретті уақыт сұң­ғыла саясаткер, дарынды тұлға Нұр­сұлтан Назарбаевтың бү­гінгі ХХІ ғасыр толқынында төрткүл дүние жаһандану үрді­сіне енген шақта, ТМД кеңіс­тігінде де тығыз интегра­ция­лану­дан ешкім де ұтпаса, ұтыл­майтындығын дә­лелдеген идея­сының балама­сыз екенді­гін көрсетті. Оған 2003 жылы желтоқсан айында ЕурАзЭҚ-тың Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан бақылаушы мәрте­бесін алуы дәлел бол­ған­дай. Со­нымен бірге осы қоғам­дас­тық аясында биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап үш мем­лекет шеңберінде интеграция­ланудың жаңа сатысы – Ке­ден одағының жұмыс істеп тұр­ған­дығын да атап айтуға болады. Сөйтіп, осы қоғамдастыққа мүше елдер үкімет басшылары Нева жағалауындағы көне қала­да тағы да басқосты. Алды­мен жаңа интеграциялық құрылым – Кеден одағына мүше елдер үкіметтері басшы­ларының кез­десуі болды. Ке­ден одағына мүше мемлекет­тер­дің үкімет бас­шылары оты­рысын Ресей Федерациясы Үкіметінің Төр­аға­сы Владимир Путин ашты. ЕурАзЭҚ аясын­да интеграция­лану­дың ең жо­ғарғы сатысы – Кеден одағы сәтті бастау алды. Біз қазір Ке­ден одағының ке­ден­дік та­риф­терін сәйкестен­ді­ретін алғаш­қы кезеңді бастан өткеріп жа­тырмыз. Ал 1 шілде­ден бастап тәуелсіз үш мемле­кеттің халқы бірыңғай кеден­дік кеңістікте өмір сүретін екінші кезеңге аяқ басатын боламыз, деді өз сөзінде Ресей Үкіметінің бас­шы­сы. Оған дейін үш мем­лекеттің кедендік тарифтерін сәйкестендіретін 18 ірі жобаны жүзеге асыру қажет. Қазіргі күнге дейін Кеден ода­ғы ко­мис­сиясы бұл елдердің бірың­ғай кедендік кеңістікте өмір сүруіне мүмкіндік беретін сегіз ірі жобаларды ретке келтірген. Кеден одағы мемлекеттері үкімет басшыларының отыры­сында сөйлеген сөзінде Қазақ­стан Үкіметінің басшысы үш ел арасындағы жаңа интегра­ция­лық құрылымның кін­әрат­сыз жұмыс істеп кетуіне таби­ғат­тың өзі қолдау көрсетіп тұрғандығын тілге тиек етті. Бүгін Санкт-Пе­тербургтің ауа райы мамыра­жай­­лық танытып, жайдары жаз­дай маужырап тұр. Бұл Ке­ден ода­ғына кірік­кен елдер бо­ла­шағында да дағ­дарыстан кейін­гі гүлдену дәуірі бастала­тын­дығын таныт­қан­дай. Кеше мен Мәскеу қала­сын­дағы “Сбер­банктің” “Бо­ла­шақ офисі” ата­­латын мекен-жайын­да бол­дым. Бұл ғима­ратта қолданылған жаңа тех­­но­логия бүгінгі заман­ның ең озық үлгісі екендігі дау­сыз, деді Кә­рім Мәсімов. Одан әрі ол өз сөзінде Кеден одағы жұ­мыс істей бастаған төрт айдың ішінде Қазақстан мен Бела­русь мемлекеттері арасында сауда айналымының өткен жыл­дың сәйкес мерзімімен салыс­тырғанда 50 пайызға артқан­дығын атап көрсетті. Одан кейін Кеден одағына кіретін үш мем­лекеттің үкімет басшылары 1 шілдеден бастап күшіне кіретін бірыңғай ке­ден­дік кеңістікті қалыптастыру мәсе­лелері бой­ын­ша бірқатар маңызды құжат­тарға қол қойды. Содан кейін ЕурАзЭҚ-қа мүше елдер үкіметтері басшы­ларының шағын және кеңей­тілген отырыс­тары болып өтті. Үкімет бас­шы­ларының кеңейтілген отырысына Қазақ­стан Республикасының Пре­мьер-Министрі Кәрім Мәсі­мов төрағалық етті. Алғаш сөз алған Бе­ларусь Премьер-ми­нистрі С.Си­дорский ЕурАзЭҚ-тың осыдан бұрынғы оты­рысынан бергі жұ­мысын сын тезіне алды. Оның ай­туынша, өткен отырыс­та қабыл­дан­ған 36 мәселенің осы уақытқа дейін бар болғаны жетеуі ғана орын­далған. 21 мә­селе бой­ын­ша шешім қабылдау мерзімі өткен жылдың желтоқ­сан айын­да өтіп кеткен. Сон­дық­тан, ол отырыс­тардың күн тәртібіне енгізілген мәселелердің орындалуына бақы­лауды кү­шей­ту қажет екендігін ерекше атап көрсетті. Содан кейін сөй­леген Тәжікстан үкіметінің бас­шысы А.Акилов ЕурАзЭҚ ая­сында құрылған Дағдарыспен кү­рес қорының экономикалық күр­делі кезеңде еліне көрсеткен игілікті ықпалына тоқталды. Со­ны­мен қатар, ол биылғы көк­темде болған табиғат апатынан орасан зор шығын шеккен Тәжікстанға гуманитарлық кө­мек көрсетіп, туысқандық қо­лын созған Қазақ­стан және Беларусь елдеріне шы­найы алғыс сезімін білдірді. Оты­рыста өз кезектерінде сөз алған Қа­зақстан және Ресей үкімет­терінің басшылары дағдарыстан кейінгі даму үрдісіне тоқталды. Ресей экономикасы дағдарыстан кейінгі оңалу кезеңін бастан кешіріп отырса, Қазақстан биыл­ғы бірінші тоқсан қоры­тындысы бойынша ІЖӨ-нің 7,6 пайыз өсі­міне қол жеткізіп, қарқынды даму жолына түскен. Сонымен бірге Владимир Путин биылғы жылдың алғашқы тоқ­санында Ресейде мәшине шы­ғару 54 пайызға артып отырған­дығын, тіпті автокөлік зауыт­­та­рының түсіп жатқан сұра­нысты қанағаттандыруға мүмкін­дігі болмай жатқандығын атап көрсетті. Осы жолғы отырыстың бір ерекшелігі, ЕурАзЭҚ-қа мүше елдер үкіметтері басшы­лары­ның отырысына ұзақ үзілістен кейін Украина үкіметінің басшысы Н.Азаров бақылаушы ретінде қатысты. Сол сияқты Армения және Молдова рес­публи­ка­ларының үкімет бас­шылары Т.Саркисян мен В.Филат та бақылаушы ретінде қатысты. Үкімет басшылары­ның кеңей­тіл­ген отырысы ЕурАзЭҚ-тың бас хатшысы Тайыр Мансұ­ровтың атқарыл­ған жұмыс жөнін­дегі есебін де тыңдады. Отырыс қорытын­дысында күн тәртібіне енгізіл­ген жиырмаға жуық мәселе жан-жақты тал­қыланып, қа­был­данды. Бұдан кейін Қазақстан Үкі­метінің басшысы ТМД-ға мүше елдер Үкімет басшылары кеңе­сінің кезекті отырысының жұмысына қатысты. Отырыс барысында ТМД аумағында дағ­дарыстан кейінгі экономикалық ынтымақтастықтың болашағы талқыланды. Сонымен бірге ЕурАзЭҚ шеңберінде өмірге келген Кеден одағының тәжі­рибесі жан-жақты тілге тиек етілді. Достастыққа мүше мем­лекеттердің үкімет басшылары күн тәртібіне енгізілген бірқатар мәселелер бойынша нақты шешімдер қабыл­дады. Санкт-Петербург қаласында өткен ауқымды басқосулардан кейін баспасөз мәслихаты ұйым­дас­ты­рылды. Онда үкімет бас­шы­лары БАҚ өкілдерін толғандырған сұрақтарға жауап берді. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ – Санкт-Петербургтен.