Қаржы • 24 Шілде, 2022

Банктер букмекерлерге көмектесіп отыр ма?

306 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Бәс тігіп табысқа кенелмек бол­ған­дарға банктер жақсы кө­мек болып тұр. Кез келген адам қар­жы институттарының мобильді қо­сым­шасы арқылы букмекерлік кеңсе шоттарына ақша салып, ұтыстан үміттене алады. «Нұрбанк» АҚ мобильді қосымшасында 5 бук­мекерлік компанияның шотына ақша салуға болады, олар – Parimatch.kz, olimpbet.kz, 1xBet, Tennisi.kz, Fairplay. Kaspi.kz арқылы – 1xBet, olimpbet.kz, Tennisi.kz, «Хоум Кредит Банк» көмегімен – 1xBet.kz, Fairplay, Tennisi.kz, Parimatch.kz, Gol+Pas, Faqbet, Jusan мобильді қосымшасына кіріп, Gol+Pas, Parimatch.kz, 1xBet.kz, olimpbet.kz, Tennisi.kz, Fonbet шоттарын толықтыруға болады. Ірі қаржы ұйымы бола тұра «Қазақстан халық банкі» өз жүйесіне бірде-бір букмекерлік кеңсені тіркемепті. Елдегі бір ойынқұмардың орташа қарызы 10 млн теңгеге жеткен.

Банктер букмекерлерге көмектесіп отыр ма?

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

350 мың лудоман бар

Жақында Мәжіліс депутаттары Ләззат Рамазанова мен Екатерина Смышляева Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың атына депутаттық сауал жол­дап, Қазақстанда 350 мыңға жуық адам­ның лудоман екенін жеткізді. Эко­но­микалық сарапшылардың айтуынша, банктер букмекерлік компаниялардың шотына ақша салуға ыңғайлы жағдай қарастырып қойған.

«Қаржы институттары логиндерді толтыру үшін несие қаражатын пайдалануға тыйым салып, 25 жасқа толмаған адамдар үшін аударымдарды шектеуі керек. Сондай-ақ жүйелі түрде ставка қою­мен айналысатын азаматтарға несие беру­ді де тоқтату керек. Бұл олардың ойын­құмарлықпен күреске қосқан елеулі үлесі болар еді. Депутаттар дұрыс сауал жолдады, енді тек аталған тақырыпты дамыта түсу қажет», деді сарапшылар. 

Осы ойларды қорыта келе, банктер букмекерлік компаниялармен серіктестік орнату арқылы ойынқұмарлықтың дамуы­на және ақшасынан айырылып, қарызға батқан азаматтардың көбеюіне «үлес қосып» отырған жоқ па деген сауал туа­ды. Сұрағымызды банктердің би ағасы – Қаржы нарығын реттеу және да­мыту агенттігіне жолдадық. Олар Азамат­тық кодекстің 749-бабының 1-тар­мағына сілтеме жасай отырып, клиенттiң ақшаны пайдалану бағытын белгiлеу мен бақылауға және оның өз қалауынша ақшаға билiк ету құқығына заңдарда көз­делмеген шек қоюға банктің құқығы жоқ екенін жеткізді.

«Банктердің мобильді қосымшалары арқылы букмекерлік кеңселердің пайдасына төлемдерді жүзеге асыруға шектеулер клиенттермен жасалған шарт немесе заңдар деңгейінде белгіленуі мүмкін. Қол­даныстағы заңнамаға сәйкес ойын бизнесі субъектілерінің қызметі заңды болып саналады және «Ойын бизнесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормаларымен реттеледі», делінген жауапта.

Агенттіктің хабарлауынша, қазір Ақ­парат және қоғамдық даму министрлігі «Қазақстан Республикасының кейбір заң­намалық актілеріне мемлекеттік жас­тар саясаты мәселелері бойынша өзге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын әзірлеген. Онда казино, ойын автоматтары залдары, букмекерлік кеңселер мен тотализаторларда төлемдерді жүзеге асыруға немесе шоттарды кредиттік карталар арқылы толықтыруға тыйым салуды белгілеу бөлігінде «Ойын бизнесі туралы» заңға өзгерістер енгізу жоспарланған.

«Клиент құқығын шектей алмаймыз»

Jusan Bank мобильді қосымшасы­ның түрлі категориясында көрсетілген мыңнан астам серіктеспен ынтымақтастық орнатқан.

«Букмекерлік компанияларға түсе­тін транзакциялар үлесі биыл қаңтардан 30 маусымға дейінгі аралықта бүкіл транзак­ция­ның 0,6 пайызын құрады. Банк өз қызметін Қазақстан Республикасының банк қызметі және банктер туралы заңы аясында жүзеге асырады. Біз жауап­кер­ші­ліктің барлық деңгейін түсінеміз және букмекерлік кеңселерді танымал ету үшін ешқандай маркетингтік белсенділік жүр­гізбейміз. Банк әрқашан Қазақстан Рес­публикасының заңнамасын және реттеуші органдардың ресми талаптарын сақтайды. Заңнама немесе реттеуші органдардың талаптары шеңберінде шектеулер ен­гізіл­ген жағдайда банк өз жұмысының регламентіне тиісті өзгерістер енгізеді», делінген банк жауабында.

Олардың хабарлауынша, Jusan клиент­тері несие картасы және бөліп-төлеу картасы, яғни несие қаражаты есебінен ойын бизнесі үшін POS-терминал арқылы төлемдер жасай алмайды.

«Ойын бизнесі туралы» заңға сәйкес, жеке тұлға арнайы өтініш жіберу арқылы өзін белгілі бір мерзімге дейін бәс тігуден шектей алады. Мұндай құзіретті банк пен букмекерлік кеңсенің өзіне де беру қажет сияқты. Яғни клиент ұтылысының немесе бәс сомасының шекті мөлшерін белгілеп, сол мөлшерден асып кеткен кезде жеке тұлғаны ойындарға бәс тігуден автоматты түрде алып тастау. Кейін оның банктерде, микроқаржы ұйымдарында несиелерінің жабылғанына көз жеткізгеннен кейін барып, қайтадан рұқсат беру. Шамамен, осындай тәртіп жүйесін енгізуге не кедергі?

«Ұтыстардың максималды сомасын немесе клиенттің ұтыс тігуінің сомасын бел­гілеудегі шектеулерді және осы сомадан асып кеткен кезде жеке тұлғаны ойын­дарға ставка жасаудан автоматты түр­де алып тастауды ойын ұйымының өзі жү­зеге асыруы керек. Банк тарапынан қа­­зіргі уа­қытта бұл шектеуді енгізу мүм­кін емес, өйткені банк клиенттің әрекет бос­тан­дығын заңнамалық деңгейде шек­теу­­ге құқылы емес», дейді Jusan бас­шы­­лығы.

Шекті сома – 150 мың теңге

«Нұрбанк» АҚ-ның хабарлауынша, қаржы институты проблемалық несиелермен жұмыс істеу кезінде құмар ойын­дардың кесірінен төлем қабілетін жоғалт­қан қарыз алушыларды мақсатты түрде анықтамайды. 2022 жылдың маусымында «Нұрбанк» мобильді қосымшасы арқылы бук­мекерлік кеңселердің пайдасына жа­сал­ған төлем көлемі 3,6 млн теңгені құ­ра­ған.

«Біздің банк арқылы аталған бағытта төлем жасаған азаматтар белсенділігі жо­ға­ры емес. Бізде коммуналдық қызмет, м­о­бильді байланыс, интернет, кредит және займ, телевизия бойынша төлемдер танымал қызмет болып саналады. Қазіргі уақытта заңды букмекерлер қызметі Қазақстан Республикасының заңымен реттеледі және лицензия беріледі. Бук­мекерлік кеңселер мемлекеттік бақылауда және төлемдерге қатысты қаржы инс­титуттарымен өзара байланыста болады. Олар Мөлшерлемелерді есепке алу орталығының идентификациясынан өтуге міндетті», делінген банк мәлімдемесінде.

Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов сәуір айында тиісті орган­дарға ойынқұмарлық мәселесі бойынша бірқатар тапсырма берген еді. Со­ның ішінде интернет-казиноны ұйым­дастырушы тұлғалардың тізі­мін бел­гілеу; банктер мен төлем жүйе­леріне осы тұлғалардың қаржы операцияларын жүргізуге тыйым салу; несие карталарының көмегімен казиноларда, ойын автоматтары залдарында, букмекерлік кеңселерде және тотализаторларда төлемдерді жүзеге асыруға немесе шоттарды толықтыруға тыйым салу сияқты тапсырмалар бар еді. «Нұрбанк» аталған жоспарлар негізінде не Үкіметтен, не Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен тапсырма түскен жоқ деп хабарлады.

Home Credit Bank онлайн бизнес департаментінің директоры Станислав Тянның айтуынша, банк ойын бизнесіне ақша салу бойынша шекті сома мөлшерін белгілеген.

«Біз банктің клиенттері еліміздің заңнамасымен рұқсат етілген қызметтердің барлық түрін алуға толық құқығы бар деген қағидатты ұстанамыз. Сонымен қатар клиенттеріміздің қаржылық әл-ауқа­тын ойлаймыз. Сондықтан мобильді қосым­шада шектеулер бар: клиент «Бук­мекерлік кеңселер» категориясы бойынша айына 150 мың теңгеден астам сомада төлем жасай алмайды. Бұл шектеу қауіпсіздік деңгейін көтеру, сондай-ақ алаяқтық операциялар тәуекелін төмендету мақсатында жасалды. Қажет болған жағдайда алдын алу шараларын қолдану үшін мұндай операциялардың транзакция көлемін қадағалап отырамыз», дейді.

С.Тянның хабарлауынша, банк клиент­тері соңғы уақытта букмекерлік кеңсе шоттарына ақша салуды азайта бастаған.

«Биыл қаңтардан маусымға дейін Home Credit Bank мобильді қосымшасы арқылы букмекерлік кеңселерге жасалған төлемнің жалпы көлемі 2021 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12 пайызға қысқарды. Қазіргі кезде ондай компаниялар үшін жасалған төлем үлесі өте төмен және бүкіл транзакцияның небәрі 0,04 пайызын құрап отыр», дейді департамент басшысы.

350 мың ойынқұмар – жалған дерек

Букмекерлік және лотереялық бизнесті өздігімен реттейтін ұйымының хабарлауынша, елімізде 350 мың ойынқұмардың
10 млн теңге көлемінде орташа қарызы бар екенін растайтын нақты дәлел жоқ. Атал­ған цифрлар не белгілі ғылыми жұмыс, не беделді дерек көзі арқылы расталмаған.

«Егер көрсетілген статистикаға сеніп, лудомандар санын қарыздың орташа сомасына көбейтер болсақ, букмекерлік кеңселердің жылдық айналымынан он есе көп ауқымды сома шығар еді. Өкінішке қарай, ол статистика интернет арқылы жедел тарап, депутат, қоғам белсенділері және жур­налистер үшін әдепкі дерек көзіне айналып кетті. Статистиканы Мөл­шер­­лемелерді есепке алу орталығы да өз сайтына жариялады», делінген бізге ұсын­ған жауапта.

Ұйым басшылығының айтуынша, ұйым­ның міндеті – заңсыз ойын ресурс­та­рымен күресу, құмар ойындарға тәуел­діліктен зардап шегетін азаматтарға кө­мектесу және құмар ойындарының зиянын болдырмау. 2019 жылы ұйым Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесе отырып, 250-ден астам офшорлық және заңсыз ресурстарды бұғаттаған.

«2021 жылы біздің ұйым ойынға тәуелділікті емдеу үшін арнайы жеке клиникалармен ынтымақтастықты бас­тады. Сондай-ақ ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес саласында Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлескен іс-шараларды жүр­гізеді. Мұнда ұйым өз құзыреті ше­гінде ұйым мүшелерін және жалпы бәс тігушілер қауымдастығын бақылайды. Банктердің мобильді қосымшасы мен букмекерлердің бірлескен жұмысынан ешқандай проблема көрмейміз. Ойын бизнесінде заңсыз жұмыс істейтін ұйым­дар мен компаниялар бар – бұл ойын қыз­меттерінің заңсыз нарығының қалып­тасуына ықпал етеді. Букмекерлік кең­селердің банктік қосымшалармен тікелей жұмыс істеуі букмекерлік кеңселер жұмы­сы­ның ашықтығына ықпал етеді. Нарық­тың заңдылығы мен ашықтығы барлық қатысушының өз тұтынушылары алдында жауапты болатынын білдіреді», дейді.

Ұйым мәліметінше, жыл басынан­ бері бук­мекерлік қауымдастық 30 млрд тең­геден астам салық төлеген. Олар бук­мекерлік кеңселер қызметінің қарыштап дамуы отандық спорттың өрістеуіне жол ашып жатыр деген ой айтады:

«Заңсыз нарықтың төмендеуі лицензиясы бар букмекерлік кеңселердің кірісінің артуына алып келеді. Сондай-ақ букмекерлік кеңселер Қазақстандағы ең ірі футбол, хоккей, баскетбол, киберспорт командаларына, әртүрлі спорт түрі бо­йын­ша турнирлерге қаржылық демеушілік жа­сай­тынын атап өткен жөн. Осының бәрі балалар мен жасөспірімдер спортының дамуына, олардың халықаралық аренада сәтті өнер көрсетуіне ықпал етеді. Соңғы жылдары букмекерлік компаниялар ірі спорттық трансляцияларды сатып алып, оны телеарнаға ұсынып, халықтың жаһандық спорт мерекесін тамашалауына жағдай жасауда».

Олардың айтуынша, 2019 жылы бәс тігуге байланысты клиенттің өз-өзін шектеу тетігі енгізілді. Сондай-ақ букмекерлік қауымдастық халықаралық практикада кеңінен қолданылатын «ойын жауапкершілігі» инструменттерінің негізгі бөлігін қолдана бастаған.

Кредиті бар адам бәс тіге алмайды

Мақала басталғалы дымымызды құртқан осы әңгіме еді. Кредиті бар адамға бәс тігуге рұқсат етілмесін. Арнайы база арқылы оның ойындарға бәс тіккенін анықтау да қиындық тудырмаса керек. Адамның бәс тігіп, қирай ұтылып, сөйтіп, отбасын қиын жағдайға қалдырып, банк алдында да төлем қабілетінен жұрдай болуы қаржы институтына керек пе? Сондықтан банктер букмекерлік кеңселер шотын толықтыру тетіктеріне шекті мөлшер бекітуі немесе біржола тоқтатуы керек шығар?

Біздің сауалымызға жауап берген Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті мұндай талаптың жақын арада заңға енгізілуі мүмкін екенін хабарлады.

«Министрлік мүдделі органдармен бірлесіп, ағымдағы заң жобалау жұмыстары шеңберінде заңнамаға мыналарды көздейтін түзетулерді енгізу бағытында жұмыстар пысықталуда:

- Сот актісінің негізінде Қазақстан Республикасының аумағында қызметі заңсыз деп танылған ойын бизнесін шетелдік ұйымдастырушылардың арнайы тізбесін жүргізу бойынша Мәдениет және спорт министрлігінің құзыретіне енгізу;

- Қазақстанның банктері мен төлем жүйелеріне аталған тізбеде тұрған тұлға­лар­дың пайдасына қаржы операция­ларын жүргізуге тыйым салуды белгілеу;

- Бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пай­далана отырып жасалған интернет-кази­ноны ұйымдастырушылар үшін жауап­кер­шілік­ті белгілеу арқылы жүзеге асырылады.

Қазіргі уақытта, аталған түзетулер «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы (бұдан әрі – Заң жобасы) шеңберінде қарастырылып, Парламент Мәжілісінің қарауында жатыр.

Сонымен қатар Заң жобасы бойынша Мәжілістің жұмыс тобында, оның ішінде Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Қаржы нарығын реттеу және дамыту қауымдастығы, Қазақстан қаржыгерлері мен екінші деңгейлі банктердің (Kaspi Bank, Halyk Bank және т.б.) өкілдерінің қатысуымен казинода, ойын автоматтары залдарында, букмекерлік кеңселерде және тотализаторларда кредиттік карталар көмегімен төлемдерді жүзеге асыруға немесе шоттарды толықтыруға ты­йым салуды белгілеу бойынша бұрын ұсынылған түзетуді талқылау барысында мұндай норманы алып тастау туралы шешім қабылданып, кредиттер бойынша мерзімі едәуір мерзімі өткен берешегі бар қаржылық жағдайы қиын адамдарды құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуға жіберуге тыйым салуды көздейтін баламалы тетік ретінде ұсынылды», делінеді ведомство жауабында.

Сонымен қатар министрлік қазіргі уақытта букмекерлік кеңселердің жарнамасын шектеу мәселесін де қарастырып жатқандарын мәлімдеді.

Ешкім де даяр клиенттен айырылғысы келмейді. Сондықтан банктерді түсінеміз. Бірақ олар заң өзгерсе, біз де өзгереміз деп отыр. Букмекерлік қауымдастықтың пәрмені қатты екенін де сеземіз. Спортқа, трансляцияға демеушілік етіп отырған соң сөзі өтімді болады да. Таразының бір жағын өз қолымызбен басуға хақылы емеспіз. Бәрін нарық сүзгісі реттеуге тиіс. Бірақ «тоқпағы күшті болса, киіз қазықтың да жерге кірерін де» естен шығара алмаймыз.