Өздеріңізге мәлім, шартараптың көшбасшылары 2015 жылы Францияға жиналып, Париж келісіміне қол қойған болатын. Осы құжатқа сәйкес, әр ел өздерінде шығарылатын парникті газдар көлемін азайтуға тиіс. Егер алдағы 20-30 жылда жаһандық жылынумен белсенді күреспесе, әлем топан судың астында қалып, экологиялық апатқа тап болуы мүмкін. Сондықтан Еуропалық одақ климаттың өзгеруімен күрес мәселесінде алдыңғы орында көрінуді көздейді.
Мәселен, Еуропа қоршаған орта агенттігінің мәліметіне қарағанда, 2017 жылы Еуропа одағы елдері шығарған парниктік газдардың 27 пайызы көліктерге тиесілі. Соның ішінде 72 пайызы автокөліктерден келеді. Мұнымен күресу үшін Еуропалық комиссия Fit for 55 деп аталатын құжатты жариялады. Онда 2035 жылға дейін бензин және дизельмен жүретін автокөліктерді сатуға тыйым салу енгізілген. Бұл қадам электр көліктерінің дәуірлеуіне жол ашпақ.
Бірақ Еуропалық одақтың жанармаймен жүретін көліктерге салған тыйымы үлкен қиындыққа әкелуі ықтимал. Әсіресе Германия секілді негізгі индустриясы осы салаға бейімделген елдер үшін бұл бас ауыртар мәселеге айналды. Осыған байланысты қазіргі таңда Бундестагта үкімет жасақтаған коалицияның арасында түсініспеушілік туындады.
Естеріңізде болса, былтыр Германияда парламенттік сайлау өтті. Дауыс беру қорытындысы бойынша Социал демократтар (SPD) жеңіске жетті. Сөйтіп, олар «Жасылдар» және «Еркін демократтар» (FDP) партияларымен коалиция құрған еді. Келіссөздер кезінде бүгінгі мақалаға арқау болған көлік мәселесі де талқыға түсті.
«Жасылдар» Еуропалық комиссия ұсынған бастаманы толықтай қолдады. FDP балама жол ұсынып, жаңармалы энергиядан жасалатын синтетикалық отынды қолдануға басымдық беру қажет деген ұстанымын білдірді. Өкінішке қарай, мұндай синтетикалық отын қазіргі таңда жаппай өндірілмейді. Сондықтан оны коммерциялық мақсатта қолдану өте қиын.
Коалиция құру кезінде осыған байланысты ортақ уағдаластыққа қол жеткендей көрінген. Бірақ уақыт өте келе мәмілеге келу қиындап кетті. Үкіметтің негізгі мүшелері өткен аптада осы мәселеге қатысты бір-бірімен келісе алмады. Мәселен, Германияның Қаржы министрі және FDP жетекшісі Кристиан Линднер өткен аптада автокөлік өнеркәсібі жасаған қарқынды лоббиден кейін келісімнен бас тартуға дайын екенін мәлімдеді. Оның пайымдауынша, коалиция парникті газдар шығарылымын мүлдем жою жоспарын жүзеге асырса, көптеген адам жұмысынан айырылады.
Кристиан Линднер электронды отын секілді баламаларға рұқсат беретін өзгерістер енгізілмесе, келісімді бұғаттауға әзір екенін білдірді. Қаржы министрінің пікірінше, мұндай өзгеріс іштен жанатын қозғалтқышы бар көліктер өнеркәсібін сақтап қалуға көмектеседі.
Бірақ бұған қарсы жауап көп күттірген жоқ. Қоршаған ортаны қорғау министрі, «Жасылдар» партиясының өкілі Стеффи Лемке Берлинде сөйлеген сөзінде Линднерге жоспарынан бас тартып, федералды үкімет бұған дейін келісілген уағдаластықты ұстануы керек деп мәлімдеді.
Сондай-ақ Люксембургке барған сапарында Лемке Германия үкіметі 2035 жылға дейін кезең-кезеңімен жанармаймен жүретін көліктерден бас тартуға дайын екенін айтты. Дегенмен ресми Берлин елдегі автокөлік өнеркәсібіне көмірқышқыл газын шығармайтын отынмен жұмыс істейтін қозғалтқыштарға рұқсат етуді сұрап отыр. Қазіргі таңда мұндай жеңілдік тек жарыс автомобильдеріне, өрт сөндіру көліктеріне және көміртегі стандарттары туралы заңнамада қарастырылмаған басқа өнеркәсіптік көліктерге ғана қолданылады.
Лемкенің ұсынысына Линдер наразы. «Қоршаған орта министрінің мәлімдемесі таңғаларлық. Бұл келісімге сәйкес емес. 2035 жылдан кейін көмірқышқыл газын шығармайтын бүкіл қозғалтқышты қолдануға рұқсат етілуге тиіс», деп жазды ол туиттердегі парақшасында.
Жалпы, бүкіл Еуропада қазір автокөлік мәселесі күн тәртібінде тұр. Жұмыс күші арзан, инфрақұрылымы бар Чехия, Словакия секілді мемлекеттерге ірі көлік өндірушілер миллиардтап қаржы құйып келді. Бірнеше зауыт ашып тастады. Мысалы, Чехияда автоөнеркәсіп ішкі жалпы өнім көлемінің 10 пайызын құрайды. Шамамен жарты миллиондай адамды жұмыспен қамтып отыр. Словакияда бұл көрсеткіш 14 пайызға жеткен.
Еуропалық одақтың 2035 жылға таман іштен жанатын жағармай шығармау туралы бастамасы аталған елдерге оңайға соқпасы белгілі. Алда-жалда қарт құрлықтың тұрғындары біржола электр көліктеріне мінсе, авто индустрия саласындағы миллиондаған адам жұмыссыз қалуы мүмкін.
Чехия билігі жарты млн адамның тағдыры қыл үстінде тұрғанына қарамастан, электр көлігіне отыруға асығатын емес. Оның орнына Брюссельдің кез келген ұсынысына қарсы шығуға бейіл. Мәселен, былтыр желтоқсанда премьер-министр Петр Фиала үш күн бойы «Жасыл келісімге» қарсылық білдіріп тұрып алды.
Сарапшылардың айтуынша, Чехия, Словакия, Мажарстан мен Польша ертерек іске көшпесе, 2035 жылы қиын жағдайға тап келуі әбден ықтимал. Ірі көлік өндірушілер қажет емес деп тапқан зауыттарын жапқанда аталған елдерде жұмыссыздар саны күрт көбейеді.
Чехияның Өнеркәсіп және сауда министрлігінің өкілі электромобильдер парникті газ шығарылымын азайтудың жалғыз жолы емес екенін алға тартады. Оның орнына балама отынды пайдалануды жөн санайды. Әйтсе де, үкімет өндіріс иелеріне зиянды газ шығармайтын көліктер шығаруға көмек қолын созатынын уәде етті.
Қорыта айтқанда, автокөлік мәселесі Германия үшін де, Еуропалық одақ үшін де өте ауыр тақырып болып тұр. Бундес үкіметі Еуропалық одақ ұсынған бастаманы қаншалықты қолдайтыны алдағы уақытта нақты анықталады.
Еуропа елдеріндегі бұл қадам Қазақстан көлік нарығына қалай әсер етеді? Алда оған да көзіміз жетер. Әзірше 2035 жылға дейін ойлануға уақыт жеткілікті.