Спорт • 25 Шілде, 2022

Семсерлесушілер сенімді ақтамады

114 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мысырдың бас шаһары – Каирде бір аптаға жалғасқан семсерлесуден кезекті әлем чемпионаты мәресіне жетті. Дүние жүзінің ең үздік деген спортшылары бақ сынаған жаһандық додада қазақстандық спортшылар да жүлдеге таласып көр­ген еді. Өкінішке қарай, Африка құрлығына аттанған 15 спорт­шымыздың бірде-біреуі жүлдеге іліне алмай, қоржынымыз тағы да бос қайтты.

Семсерлесушілер сенімді ақтамады

Тағы да деп екпін түсіріп айтуы­мыздың себебі, тәуелсіздік алған жылдан бері әлем чемпио­нат­тарына қатысып келе жатқан Қазақстан құрамасы осы күнге дейін бір­де-бір мәрте жүлде ала алмай келеді. Жерлестеріміз биыл да сол «жетістіктерін» қайталап, Каирден жүлдесіз қайтты.

Дегенмен семсерлесушілері­міз Мысырда жүлдеге ілікпесе де, екі спортшымыз ширек финал­ға дейін жетіп, Қазақстан құра­ма­сының тарихи жетістігін тір­кеді. Бұған дейін ешбір спортшы­мыз іріктеу кезеңінен әріге аса алмай келген еді. Атап айтар бол­сақ, шпага сайысында бақ сына­ған 2013 жылғы жазғы Универ­сиа­да ойындарының күміс медаль иегері, Әлем кубогы мен бір­не­ше халықаралық жарыстың жүл­дегері Руслан Құрбанов әлем чемпионатындағы тұсаукесер кез­­десуінде германиялық Люк Белл­­маннан 15:12 есебімен басым түс­се, кейінгі айналымда Токио Олим­пиадасының қатысушысы қы­тайлық Лан Минхаоны (15:14), ширек финалда испаниялық Дже­рард Госнеллді (15:8) жарыс жолы­нан ығыстырды. Өкінішке қа­рай, жартылай финалға жолдама бере­тін бәсекеде жерлесіміз Токио Олим­пиадасының чемпионы, осы жа­рыс­тың болашақ жеңімпазы фран­­циялық Ромен Канноннан екі ұпай айырмашылығымен жеңіліп қалды – 15:13.

Ал екінші топта өнер көр­сет­кен Азия біріншілігінің жеңім­па­зы, Азия ойындарының жүл­де­гері Эльмир Әлімжанов бас­тап­қы бәсекелерде чехиялық Ми­хал Чупр (15:9) мен Хоссам әл Корсты (15:12) жеңсе, кейіннен 2019 жылғы әлем чемпионы, Токио
Олимпиадасының күміс жүлде­гері мажарстандық Гергей Шикло­шинен 15:9 есебімен айласын асырып, ширек финалға жолдама алған еді. Алайда жар­ты­лай финалда осы әлем бірінші­лігі­­нің болашақ қола жүлдегері бель­­гия­лық Нейссер Лойолаға есе жібер­ді – 15:8.

Ерлер арасындағы команда­лық жарыста сынға түскен Қазақ­стан құрамасы екінші айналымда Швециямен кездесіп, 43:39 есе­бімен жеңіліп қалды. Бұл сында Фран­ция құрамасының бағы жанып, әлем чемпионатының алтын жүл­десін жеңіп алды. Сондай-ақ ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей жарыстарда бақ сынаған өзге жерлестеріміз іріктеудің екін­ші айналымынан аса алған жоқ.

Бір аптаға жалғасқан әлем чем­пионатының жалпы­коман­да­лық есебінде 8 медаль (4 алтын, 2 күміс, 2 қола) олжалаған Фран­ция құрамасы топ жарды. Кейінгі орындарға Оңтүстік Корея (3 ал­тын) және Италия (2 алтын, 4 кү­міс, 2 қола) спортшылары жай­ғасты. Енді 2023 жылғы әлем чем­пио­натын Италияның Милан қаласы қабылдайды.