ATP 500 турнирі «Үлкен дулыға» санатына енетін төрт ірі жарыс пен ATP Masters 1000 додаларынан кейінгі үшінші деңгейдегі жарыс болып есептеледі. Елордадағы теннисшілердің маңызды сайысы 1-9 қазан аралығында Ұлттық теннис орталығының корттарында өтеді.
«АTP-дың Қазақстанға осындай деңгейдегі жарысты өткізуді сеніп тапсырғанына қуаныштымыз. Бұл – елімізде теннисті дамыту үшін әлемдік озық тәжірибені пайдаланудағы бағытымыздың дұрыстығын көрсетеді», деді Қазақстан теннис федерациясының президенті, Халықаралық теннис федерациясының (ITF) вице-президенті Болат Өтемұратов.
Тағы бір атап өтетін жайт, қазірдің өзінде Astana Open-ге әлемдегі ең үздік 10 теннисшінің қатарына кіретін бірқатар спортшы қатысуға ниет білдіріп отыр. Олардың қатарында әлемнің 1-ракеткасы, АҚШ ашық чемпионатының жеңімпазы ресейлік Даниил Медведев бар.