02 Мамыр, 2014

Алатаудан Альпіге дейін

337 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Отанға қауіп төнгенде қолына қару ұстап, жауға қарсы тұрған аталарымыз бен ағалары­мыздың ерліктері ешқашан ұмытылмайды. Олардың көпшілігі жан беріп, жан алысқан ұрыстарда қаза тапты. Ал аман-есен оралған­дары халық шаруашылы­ғы­ның түрлі саласында­ еңбек етті, ұрпақ тәрбиеледі. Партия-кеңес жұмыс­тарында басшы қызметтер атқарып, ұйымдастыру ісінің нағыз үлгісін көрсетті. Солардың алдыңғы легінде Заманбек Батталханов та жүрді. 003Майдандастар3 1943 жыл. 123 азаматтың бірі Талай отбасына қайғы-қасірет әкелген сұра­пыл соғыс басталғанда Заманбек Баттал­­­ханов­тың онжылдық мектепті жаңа бітіріп, шаруа­шы­лықтың бірінен кейін екіншісі жалғаса беретін жұмыстарына белсене араласып жүрген шағы еді. Өрімдей жастың албырттығы ма, әлде соғыс жөніндегі түсінігінің аздығы ма, ол тезірек әскер­ге шақырылып, майданға аттануды асыға күткен­дердің бірі болды. Ауылдағы өзі құралпы жігіттерді ұйымдастырып, әскери комиссариатқа Отан қорғауға жіберуді сұранған хат жазуға да ниеттенді. Аралықта бір айдай уақыт өткенде, шағын ғана ауыл – бұрынғы Ашаноқы, қазіргі Үлкен­диқаннан Әбдікерім Мұстапаев, Ақылбек Таш­кенбаев, Өмірзақ Бәкеев бастаған жиырмадан астам ер-азамат ел-жұртпен, туған-туыстарымен қоштасып, майдан даласын бетке алды. Орталарында іргелес ауыл Шонжыдан қосылған ел ағаларының бірі Тезекбай Дәркембаев бар. Бұрын «соғыс» деген суық сөзді естіп көрмеген ауылдың үлкен-кішісі түгел жиналып, жылап-сықтап, оларды майданға шығарып салды. Осылайша бір үйдің тірегі, отбасының ұйытқысы болған азаматтар бірінен соң бірі соғысқа аттанып жатты. Ал Заманбек Батталхановқа кезек 1942 жылдың аяз қысқан қаңтар айында келді. Ол жан беріп, жан алысқан ұрысқа бірден кіре қойған жоқ. Алдымен Алматыда орналасқан 118-полкке түсті. Мұнда бір айға жуық әскери дайындықта болып, таңертеңнен кешке дейін жаттығуларға қатысты. Соғыс қимылдарының сәл де болса әдіс-тәсілдерін үйренді. Әскери жаттығулар негізінен Алматы қаласы мен Тастақ арасындағы жазық далада өтетін. Бір күні өзімен бірге бір ротадағы алматылық жауынгер Сағындық Есжанов ағасы сол жазық даланың Алматы жағындағы төбені нұсқап: «Анау, сендердің аталарың Райымбек батырдың зираты. Ретін тауып, зиярат етіп қайт. Батыр әруағы майданда қорғап жүрер», – деді. Үзіліс кезінде батыр бабаның зиратына барып, тәу етті. Өзі білетін қасиетті Құран аятын іштей қайталап, зират басында біраз аялдады. Өне бойы жеңілдеп, өзін сергек сезінгендей болды. Республика орталығы – Алматы маңындағы әскери оқу-жаттығулар аяқталып, майдан даласына жол тартатын уақыт та таянды. Сөйтіп, олар наурыз айының басында бауыр басып қалған Алматымен қимай қоштасып, пойызға отырды. Қайда, қайсы майданға бағыт алғандарын жауынгерлер білмейді, әскери құпия. Олар мінген эшалон бірде тоқтап, бірде жүріп, бір ай шамасында межелі жерге жетті-ау, ақыры. Бұл Курск мен Орлов қалаларының ортасында орын тепкен Ленин ордені 1-гвардиялық атқыштар дивизиясы болатын. Заманбек Батталханов осы дивизияның екінші атқыштар полкіне қарасты автоматшылар батальоны құрамында жауапкершілік пен қиындықтарға толы майдан жолын бастаған еді. Дивизия Батыс майданына қарайтын, оның қолбасшысы Азамат соғысының батыры, екінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі бес маршалдың бірі Буденный болатын. Алғашқы жауынгерлік тапсырма Аты естіле қалса, денең түршігетін соғыстың не екенін жауынгер Батталханов алғаш рет 1942 жылдың мамыр айында көрді. Әскери дайындықтан өткен олардың батальонына Орлов қаласының жақын маңындағы Березовка деревньясына орналасқан жаудың бекінісіне шабуыл жасап, деревньяны фашистерден азат ету жүктеледі. Батальондағылардың көпшілігі соғыс кезінде жиі ұшырасатын шабуылдарға алғаш рет қатысқалы тұрған жауынгерлер еді. Сондай-ақ, бұл оларға жүктелген алғашқы жауынгерлік тапсырма болатын. Алғашқы шайқас пен ұрыс кез келген жау­ынгерге сын әрі сынақ. Жау бекінісі осал емес екен. Шабуылға шыққан бұларды қарша бораған оқтың астына алып, бірнеше сағатқа дейін алға жылжытпай қояды. Полктің екінші батальоны солтүстік жақтан келіп қусырғанда, фашистердің назары соларға қарай ауа бастайды. Осыны күтіп жатқан жауынгерлер дүркін-дүркін шабуылға шыға отырып, алға жылжи береді. Екі жақтан қыспаққа алудың нәтижесінде фашис­тер бекіністі ғана емес, Березовка елді мекенін де тастап кетуге мәжбүр болады. Осылайша, қатарында Батталханов бар автоматшылар батальоны алғашқы жауынгерлік тапсырманы ойдағыдай орындап, сыннан сүрінбей өтеді. Жасыратыны жоқ, соғыстың алғашқы жылдарында Кеңес әскерлерінің неміс басқыншыларына қарсы тұруы аса қиын болды. Солай бола тұрса да, олар небір шайқастарда, қиян-кескі ұрыстарда ерліктің нағыз үлгісін көрсете білді. Бірде полк басшылығы жаудың барлаушылары әрекет етуде деген хабар алады. Оларды алдыңғы шепке өткізбей, жолын бөгеу және «тіл» алып келу операциясын жүзеге асыру Батталханов, Смирнов, Коваленкоға тапсырылады. Бұлар неміс барлаушылары өтеді-ау деген жерді межелеп, бітік өскен астық алқабы ішімен жер бауырлап келе жатқан. Жау барлаушылары байқап қалып, оқ жаудыра бастайды. Бұлар да қарсы оқ атады. Бірнеше сағатқа созылған ұрыста қарсылық таныта алмаған неміс барлау­шылары жараланған адамын тастап, орманға бой тасалап үлгереді. Жаралы немісті қолға түсіріп, кері қайтып келе жатқанда, егістік алқабынан жаны қиналған адам үні естіледі. Ол фашистердің ұшақтан тастаған жалған парақшаларына сеніп, жау жағына өтіп кеткен Кеңес әскері екен. Оны да өздерімен бірге арқалап ала кетеді. Осы ерліктері үшін Батталханов «Қызыл жұлдыз» Коваленко «Жауынгерлік Қызыл ту» ордендерімен, ал Смирнов «Даңқ» медалімен наградталды. Бұл қатардағы жауынгер Батталхановтың соғыстағы алғашқы наградасы еді. Заманбек Батталхановтың бұдан кейінгі жауынгерлік жолы Сталинград майданында, Еділ және Днепр өзендерінің бойында жалғасты. Талай қиян-кескі ұрыстардың белортасында жүрді, Кеңес әскерлерінің небір ерлік істеріне куә болды. Солардың бірі – Астахово селосын жаудан азат ету үшін болған ұрыс еді. Онда ол «Т-34» танкісінің механик-жүргізушісі болатын. Бронды соғыс техникалары мен жаяу әскерлер қатысқан шабуылда, әсіресе, немістер едәуір шығынға ұшырап, ондаған танкісінен айырылды. Полк танкистері мен жаяу әскерлердің көрсеткен ерліктерінің арқасында село жаудан толық тазартылып, 100-ден астам фашист қолға түсті. Батталханов қызмет ететін гвардиялық танк полкінің алдында енді Еділ өзенінен өту міндеті тұрды. Бұл оларға жеңіл бола қойған жоқ. Себебі, өзеннің арғы жағындағы немістердің қорғанысы мықты болып, бұларды өзенге жақындатпады. Алма-кезек атыс бір аптадай уақытқа созылды. Қаһарлы «Катюша» араласқаннан кейін ғана фашистер кейін шегінуге мәжбүр болды.  «Қазақ болса, есікті аш!» Соғыста күтпеген жағдайлар да бола береді. 1943 жылдың қаһарлы қаңтар айы еді. Ростов облысының Светичь деген селосын жаудан азат еткеннен соң, полктің сол жерде біраз аялдауына тура келеді. Село тұрғындары өздерін құтқарған жауынгерлерді құшақ жая қарсы алып, қонақ етеді. Ал Батталхановтардың взводы елді мекенге қараңғы түсе келген еді. Қақаған аязда танктің ішінде ұйықтау, демалу мүмкін емес. Экипаж мүшелері жатын орын іздеп, үй-үйді аралай бастайды. Терезелерін іштен тұмшалап тастаған, жарық сәуле сыртқа түспейді. Өстіп келе жатқандарында шағындау үйдің бір терезесінен түсіп тұрған иненің жасуындай жарықты байқайды. Заманбек батылдық танытып, терезе әйнегін тықылдатады. «Апа, біреу терезені қағып тұр», – деген қазақша сөз естіледі іштен. Не өңі, не түсі екенін білмей, сәл абдырап қалған бұл тез есін жиып: «Мен қазақ жауынгерімін!», – дейді. «Мен қазақпын, деп жатыр» деген сөз шығады артынша. «Қазақ болса, есікті аш!». Үйде егде тартқан әжей, келіні және бойжеткен қызы – үшеуі тұрады екен. Көпті көрген әже өзінің балалары келгендей қуанады. Жауынгерлердің беттерінен сүйіп, бәйек болады. «Менің балаларым да сендер сияқты суыққа тоңып жүрген шығар» деп көзіне жас алады. Қазақ қай қиырда жүрсе де, қанына сіңген кеңпейіл дархандығынан ажырамаған ғой. Төртеуі ұйқыларын қандырып, төсек­терінен тұрса, киімдерін жақсылап жуып, үтік­теп те қойыпты. Ет асып, бауырсақ пісіріп, ша­йын қайнатып, бұлардың оянуын күтіп отырыпты. Бұл қазақ отбасының осы жерге қалай тап болғанына дастарқан басында қанықты. Светичь селосында 60-тай қазақ отбасы тұрады екен. Барлығы ашаршылық жылдары Батыс Қазақстан мен Астрахань облыстарынан амалсыз қоныс аударыпты. Селоны немістер басып алғанда, Күлән апай келіні мен қызын үйдің жертөлесінде жарты жылдай жасырып ұстапты. Апайдың екі ұлы соғыста, солар аман-есен келсе, арманы елге көшу екендігін көзіне жас ала отырып баяндап береді. Ал Заманбек Батталхановтың қарулас достары қарапайым қазақ отбасының өздеріне көрсеткен осынау дархан көңілін, ыстық ықыласын көпке дейін ауыздарынан тастамай айтып жүрді. Ашаноқы ауылынан аттанған азаматты сұрапыл соғыс қимылдары әбден шынықтырды, майдан даласы шыңдады, қиындықты жеңуге үйретті. Оның әскери керзі етігінің, ол жүргізген шынжыр табанды танкінің іздері Днепр өзенінің қос жағалауына, Киев қаласының маңына, Югославия, Венгрия, Австрия жерлеріне де түсті. Сол жерлерде болған аса ауқымды ұрыстардың көпшілігіне қатысып, Жеңісті жақындатуға өзіндік үлес қосты. Өліммен бетпе-бет келген кездері де болды. Ол 1943 жылдың соңғы күндерінің бірі еді. Полтава түбіндегі ұрыс кезінде олардың танкісінің жанына жау ұшағы тастаған бомба жарылып, танк отқа оранады. Жарылыс толқынының қатты болғаны соншалық, экипаж мүшелері бір сәт естерінен танып қалады. Алдымен есін жинаған Заманбек жарақаттанса да, бетті қарыған отқа қарамай, экипаж мүшелеріне көмекке ұмтылады. Көретін күндері бар екен, бірін-бірі сүйемелдеп, демеп танктен шығып үлгереді. Батталхановтың бір жарым айдай госпитальда жатып емделуіне тура келеді. Ұйымдастырушылық қабілет-қарымымен танылған, жігерлі әскери маман-кадрлар соғыс өрті өршіп тұрған кезде аса қажет еді. 1944 жылдың наурызында дивизиядағы полк­терден 18 жауынгер штабқа шақырылады, солардың бірі – Батталханов болатын. Іріктеп алынған сайдың тасындай жауынгерлер Глухов қаласындағы артиллериялық әскери училищеге оқуға жіберіледі. Сөйтіп, арада бес айға жуық уақыт өткенде, Заманбек Батталханов лейтенант шенімен, өзі қызмет еткен полк құрамындағы артиллерия батальонына өздігінен жүретін артиллериялық машинаның командирі болып оралады. Сөйтіп, ол Батыс Украина, Венгрия, Югославия және Балкандағы мемлекеттердің қалалары мен елді мекендерін жау әскерлерінен азат ету үшін болған ұрыстарға қатысады. Бұрынғы Ашаноқы, қазіргі Үлкендиқан ауылының алғыр азаматы Жеңісті Австрия жерінде, Альпі тауының етегінде қарсы алады. Сұрапыл соғыс жылдарында көршілес екі ауыл – Үлкендиқан мен Кішідиқаннан 123 азамат майданға аттанған екен. Солардың 80-і соғыстан оралмады. Олардың ішінде Заманбектің әкесі – Батталхан мен туған інісі Болысбек те бар.  Соғыстан соң... Қауіп-қатерге толы мыңдаған шақырым майдан жолын жаяу жүріп өткен, от кешіп, ажал сепкен оққа қарсы кеудесін тосқан майдангерлер елге аман-есен оралған соң, еңбекке белсене араласты. Жоғары білім алып, еліміздің экономикасын дамытуға үлес қосты. Солардың алдыңғы шебінде Заманбек аға Батталханов та жүрді. Абай атындағы педогогикалық институтты бітірген соң, ол өзінің қызмет жолын оқу-ағарту саласында бастады. Талапшыл, өз ісіне берік, жауапкершілікті жете сезінетін жан қай салаға болсын қажет қой. Бірер жыл өткеннен кейін ол партия-ке­ңес жұмыстарындағы басшылық қызметке шақы­рылады. Алдымен Ұйғыр, Панфилов, Талғар және Іле аудандық атқару комитеттерінің төр­ағасы қызметтерін абыроймен атқарды. Кейін, яғни зейнеткерлікке шыққанға дейінгі 12 жыл бойы Алматы облысының Іле ауданына бас­шылық жасады. Осы жылдар ішінде Іле ауданы­ның әлеуметтік-экономикалық, мәдени-тұрмыс­тық жағдайы өсіп-өркендеді. Өндіріс орындары салынып, елді мекендерде мектептер мен бала­бақшалар пайдалануға берілді, мәдениет үйле­рі бой көтерді. Ауыл шаруашылығы саласына ерекше назар аударылып, егіс алқаптары­ның көлемі еселеп артты, мал саны көбейтілді. Білік­ті маман-кадрлар өсіп-жетілді. Олардың бірқа­та­ры қазіргі кезде де басшылық қызметтер атқа­рып жүр. Соғыс және еңбек ардагері, ел қадірлісі Заманбек ағамен амандасуға жиірек баратын көп адамдардың бірі өзім едім. Ол кезде ағамыз Алматы облыстық ақсақалдар кеңісінің төрағасы болатын. «Соғыстан Алматыға оралған күннің ертеңінде Сағындық Есжанов екеуміз Райымбек батырдың зиратына арнайы барып, тәу етіп, дұға оқыған едік, – деген еді Заманбек аға бір барғанымда өткенді еске алып. – Бабамыздың сол зиратының орнына үлкен кесене салынды. Батырды мәңгі есте қалдыру үшін ескерткіш те тұрғызылды. Осы игілікті істердің басы-қасында жүргенімді, оның ұйымдастырушысы болғанымды мақтаныш етемін». Заманбек аға Батталхановтың ұзақ жылдар­дағы еселі еңбегі, төккен тері кезінде жоғары бағаланды. Ол Ленин, Октябрь Революциясы, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы, «Құрмет белгісі» және егемен еліміздің «Отан» орден­дерімен наградталды. Сондай-ақ, республика Жоғарғы Кеңесіне екі мәрте депутат болып сайланып, көпшілік сенімінен шыға білді. «Еліміз тәуелсіздігін алған сәтті естіген кезде, ерекше қуанған адамдардың бірімін, – деген еді қайтыс боларының алдында абзал ағамыз. – Жыл өткен сайын еліміздің экономикасы еселеп арта түсуде. Қазақстанды әлем таныды. Мұны Елбасының салиқалы саясатының арқасы деп білемін. Біз соғысты көрдік, оқ пен оттың ортасында жүрдік. Ондай зұлматты енді ешкім көрмесін, ешкімнің басына бермесін». Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ. Суретте: майданнан сәлем (сол жақта З.Батталханов).