Қоғам • 25 Шілде, 2022

Орталық Азия елдерінің басшылары достық туралы келісімге қол қойды

438 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Орталық Азия елдері қабылдаған келісімнің тарихи маңыздылығын мәлімдеген еді. Сол құжаттың толық мәтіні нормативтік-құқықтық актілер сайтында жарияланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Орталық Азия елдерінің басшылары достық туралы келісімге қол қойды

«Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы арасындағы XXI ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа қол қою туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығының жобасы «Әділет» АҚЖ сайтында жарияланған.

Құжатқа сәйкес, Орталық Азия елдері мынадай уағда жасасқан:

Уағдаласушы Тараптар өз қарым-қатынастарын өзара құрмет, теңдік, өзара түсіністік және бір-бірінің мүдделерін жан-жақты ескеру негізінде құрады. Уағдаласушы Тараптар өңірдегі берік бейбітшілікті қамтамасыз ету және Орталық Азия мемлекеттерінің орнықты және үдемелі дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында өздерінің күш-жігерін жұмылдыруға ниеттенеді.

Уағдаласушы Тараптар өзара қарым-қатынастарын мемлекеттік егемендікті, аумақтық тұтастықты және шекаралардың мызғымастығын өзара құрметтеу, ішкі істерге араласпау және дауларды бейбіт жолмен реттеу, күш қолданбау немесе күш қолдану қатерін төндірмеу, өзара тиімділік және бейбіт қатар өмір сүру, адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарын сақтау, халықаралық міндеттемелерді адал орындау қағидаттарын басшылыққа ала отырып, сенім, стратегиялық әріптестікті және көпжоспарлы ынтымақтастықты орнату мен нығайтуға ұмтылу, сондай-ақ халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған басқа да қағидаттары мен нормалары негізінде дамытады.

Уағдаласушы Тараптар әрбір Уағдаласушы Тараптарың таңдап алған саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени даму жолдарын өзара құрметтейді.

Уағдаласушы Тараптар Орталық Азиядағы бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту мақсатында тығыз өзара іс-қимыл жасайды, оның ішінде өзара мүдделілікті білдіретін өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша бесжақты консультацияларды тұрақты негізде жүзеге асырады.

Уағдаласушы Тараптар тең құқықты сенімді әріптестікті және стратегиялық өзара іс-қимылды кеңейту мақсатында Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесулері форматының тиімділігін арттыруға ықпал етеді, қолданыстағы бесжақты өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіреді, сондай-ақ қажет болған кезде өзге де консультативтік-кеңесші органдар мен мемлекетаралық құрылымдарды құрады.

Уағдаласушы Тараптар өздерінің тәуелсіздігіне, егемендігіне және аумақтық тұтастығына қауіп-қатерді болғызбау мәселелерінде бір-біріне жан-жақты қолдау және өзара көмек көрсетеді. Уағдаласушы Тараптардың бірінің қауіпсіздігіне, егемендігіне және аумақтық тұтастығына қатер төндіретін ахуал туындаған жағдайда, туындаған қатердің тиімді алдын алуға ықпал ететін шараларды айқындау мақсатында екіжақты форматта да, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесулері шеңберінде де тиісті консультациялар өткізілуі мүмкін.

Уағдаласушы Тараптар өзара мемлекетаралық қатынастарда күш қолданудан немесе күш қолдану қатерін төндіруден тартынуға нық бейілділігін растайды, Уағдаласушы Тараптарға қарсы бағытталған мемлекеттердің әскери одақтарына, блоктарына не өзге де бірлестіктеріне кірмеуге, сондай-ақ Уағдаласушы Тараптардың кез келгеніне қарсы бағытталған іс-қимылдарға қатыспауға міндеттенеді. Даулы мәселелер туындаған жағдайда Уағдаласушы Тараптар оларды өзара құрмет пен өзара түсіністік рухында тек қана диалог шеңберіндегі бейбіт дипломатиялық жолмен, оның ішінде қажет болған жағдайда өзара іс-қимылдың тиісті тетіктерін құру арқылы шешеді. Уағдаласушы Тараптар үшінші мемлекеттердің өз аумақтарын, коммуникация жүйелерін және басқа да инфрақұрылымын қандай да бір басқа Уағдаласушы Тараптың мемлекеттік егемендігіне, қауіпсіздігіне, тұрақтылығына, конституциялық құрылысына және аумақтық тұтастығына нұқсан келтіре отырып пайдалануына жол бермеуге міндеттенеді.

Уағдаласушы Тараптар Орталық Азияда бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған өзара іс-қимылды жүзеге асырады. Уағдаласушы Тараптар өзара мүддені білдіретін мәселелер бойынша әскери және әскери-техникалық салалардағы ынтымақтастықты дамытады.

Уағдаласушы Тараптар Біріккен Ұлттар Ұйымында белсенді өзара іс-қимыл жасайды, БҰҰ-ның неғұрлым беделді және әмбебап халықаралық ұйым ретіндегі орталық рөлін нығайтуға күш салады. Уағдаласушы Тараптар басқа халықаралық және өңірлік ұйымдар шеңберіндегі ынтымақтастықты кеңейтеді, өздерінің мүдделерін қозғайтын мәселелерді қарау кезінде бір-біріне қолдау көрсетеді және қажет болған кезде халықаралық жағдайдың өзекті мәселелері бойынша өз ұстанымдарын келісу үшін консультациялар өткізеді, сондай-ақ Орталық Азияда бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту мәселелерінде бірыңғай келісілген ұстанымдармен шығады.

Уағдаласушы Тараптар жаппай қырып-жою қаруын таратпау, Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақты одан әрі нығайту саласындағы ынтымақтастықты күшейтеді, ядролық қарусыздану процестеріне белсенді жәрдемдеседі, жаппай қырып-жою қаруының барлық түрлері таралуының алдын алу жөніндегі шараларды жүзеге асырады.

Уағдаласушы Тараптар өздерінің ұлттық заңнамаларына және халықаралық міндеттемелерге сәйкес терроризмді, экстремизмді және сепаратизмді, трансұлттық ұйымдасқан қылмысты, киберқылмысты, заңсыз көші-қонды, адам саудасын, қарудың, есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымын қоса алғанда, қауіпсіздіктің жаңа сын-тегеуріндері мен қатерлеріне қарсы іс-қимылдағы ынтымақтастықты кеңейтеді және тереңдетеді. Уағдаласушы Тараптар терроризм мен экстремизм идеологиясының, ең алдымен жастар арасында таралуына қарсы іс-қимыл жасау үшін күш салады және діни төзбеушіліктің, ксенофобияның және этностық кемсітушіліктің профилактикасы бойынша жұмыс жүргізеді.

Еске сала кетейік, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кездесуі 21 шілдеде Шолпан-Атада өткен болатын.

Шараға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан басшылары қатысты. Іс-шара барысында Тоқаев, атап айтқанда, Қазақстан Орталық Азия мемлекеттерінің шекараларын делимитациялау мәселелерін шешуге жан-жақты көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.