Спорт • 26 Шілде, 2022

«Тур де Франс-2022»: Межелі мақсат орындалды

247 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Үш аптаға жалғасқан велоспортшылар арасындағы ең беделді жарыс – «Тур де Франс-2022» Гранд-туры мәресіне жетті. Данияның бас шаһары – Копенгагеннен бастау алған биылғы додада Jumbo-Visma велокомандасының намысын қорғайтын 25 жастағы даниялық Йонас Вингегордың бақ жұлдызы жанды. Ал қазақстандық Astana Qazaqstan велоклубының капитаны Алексей Луценко жалпы есепте тоғызыншы орынға табан тіреді.

«Тур де Франс-2022»: Межелі мақсат орындалды

Велоспортшылар арасындағы бейресми әлем чемпионаты саналатын биылғы «Тур де Франс» бәсекесі алдында Astana Qazaqstan Team велокомандасының бас менеджері Александр Винокуров «Басты мақсат – кемінде жарыстың бір кезеңінде жеңіске жету және Алексей Луценконың жалпы есепте ТОП-10 велоспортшының қатарына қосылуы», деген болатын. «Астана» велоспортшылары басшылықтың жеке кезеңдерде топ жару мақсатын орындай алмаса да, Алексей Луценко үздіктер қатарынан көрініп, сенімді ақтады.

Жарыстың алғашқы 10 кезеңінде қалың топтың ортасында жүрген қазақстандық велошабандоз 11-ке­зеңнен кейін ғана белсенділігін арттырды. Мәселен, 11-кезеңде отандасымыз мәреге сегізінші келіп, жалпы есепте тоғызыншы орынға бір-ақ жоғарылады. Алайда кейінгі бес кезеңде қарқынын бәсеңдетіп алған А.Луценко ТОП-10 спортшының қатар­ынан шығып қалды. Ал 16-17-кезеңдерде жерлесіміз қайтадан ша­буылға шығып, мәреге бесінші және алтыншы болып жетті. Осы нәтижесінен кейін ол қайтадан алдыңғы лектен көрінді. Жарыстың соңғы кезеңдеріне дейін қарқынын бір сәтке де бәсеңдетпеген Алексей осылайша жылдың ең маңызды Гранд-турын тоғызыншы орынмен түйіндеді.

Әрине «Тур де Франстың» төрт же­ңімпазын шығарған «Астана» сияқты Еуропадағы даңқты команданың бірде-бір өкілі кезең жеңімпазы атана алмағаны өкінішті. Бірақ биылғы бәсекеге қазақстандық команда негізгі велоспортшыларының жарақатына байланысты мұндай ірі додаларда аса тәжірибесі жоқ спортшыларға сенім артуға мәжбүр болды. Сондықтан Алексей Луценконың үздік 10 велошабандоздың қатарынан көрінуінің өзі дәл қазіргі жағдайда тәуір көрсеткіш деп есептейміз. Егер Луценкоға Винченцо Нибали, Мигель Анхель Лопес секілді тісқаққан тәжірибелі спортшылар көмектескенде, бәлкім нәтиже бұдан да жақсы болар ма еді, кім білсін?

Сөйтіп, биылғы «Тур де Франста» осы жарыстың кейінгі екі жылдағы жеңімпазы словениялық Тадей Погачарды (UAE Team Emirates) тұғырдан тайдырған даниялық Йонас Вингегор (Jumbo-Visma) топ жарды. Екінші орынды Тадей Погачар иеленсе, үздік үштікті 2018 жылғы жеңімпаз британиялық Герайнт Томас (Ineos Grenadiers) түйіндеді.

Жекелей аталымдарға тоқталар болсақ, спринтерлер бәсекесінде үздік шыққан бельгиялық Ваут Ван Арт (Jumbo-Visma) жасыл жейдеге ие болса, таулы кезеңдердің короліне тиесілі шақпақ жейдені Йонас Вингегор киді. Ал ең үздік жас велошабандозға берілетін ақ жейде Тадей Погачарға бұйырды. Командалық есепте британиялық Ineos Grenadiers үздік шықса, «Астана» велоклубы 22 команданың ішінен 10-орынға жайғасты.