Қор басшысының орынбасары Ләззат Шыңғысбаеваның айтуынша, осы күнге дейін қазақстандықтардан 40 мың өтініш келіп түсіпті. Оның 30 пайызы – халықтың жеке сұраныстары. Яғни азаматтар сайт арқылы хабарласып, азық-түлік себетімен тұрақты қамтамасыз етіп тұруды, несиесін жабуды, баспана салып беруді сұрап өтініш қалдырған. Қор басшысының орынбасары қоғамдық қайырымдылық ұйымы ондай жеке өтініштермен айналыспайтынын жеткізді. Еліміздің басты қайырымдылық қорының өкілімен кездесуде Шымкенттің үкіметтік емес ұйым өкілдері ұсыныстарын білдіріп, бірқатар бағытта көмек сұрады. Мысалы, аутизммен ауыратын балаларды оңалту мекемесіне материалдық көмек қажеттігі айтылды. Қазіргі таңда Шымкентте мыңнан астам бала аутизммен ауырады. Өкінішке қарай, олардың саны жылдан-жылға өсіп барады. Ал қалада аутизм синдромына шалдыққан балаларға оңалту қызметін көрсететін орталықтар сұраныстың аз ғана бөлігін қамтып отыр. Қоғамдық бірлестік өкілдерінің айтуына қарағанда, мұндай балалармен айналысатын ұйымдар қалада өте аз, екіншіден, әкімдік нақты ешқандай іс-әрекет жасап жатқан жоқ. Бар ауыртпалықты ата-аналардың өздері көтеруге мәжбүр. Сосын 18 жастан асқан мүгедектігі бар балаларды оңалту мекемелерінен Шымкентте жекеменшік біреуі ғана жұмыс істеп тұр. Мүмкіндігі шектеулі бала 18-ге толған соң бар тағдыры өзіне тапсырылады немесе әке-шешесінің иығына түседі. Сондықтан үкіметтік емес ұйым өкілдері осындай орталықтардың көбірек ашылуына көмек қолын созса деген тілегін жеткізді. ЭКО – жасанды ұрықтандыруға қатысты да қордан көмек сұралды. Статистикаға сүйенсек, Шымкентте ЭКО қажет ететін 400 әйелдің 30-ына ғана балалы болу бұйырыпты. Сонда небәрі 9-ақ пайыз келіншек квота бойынша жасанды жолмен бала көтерген.
Тамыз айында «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен үкіметтік емес ұйымдар арасында үлкен жиын өтеді. Қыркүйек айында қорға байланысты ауқымды жиын, яғни конференция ұйымдастырылмақ. Соның нәтижесіне қарай қайырымдылық ұйымның жаңа жұмыс істеу ережесі мен тұжырымдамасы бекітіледі. Конференцияның негізгі міндеті – ұлттық қайырымдылықты дамыту мәселелері бойынша мемлекет, бизнес және ҮЕҰ арасында диалог алаңын құру, тәжірибе, ақпарат және идеялар алмасу. Инновациялық әдістерді зерттеу және талқылау, ашылмаған мәселелерді және прогрессивті шешімдерді іздеу, қайырымдылық саласында болашаққа ортақ міндеттер қою да конференцияның басты тақырыбына айналмақ.
Әнуар ЖҰМАШБАЕВ,
«Egemen Qazaqstan»
ШЫМКЕНТ