Қоғам • 26 Шілде, 2022

Алматы әуежайында төбелестің соңы атысқа ұласты

344 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы әуежайының автотұрағында алкогольді ішімдікке масайған үш ер адам төбелес шығарды. Кейін олардың бірі шыны бөтелкені сындырып, полицейлерге қарай шабуылдағаны анықталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматы әуежайында төбелестің соңы атысқа ұласты

Төбелестің видеосы әлеуметтік желіде тарап жатыр.

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, 26 шілдеде түнгі сағат бір шамасында Алматы Халықаралық әуежайы аумағындағы туристік полиция бекетінің құрамындағы полиция қызметкерлеріне ер адам келіп, көлік тұрағында төбелес болып жатқанын айтқан.

«Ақпарат расталды, анықталғанындай ішімдік ішкен үш ер адам төбелес шығарды. Олар полиция қызметкерлерінің талабына агрессиямен жауап берді. Төбелесушілердің бірі, бұрын сотталған 1994 жылы туған У. есімді азамат сыраның шыны бөтелкесін сындырып, полицейге қарай жүгіріп, оны соққыға жықпақ болды. Ауыр қылмыстың жолын кескен тәртіп сақшысы қызметтік қаруынан аспанға ескерту оқ атты», деп хабарлады қалалық полициядан.

Нәтижесінде төбелеске қатысушылар ұсталды. Олар - Алматы және Түркістан облыстарының тұрғындары. Екеуі - адам тонағаны және бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін бұрын сотты болған.

«Олардың әрекеті ҚК-нің 293-бабы 2-бөлігі – бұзақылықпен сараланып, қамауға алынды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», деп атап өтті ведомстводан.

Сонымен қатар қызметтік қаруды қолдану дерегі бойынша тексеру тағайындалды.