Қоғам • 26 Шілде, 2022

Қазақстанда электрсамокаттарға қатысты жаңа шектеу енгізіледі

153 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұратәлиев онлайн брифинг барысында мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда электрсамокаттарға қатысты жаңа шектеу енгізіледі

«Бұл мәселе бірінші жыл талқыланып отырған жоқ. Бұл Алматы халқының көбі электросамокаттарды белсенді пайдалана бастаған кезден туындады. Біз мәселені үш жыл талқылай келе, заңнамалық негізде өзгерістер енгізуді, электросамокаттарға қойылатын стандарттарды бекіту шешімін қабалдадық. Стандарттар қабылданғаннан кейін жол қозғалысы туралы заңға, жол қозғалысы ережелеріне және Әкімшілік кодекске өзгерістер енгізетін боламыз», деді Жандос Мұратәлиев.

Оның айтуынша, бекітілген стандартта самокаттарды сертификаттау және олардың қозғалысын реттеу шаралары көрсетілген.

«Болашақта «Жол қозғалысы туралы» Заңда біз электросамокаттың жүргізушісі кім екенін, оның қандай құқықтары бар екенін көрсетеміз. Бұл нормалар басқа мемлекеттік органдармен және жұртшылықпен талқыланатын болады. Осы стандартты қабылдау кезінде урбанистердің, блогерлердің, жұртшылықтың пікірлері ескерілді», деп атап өтті Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары.

Айтуынша, электросамокаттарды басқару үшін жүргізуші куәлігі талап етілмейді. Алайда, міндетті шарт - егер азамат электросамокатпен велосипед немесе көлік жолына шығатын болса, онда ол 16 жасқа толуы тиіс.

Сондай-ақ электросамокаттар түнгі уақытта жүруге мүмкіндік беретін жарықтармен жабдықталуы керек.