Қаржы • 27 Шілде, 2022

Қаржылай көмек кімге, қалай беріледі?

503 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ауыл шаруашылығы министрлігі қаржы институттары берген кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау түрінде агроөнеркәсіп кешені субъектілерін қолдауды жалғастырып жатыр. Бұған дейін субсидиялау жылдық 17 пайыздан аспайтын номиналды сыйақы мөлшерлемесі бар кредиттер бойынша жүзеге асырылған болатын.

Қаржылай көмек кімге, қалай беріледі?

Енді қағидалардың жаңа редакциясына сәйкес, субсидиялау Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі мен жылдық 7,5 па­йыз теңгемен жиынтық көрінісі ретінде есептелген номиналды сыйақы мөлшерлемесінен аспайтын мөлшерлемеде жүзеге асырылады.

Бұған дейін сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау тетігі ауыл шаруашылығы техникасын, жабдықтар мен ауыл шаруа­шы­лығы жан­уарларын сатып алуға, негізгі құралдарды сатып алуға, құрылысқа арналған қарыздар бойынша сыйақы мөлшерлемесін 10 пайызға, айналым қаражатын толықтыру бо­йынша 7 пайызға, көктемгі егіс және егін жи­нау жұмыстарын жүргізуге 9 пайызға төмен­детуді көздеді.

Егер қарыз шартын жасасу кезінде базалық мөлшерлеме жылдық 14 пайызды құраса, бұл жағдайда субсидиялауға жататын номиналды сыйақы мөлшерлемесі 21,5 пайыздан аспауға тиіс.

Қарыз алушы номиналды сыйақы мөлшерлемесінің 6 пайызын төлейді, Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі мен 7,5 па­йыз жылдық пайыздық жиынтық сомасы мен қарыз алушының теңгемен төлеген 6 пайызы арасындағы айырманың нәтижесінде алынған номиналды сыйақы мөлшерлемесінің қалған бөлігі мемлекеттік бюджеттен субсидияланады (сыйақының номиналды мөлшерлемесі 21,5 пайыз болған кезде АӨК субъектісі 6 пайыз төлейді, мемлекет 15,5 пайыз субсидиялайды).

Субсидиялауға мынадай бағыттар жатады: ауыл шаруашылығы техникасын, оның ішінде аспалы және тіркемелі жабдық­тарды сатып алуға, сондай-ақ ауыл шаруа­шылығы жануарларын сатып алуға, негізгі құралдарды сатып алуға, құрылыс салуға (ұн, минералдық сулар және алкогольсіз сусындар өндіруге арналған негізгі құралдарды сатып алуға арналған қарыздарды қоспағанда) арналған. Сондай-ақ өндірістік процестің технологиялық циклі үшін қажетті айналым қаражатын толықтыру мен көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге арналып та субсидия ұсынылады.

«Осылайша, осы бағдарлама шеңберінде қолдау шарттары қаржы нарығындағы өзге­рістерге жедел ден қою мақсатында Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесін ескере отырып қайта қаралды және бұл субсидиялау қа­ғидаларына жиі өзгерістер енгізу қажеттілігін жояды. Жоғарыда аталған жаңалықтар ағым­дағы жылдың 25 шілдесінен бастап күшіне енеді», делінген ведомство хабарламасында.