02 Мамыр, 2014

Ықпалдастықтың деңгейі жоғары

232 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Без имени-1Азия Даму банкі Бас­қа­рушылар кеңесінің биыл­ғы 47-мәжілісі алғаш рет Қазақстанда өткелі отыр. Мамыр айының 2-5 күндері аралығында өтетін 47-ші мәжілістің негізгі тақырыбы «Жаңа Жібек жолы»: Азияны өзгерістегі әлеммен ұштастыру» деп аталады. Осы қаржыгерлердің халықаралық басқосуының маңызы туралы қысқаша пікірін білу үшін «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Елена БАХМУТОВАНЫ әңгімеге тартқан едік. – Елена Леонидовна, сіз Азия Даму банкінің (АДБ) Қазақстан мен АДБ-нің қазіргі өзара ынты­мақтас­тық деңгейін қалай баға­лайсыз? – Қазақстан мен АДБ арасында ынтымақтастық орнағанына көп жыл болды. Осы уақыт аралығында банк еліміздегі экономикалық-әлеуметтік реформаларды жүзеге асыруға бағытталған көптеген маңызды жобаларға қолдау көрсетті. Ресми мәліметтер Қазақстан мен Азия Даму банкі арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Өйткені, аталған ұйым экономика саласында мемлекеттік органдармен де, жеке меншік ұйымдармен де бірлесіп, түрлі жобаларды жүзеге асырып келеді. Олардың барлығы дерлік экономикалық өсуді қамтамасыз етуге, жеке сектор мен инфрақұрылымдарды дамытуға негізделген. Сондай-ақ, Азия Даму банкі гума­ни­тар­лық салаға, нақтылай айтсақ, аймақ­тық интеграция, гендерлік теңдік, әлеуметтік даму және экологияны қорғау мәселелеріне де белсенді түрде қолдау көрсетіп келеді. – Сіздің пікіріңізше, осы ын­ты­мақтастықты басқа да бағыттарда одан әрі кеңей­тудің қажеттілігі бар ма? – Әрине, Қазақстан мен аталған банктің ынты­мақ­тастық өлшемдері 2012-2016 жылдарға арналған әріптестік стратегиясында нақты көр­се­тілген. Осы құжатқа сәйкес, АДБ жеке секторды дамытуға, экономиканы әртараптандыру жобаларына кең көлемде қолдау көрсетеді. Тараптар техникалық, басқа да көмекке қатысты әлеуметтік бастамалар аясында бірлесе жұмыс атқарады. Астанада 2-4 мамыр аралығында АДБ Бас­қа­ру­шылар кеңесінің жыл сайынғы 47-ші мәжілісі өткелі отыр. Маңызды басқосуда аймақтық интеграция­ны дамытуға қа­тысты өзекті мәселелер ерек­ше назарға алынады. Сон­дықтан, осы мәжіліс барысында әріптестікті одан әрі тереңдетудің жаңа бағыттары айқындалады деп ойлаймын. – АДБ негізінен сауда, энергетика, көлік салаларын дамытуға мүдделі. Осы орайда, «Самұрық-Қа­зына» АҚ-тың тікелей жоба­ларын жүзеге асыруға АДБ-мен тығыз байланыс жаса­мау­ларыңыздың себебі неде? – Расында, қазіргі уақытта АДБ мен «Самұрық Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының бірлесіп қолға алған жобалары жоқ деуге болады. Алайда, АДБ қызығушылық танытқан жағдайда, Қор компаниялары да инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға дайын екендігін бағамдауға болады. – «Самұрық-Қазына» АҚ жобаларды жүзеге асыру үшін АДБ-ден қарыз алу мүмкіндігін қарастырып жатыр ма? Олай болғанда қай салалар қамтылмақ? – Бүгінгі күні Қор мен оның компанияларының ин­вес­тициялық қызметі өте ауқымды деуге болады. Оның қатарында «Самұрық-Қазына» болашақта инвестиция тартуды көздеп отырған бірқатар жобалар да бар. Соның ішінде, көлік, энергетика, құрылыс салалары бойынша қаржыландыруды қажет ететін ірі жоспарлар бар. Осы орайда «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағын құру және оны кешенді дамыту, Ақтау портын сол­түстік бағытқа кеңейту, «Ұлт­тық индустриялық мұнай-химия технопаркі» АЭА инфрақұрылымдық нысан­дарының құрылысы, «Богатырь» көмір разрезінде көмір өндірудің жаңа технологиясын енгізу жобаларын айрықша атап өтуге болады. Егер АДБ аталған жобаларға қызығушылық танытса, Ұлттық қор осыған байланысты жобаларды қаржыландыру, ортақ қаржыландыру, техникалық мәселелеріне қатысты түрлі ұсыныстарды қарауға дайын. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Жылқыбай Жағыпарұлы, «Егемен Қазақстан».