Өтінімдер 14 қазанға дейін Egov.kz мемлекеттік қызметтер порталында қабылданады. Тағылымдамадан өту үшін құжат қабылдау 5 қыркүйекте басталып, 14 қазанға дейін жалғасады.
«Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындауға конкурстық іріктеу толығымен автоматтандырылған және онлайн режимде өтеді. Ол 3 кезеңнен тұрады: кешенді тестілеу, тәуелсіз сарапшы комиссия мүшелерімен жеке әңгімелесу және кадрларды шетелде даярлау жөніндегі республикалық комиссия отырысында құжаттарды қарау.
Үміткерлер конкурстық іріктеуге қатысу үшін 2 негізгі құжатты ғана ұсынуы керек - «Болашақ» бойынша оқуға ұсынылатын жоғары оқу орындар тізіміндегі шетелдік университеттен шақыру, сондай-ақ нәтижесі B1 деңгейінен кем емес мемлекеттік тіл бойынша емтихан тапсырғаны туралы сертификат.
Конкурстық іріктеуге кез келген қазақстандық қатыса алады, жас шектеуі жоқ. Өтінім тапсырған кезде академиялық білім алу және кейінгі еңбекпен өтеу мерзімі зейнеткерлік жастан аспауы тиіс.
Биыл магистратура мен резидентурада оқу үшін 385 стипендия, докторантура бағдарламасы бойынша 60 стипендия бөлінді.