Коронавирус • 27 Шілде, 2022

Қазақстан шетелдік вакциналардан бас тартуы мүмкін

217 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Денсаулық сақтау вице-министрі, бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова  алдағы уақытта еліміз коронавирусқа қарсы шетелдік вакциналардан бас тартып, тек отандық вакциналарды қалдыруы мүмкін екенін жеткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан шетелдік вакциналардан бас тартуы мүмкін

«Қазір еліміздің ай сайын 500 мың дозаға дейін QazVac вакцинасын шығару мүмкіндігі бар. Бұл ішкі сұранысты толық өтей алады. Алдағы тамыз-қыркүйек айларына қарай QazVac-тың қосымша 500 мың дозасы қажет. Тапсырыс берілді. Сонымен қатар Pfizer вакцинасын сатып алу бойынша келісім жүріп жатыр», деді Айжан Есмағамбетова орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Вице-министр Pfizer вакцинасының тек жасөспірімдерге, жүкті және сәби емізетін әйелдерге ғана егілетінін еске салды.

«Басқа санаттағы азаматтарға коронавирусқа қарсы Sinopharm және QazVac вакцинасы ұсынылады. Ал, алдағы уақытта елде тек QazVac вакцинасы болуы мүмкін. Себебі өндіріс көлемі ішкі сұранысты толық қамти алады», деді ол.

Айжан Есмағамбетова шетелдік вакциналарды ақылы түрде салдыруға қатысты өз пікірін білдірді.

«Қазақстандықтарда шетелдік вакцинаны салдырту мүмкіндігі бар болғанын біз де қалаймыз. Бірақ ол біздің ғана қолымызда емес. Жеке өз басым Moderna және Pfizer вакцинасының өндірушілерімен келіссөз жүргіздім. Өкінішке қарай, барлық жеткізушілер вакцинаның ақылы болуына қарсы, яғни кез келген шетелдік вакцина тек мемлекеттік келісімнің негізінде жеткізілуі тиіс», деді спикер.