Қазақстан • 27 Шілде, 2022

АҚШ қолдау көрсетуге әзір

282 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке шетел­дерге заңсыз шығарылған қаражат пен сол жерден алынған мүлікті елге қайтаруды тапсырған болатын. Қа­зір­гі таңда бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізіліп жа­тыр.

АҚШ қолдау көрсетуге әзір

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Осы мақсатта таяуда Бас Про­куратура өкілдері АҚШ-қа жұмыс сапарымен барған болатын. Осы сапар барысында АҚШ Әділет департаменті қылмыстық активтерді іздеуге және АҚШ-тан Қазақстанға қайтаруға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Бас Прокурордың бірін­ші орынбасары Тимур Тә­шім­баев бастаған делегация мұ­хит­тың арғы бетіне барған жұмыс сапары барысында АҚШ Әділет департаментінің бас­шылығымен, ФТБ және Дүние­жүзілік банк өкілдері­мен бірқатар кездесу өткізді. Келіссөздер барысында нақ­ты қылмыстық істер бо­йын­ша ынтымақтастықты ны­­ғайту, сұрау салуларды электрондық форматта беру, ки­бер­қылмыспен күрес саласында тәжірибе алмасу, сотталғандарды ұстап беру және беру туралы шарттар жа­­сасу мәселелерін талқы­лан­­ған екен.

Қазақстандық делегация америкалық әріптесіне биыл­ғы 5 маусымда Мемлекет бас­шысының Жарлығымен эко­номикалық ресурстарды заңсыз шоғырландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия жұмысы туралы баяндап берді. Оның негізгі мақсатының бірі – елден заңсыз шығарылған қаржы қаражатын қайтару.

АҚШ Әділет депар­та­ментінің өкілдері қылмыстық активтерді іздеуге және АҚШ-тан Қазақстанға қай­та­руға қолдау көрсетуге да­йын екендеріне сендірді. Сондай-ақ бірлескен күш-жігермен ғана трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа және қылмыстық кіріс­терді жы­лыс­татуға қарсы тиім­ді күрес жүргізуге ке­ліс­ті.

Бұдан бөлек, Қазақстан делегациясы Дүниежүзілік банк­тің StAR Initiative (Ұр­лан­ған активтерді қайтару бастамасы) жобасының өкіл­дерімен кездесті. Онда Қа­зақ­­станның шетелге, оның ішін­де офшорлық юрис­дикцияға шығарылған қыл­мыс­тық жолмен табылған ак­тивтерді қайтару бойынша күш-жігерін қолдау мәсе­ле­сі сөз болды. Сондай-ақ ын­т­­ымақтастықтың көрсе­тіл­ген бағыты бойынша про­курорлар мен тергеушілер үшін тренингтер өткізу мәсе­ле­лері талқыланды. Банк өкіл­дері қазақстандық та­рап­тың бұл бастамаларын қол­дады.

Жалпы, ұрланған актив­терді қайтару бүкіл әлемде үлкен мәселе саналады. Әсіресе, дамушы елдерде мұ­ның өзектілігі жоғары. Тіпті, «қағанағы қарық, саға­на­ғы сарық» елдерде де ақша жымқыратындар да, оны офшорларда жасыратындар да жетерлік. Осы мәселемен күресу мақсатында Дүние­жү­зілік банк StAR Initiative бас­тамасын жүзеге асырған еді.

Негізі, шетелдерге заң­сыз шығарылған капиталды қайтару оңай шаруа емес. Тіпті, оның көлемін де анықтау қиын. Бұған де­йін саусақпен санарлық инс­титут қана бұған талпы­нып көрген. Мәселен, StAR Initiative бастамасының есебі­не сүйенсек, қылмыс, коррупция, салықтан жалтару мақсатында жыл сайын шамамен 1-1,6 триллион доллар көлеміндегі қаражат шетел асады екен. Мұның жартысы дамушы елдерге тиесілі.

Жыл басында Pandora Papers оқиғасы бүкіл әлемді дүр сілкінткені есімізде. Атал­ған құжатта 12 миллион­нан астам қаржы деректері тіркелген екен. Осыларды зерт­теген журналистер көпте­ген мәліметтің бетін ашты. Сөйтіп, 90-нан астам елдегі 330 шенеуніктің қаржысы заңсыз жолмен шетел асқаны, атқамінерлердің түрлі айла-шарғыға барғаны белгілі болды.

Елімізде офшор жағалаған қаражатты қайтару жұмысы кейінгі кезде белсенді жүре бастады. Биылғы ақпанда Парламент қабырғасында сы­бай­лас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл мәселелеріне қатысты заң жобасы қаралды. Құжатты талқылау барысын­да депутаттар шетелге заң­сыз кеткен капиталды елге қайтару бойынша мәселе көтерген еді.

Бұған дейін қолданыстағы заң бойынша қылмыстық іс қозғалуы керек болатын. Бірінші, шетелдік құзырлы ор­гандарға құқықтық көмек беру үшін тапсырыс жібері­лу­ге тиіс. Сондай-ақ екі жақпен, яғни тиісті елмен құқықтық келісім болуы қа­жет. Содан кейін тиісті сұ­ра­ныс жіберіледі.

Шетелдегі құқық қорғау органдары заңсыз шығарыл­ған мүлікті зерделейді. Сөй­тіп, сұраныс бойынша капиталды санкциялап, шектеу қойылуға тиіс. Бұдан кейін бүкіл дәлелдер берілген кезде, қаржының заңсыз әрі қылмыс жолымен алынғаны нақтылағанда ғана толық қайтаруға мүмкіндігі бар еді.

Енді Қазақстан ГРЕКО ұйымының елуінші мүшесі атанды. Айта кетерлігі, бұл ұйымға бүкіл Еуропа елдері мен АҚШ кіреді. ГРЕКО-ның ұсыныстарын орындау жемқорлық үшін қылмыстық жауапкершілік туралы Еу­ро­па кеңесінің конвенция­сын ратификациялауға жол ашады. Өз кезегінде, бұл Конвенция шетелдегі актив­терді елге қайтаруға ықпал етеді. Жалпы алғанда, бұл шара тек коррупция емес, көлеңкелі бизнес, жеке және басқа да қылмыс арқылы табылған жасырын активтерді анықтауға толық мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда бұл жұмыс жүйелі жолға түсті. Бас Про­куратура тергеп-тексеру органдарына ұрланған актив­терді шетелден қайтару бо­йынша қадамдық алгоритм­дер, әдістемелер мен сұ­рау салу үлгілерін дайын­да­ды. Әрбір іс бойынша активтерді қайтару стратегиясы әзір­лен­ген көрінеді. Сондай-ақ қаржылық тергеп-тексерулер – «Ақшаның ізіне түс» тұжырымдамасы іске асырылады. Активтерді тыйым салу мақсатында оларды тоқтатып қою жөнінде жедел шаралар қабылданады.

Қаржы министрлігі Еуро­па­лық одаққа, Түркияға және БАӘ-ге кедендік аумағына кіру кезінде қолма-қол шетел валютасын декларациялаған Қазақстанның 340 азаматы жөнінде ақпарат беру туралы сұрау салған.

Қорыта айтқанда, шетелге кеткен капиталды қайтару жұмыстары белсенді жүріп жатыр десек қателеспейміз. Таяуда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшылары мен қызметкерлеріне қатысты іс бойынша Гонконг пен БАӘ-ден шамамен 3 млн доллар қайтарылғаны белгілі болды.