Спорт • 28 Шілде, 2022

Дзюдошылар елордада белдеседі

334 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

4-7 тамыз күндері қазақтың даңқты балуаны, Мәскеу Олимпиа­дасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің есімі берілген Нұр-Сұлтандағы «Жекпе-жек» спорт сарайында дзюдодан ерлер және әйелдер арасында Азия чемпионаты өтеді.

Дзюдошылар елордада белдеседі

Қазақстан дзюдо федера­ция­сының мәліметі бойынша, төрт күнге жалғасатын сары құрлық додасында татами шеберлері жекелей және аралас-командалық жарыс бойынша өзара мықтыны анық­тайды. Халықаралық дзюдо фе­де­рациясының (IJF) күнтізбе­сіне сәйкес өткізілетін жарысқа Азия­­ның 30 елінен 400-ге жуық дзю­­дошы қатысады деп жос­пар­ланған.

«Қазақстан дзюдодан әлемдік бәсекелерді өткізу бойынша мол тәжірибеге ие. Осы уақытқа дейін Халықаралық дзюдо федерациясы елімізге әлемдік лицензиялық Гран-при жарыстарынан бөлек, ересектер арасындағы әлем чемпионаты (2015, Нұр-Сұлтан) мен жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігін (2019, Алматы) өткізуді сеніп тапсырған. 2017 жылдан бері Азия дзюдо ода­ғы­ның күнтізбесіне сәйкес, жылда елімізде жасөспірімдер, жас­тар және ересектер арасында дәстүрлі түрде екі рет Азия кубогы бәсекесі өткізіліп келе жатыр. Енді, міне, биыл Азия чемпионатын өткізу құқығына ие болдық. Бұл – спортшыларымыз үшін ғана емес, сондай-ақ отандық дзюдо спорты жанкүйерлері үшін де тамаша жаңалық. Мұндай ірі жарыстарды елімізде өткізу арқылы спортшыларымыздың тәжірибесін шыңдап қана қоймай, әлемдік аренада спорт державасы ретінде қалыптасқан имиджімізді нығайта түсеміз. Елорда татамиіне Азия үздіктері бас қосып, жаңа есімдер шығады деп үміттенеміз. Кумирлеріне қарап бой түзеп келе жатқан жас буын үшін де бұл қуанышты жаңалық әрі керемет мүмкіндік деп ойлаймын», дейді Қазақстан дзюдо федерациясы президентінің міндетін атқарушы Асхат Жіткеев.

Ұлттық құрама бапкерлерінің шешімімен елімізде өтетін сары құрлық бәсекесінде Қазақстанның ерлер және әйелдер құрамасы сапынан негізгі және қосалқы құрам спортшылары қатысады. Ұлттық құрама сапындағы дзюдошылар үшін құрлықтық бәсеке жылдың басты додасы – 6-13 қазан аралығында Өзбекстан астанасы – Ташкентте ұйымдастырылатын әлем чемпионатына дайындық жұмысы болса, құрама қатарына енді ғана қосылған жас дзюдошылар үшін елордадағы Азия чемпио­наты сияқты ірі жарыстың атмосферасын сезініп, тәжірибе жинауға мүмкіндік бермек.

Айта кетерлігі, IJF ережесі бойынша, Азия чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне Олимпиадалық рейтингте ұпай сандары қосылады. Атап айт­қанда, жеңімпаз спортшы 700 ұпай еншілесе, 2-орын иегеріне – 490, ал 3-орын алған спортшыға 350 ұпай беріледі.