Коронавирус • 28 Шілде, 2022

Ауырмайтын жол іздеңіз

221 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл індет қайта айналып соққан дауылдай болды ғой. Адам таңдамайды, жасы бар, жасамысы бар алдын ала жарақтанбаса жығылуы мүмкін. Медицина саласы қанша дамыды десек те, сақтықта қорлық жоқ. Бүгінде жаһандық індет жетісулық дәрігерлерді әбігерге салуда.

Ауырмайтын жол іздеңіз

Жетісу облысының 28 мыңнан астам тұрғынына Pfizer-дің вакцинасы қайта егілді. Бүгінде өңірде вакцинаның алғашқы дозасын алғандар саны 316 671 адамға жетті, бұл иммундауға жататын ересек тұрғындардың 82,3 пайызын құрайды. Ал екінші компонентті – 305 181 азамат немесе 79,3 пайыз тұрғын алды. Сонымен қатар облыста ревакциналау бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. 27 шілдедегі статистика бо­йынша өңірде ревакциналау курсынан 131 596 адам өтті, яғни 60,2 пайыз. Оның ішінде 28 933 адам Pfizer-дің Комирнати вакцинасымен қайта вакциналанды.

Сарапшылардың пікірінше, вакцина коронавирустан қысқа уақытқа қорғайды, сондықтан бүгінде им­му­нитетті күшейту үшін қайта ревакци­на­лау курсынан өту ұсынылады. Қайта егу бастапқы вакциналау сияқты им­мун­дық жүйеге вирустың көрінісін «есте сақтауға» көмектеседі, яғни вирус шабуыл жасаса, иммундық реакцияны жұ­мылдыру тезірек жүреді және ауру ағымы мен өлім қаупі төмендейді.

Қайта ревакциналау курсына бірін­ші кезекте халықтың осал топтары: медициналық-әлеуметтік мекемелердің персоналы мен контингенті, жабық балалар мекемелерінің медицина қыз­меткерлері, педагогтер, әлеуетті құры­лым­дардың қызметкерлері, 50 жастан асқан адамдар және иммунитеті әлсіз адамдар жатады.

Осы вакцинамен иммундау жұ­мыс­та­ры жасөспірімдер, жүкті және бала емізетін әйелдер арасында да жалғасуда. Қазіргі уақытта вак­ци­наланған халық саны 34 948 адамды құрайды, оның ішінде 24 677 жас­өспірім, 1 073 жүкті әйел және лактация кезеңіндегі 5 269 әйел бар. Вакцинаның екінші ком­понентін 32 689 азамат алды. Оның ішінде 12-17 жас аралығындағы жас­өспірімдер – 23 430 болса, 971-і – жүкті және 4 955-і – бала емізетін келіншектер.

 

Жетісу облысы