05 Мамыр, 2014

Майдангерлер ұрпақтарымыз

1235 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
(Әкем айтқан әңгімелер) Бұл хат маған осыдан төрт жыл бұрын келген еді. Жолдаған – Зайсан ауданының «Қарабұлақ» кеңшарында ұзақ жылдар партия ұйымының хатшысы қызметін атқарған, қазір зейнеткер Жеңісбек Шағиев ағамыз. Ол өз хатында Ұлы Отан соғысының ардагері Зәкария Қожекеновтің майдандағы ерлік жолдары, сонан кейінгі бейбіт өмірдегі өнегелі қызметі туралы баяндайды. «Соғыс өрті ел іргесін шарпыған кезде Зәкария атамыз мектепті жаңа тәмамдаған жас өрен еді. 1941 жылдың тамыз айында зайсандық жерлестері Қыдырбай Қиқабаев, Әнуарбек Кенжебаевтармен бірге майданға аттанды. Новосібір қаласында төрт айлық курстан өтіп, кіші лейтенант атағын алады. 1942 жылы қаңтарда Калинин майданының № 69 артиллериялық полкінде взвод командирі ретінде жауға қарсы жорық жолын бастады. Сол жылдың соңында жараланып, бір жарым ай госпитальде емделіп, 1943 жылы нау­рызда Белоруссия майданының № 47 артиллерия полкінде взвод командирі болып қайтадан ұрысқа кіріп, ерлікпен шайқасты. Адам баласына марапат, құрмет, атақ-абырой өздігінен келмейтіндігі анық. Отан қорғау жолында ұйқы көрмей қан кешкен жас жігіттің ерлігі де ескерусіз қалмай, ол «Қызыл Жұлдыз» орденімен, Германияны, Жапонияны жеңгені үшін медальдарымен марапатталды. Архив фото1945 жылы мамырда Забайкалье әскери округінен жапондарға қарсы соғысқа әзірлік майданына жіберілді. Осы майданда зайсандық жерлестері Байғанбек Құдабаев, Сейіт Елекенов, Василий Цыганчуктермен бірге болып, соғыс жолдарын жеңіспен аяқтады. Зәкария атам 1946 жылдың 27 қарашасында пароход тоқтайтын Тұғыл кентінде өзі секілді соғыстан елге оралып келе жатқан жерлесі Файзолда Әліпбаевпен кездесіп, екеуі Қара Ертісті бойлай отырып, 60 шақырым жолды жаяу жүріп өтеді. Жол бойы армансыз сырласады. Сөйтіп Ақарал ауылындағы Әукебаевтің үйіне соғады. Аман-есен ауылдарына да жетеді. Олар бейбіт өмірдің есігін ашып, бірден еңбекке араласты. Файзолда «Правда» колхозы төрағасының орынбасары болып қызмет атқарды. Біздің үймен көршілес болды. Балаларымен бірге өстік. Ал ол үйдегі Мәстура апай мен менің анам нағыз сырлас достар болды. Файзолданың інісі Қайролла екеуміз Кеңөткел өзенінен үйге су таситынбыз» деп жазыпты Жеңісбек аға өз мақаласында. Мұнан кейін кешегі жауынгер Зәкария Қожекеновтің бейбіт өмірде жасаған қызметіне тоқталған. Шынын айту керек, кезінде бұл мақаланы газетке берудің сәті келмеді. Себебі, конверт сыртында басылған мөрге қарағанда хат 2010 жылдың 4 мамыры күні Зайсан қаласынан жөнелтілген. 2010 жылдың 11 мамыры күні Астана поштасы қабылдап алғандығы туралы мөрін басып, редакцияға жеткізген. Мен бұл кезде еңбек демалысында болып, мамырдың ортасынан аса барып қызметке оралып едім. Сөйтіп, бұл хат Жеңіс мерекесінің ізі суи бастаған шақта  менің қолыма тиді де аға сәлемі орындалмаған күйі қалып кеткен еді. Дегенмен, көңілде жүрген дүние ескерусіз қалмайды ғой. Жуықта төрт жыл бұрын жазылған осы хатты өзімнің ескі мұрағат қағаздарымды ақтара отырып, тауып алдым. Хатты қайта бір оқып шыққанымда ол мені әртүрлі ойларға жетеледі. Бала кезімде әкемнің майдан жолдары туралы айтатын әңгімесі еске түсті. Сөйтіп, Жеңісбек ағаның мақаласын әкемнің әңгімелерімен ба­­­йы­та отырып, өз атымнан жазып шыққанды жөн көр­дім. Әкеміз Файзолда Әліпбайұлы соғысқа дейінгі балалық шағында жергілікті мектептердің бірінен бі­лім алып, сауатты болған екен. Атамыз Әліпбайдың Ка­линин колхозында бригадир болғанына қарағанда жас­тық шағы осы ауылда өткен болуы керек. Бозбала ша­ғында өнерге жуық болады. Зайсан театрында артист бо­лып, сол кездегі театр қойған қойылымдарда түр­лі рөл­дерде ойнайды. Өлең жазумен де айналысқан. Соғыс­тан жазған хаттарының барлығын өлеңмен жазады екен. Аттандық ауылымыздан алпыс бала, Ақылы алпысының алпыс сана. Ай-жұлдыз жарқыратып нұрын төкті, Қоштасқан еліменен бізге бола.   Пароход салған кезде Ертісті өрлеп, Кептелді көмекейге сезім кермек. Көркіне туған жердің тесілдім кеп. Шіркін-ай, күн туса еді қайта көрмек, – деп соғысқа аттанып бара жатқанда жазып, хатпен үйіне жолдаған өле­ңін бер­тінге дейін біздің туған-туыс­тары­мыз, әкемнің қатарластары айтып жүретін. Әкем ақкөңіл, адал, еті тірі, ширақ адам еді. Біреудің ала жібін аттау, кісінің соңынан сөз айту дегенді мүлдем білмейтін. Ешуақытта мойыған, жасыған кез­дерін көрген емеспін. Өмірлік, адамгершілік қағидат­­­тарға берік жан еді. Адамға тіке қарап сөйлей­тін, бойындағы мінін бетіне айтатын қасиеті бар еді. Оның осы мінездері әр кезеңдегі өміріне әртүрлі әсер еткен секілді. Соғыстағы әскери  қатал тәртіптің ортасы оны жақсы қабылдайды. Бізге былай деп әңгіме айтушы еді. «Кез келген қазақ баласы атқа мықты болып өседі ғой. Осы аттың жайын білгендіктің маған соғыста үлкен пайдасы тиді. Польша жеріне келіп кіргенімізде мал-мүлкін тастап, өзі неміс әскерлерімен бірге қашып кеткен помещиктің атқорасынан қараңғы жерде ұсталып, күтімде болған екі сәйгүлік табылды. Бұл асау жылқыларды батальонымыздың командирі қатты ұнатады да үйреттіріп, мінбек болады. Сонан кейін: «Солдаттардың арасынан асау аттарды бастықтыратын кім бар?» деп іздестіре бастағанда: «Мен бармын», деп бірден саптан атып шықтым. Содан бастап командир мені өзінің қасында ұстайтын болды. Бұлар бұрын мінілген жылқылар екен. Командир аттың сырын білме­гендіктен, басымен алысқан асау аттар оған жабайы жылқылар секілді көрінген. Мен оларды тез бастық­ты­рып, командирді атқа мінгізіп үйрет­тім. Ол менің пысықтығымды, еңбек­қорлығымды ұнатып, өте жақсы көріп кетті. Батальонға комсорг етіп тағайындап, партия қата­рына өтуіме жәрдем жасады. Тіпті «қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» дегендей соғыстан тірі қалуым да сол кісінің арқасы болса керек. Бірде командир мені шақырып алып былай деді: «Бізге немістердің жойқын шабуылға шығатындығы туралы дерек келді. Біздің шегінуіміз мүмкін. Алда-жалда жаудың шабуылына төтеп бере алмасақ, бүкіл полк болып шегініп барып, бекініс құрып, қайта шеп ұстау үшін артымыздан окоп қазатын адамдар тобын жасақтап жатырмыз. Ол топты өзің секілді жастардан жасақтап жатырмыз. Мен сені сол топқа қосқалы отырмын. Біздің батальоннан баратын жастарға комсомолдық басшылық жасайсың. Бұл да соғысқа қажетті, аса маңызды тапсырма», деді. Командирдің айтқаны келді. Көп ұзамай зеңбіректер үні гүрсілдеген үлкен ұрыс қимылы басталып та кетті. Немістер үлкен шабуылға шығардың алдында сағаттар бойы зеңбірек снарядтарымен соғатын. Сонан кейін танкімен шабуылдайтын. Осыдан біздің батальонның біразы қырылып кетіпті. Біз қазған окопқа шегініп келіп түскен жауынгерлер қарасы бұрынғыдай көп болмағандығынан осыны аңғардық», дейтін әкеміз. Әкеміз нағыз қан майданның ортасында болған адам. Соғыста жеке көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен және «Праганы азат еткені үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Жа­по­нияны жеңгені үшін», басқа да бірқатар медальдармен марапатталған. Днестр өзенін соғыспен қалай жүзіп өткендерін айтып отырушы еді. Соғыс аяқталысымен әкемізді Мәс­кеудегі  кіші командирлер дайындайтын бірнеше айлық әскери курсқа оқуға жібереді. Міне, осы оқуды оқып жат­қан кездерінде атақты Жеңіс шеруіне қа­тысу бақыты бұйы­рады. Алайда, әкем оқуын аяқтап үлгермейді. Па­рад аяқта­лысымен Жапонияға қарсы соғыс жария­лана­тындығы белгілі болып, олар Қиыр Шығысқа жіберіледі. Сөйтіп, әкем Жапон соғысына да қатысып, өзі­­нің жеңіс жорығын Порт-Артур қаласында аяқтайды. Нағыз қанды соғысты бастан кешкен майдан­герлердің көргендері де көп болады ғой. Бізге өз басынан өткерген көптеген қызықты жайттарды айтушы еді. Кезінде жазып алмағандықтан қазір көбін ұмытып қалыппыз. «Мың естігеннен бір рет көрген артық» деген сөз, шамасы, бекер айтылмаса керек. Дегенмен, соғыста жүріп өз ауылдасы Молдапия Кеңесбаевпен қалай кездескендігін айтқан мына бір әңгімесі есімде қалып кетіпті. согыс-2 Шамасы, Украинаның шылқыған сазды, батпақты жері болса керек. Бір ұрысты сәтті аяқтап, демалуға мұрсат алған солдаттар бір сарайдың қалқасына келіп, аяқтарындағы су болған шұлғауларын жайып, темекі тартып, күншуақтап отырады. «Сөйтіп отырғанымызда, – деп еске алатын әкем, – сарайдың екінші жақ бетіндегі әудем жерден ұрыс кезінде өз әскери бөлімінен көз жазып қалған бір жауынгердің шала-пұла орысшасымен әркімнен бір жөн сұрасып өтіп бара жатқандығын байқап қалдым. Маған оның дауысы өте таныс көрініп кетті де, дереу орнымнан атып тұрып, шұлғауымды орап, етігімді киіп, сарайдың қалқасынан жүгіре басып  шыққанымша  жөн сұраған әлгі жауынгер біраз жерге кетіп қалған екен. Дегенмен, бірден тани кеттім. Өзімнің балалық шақтан бірге өскен ауылдас досым Молдапияның әскери киіммен соңынан қарағандағы сондағы тұлғасы көзіме оттай басылды. Соңынан мен де жүгіре басып: «Молдапия, тоқта, Молдапия!» деп айғай салғанымда мұндай оқиғаны күтпеген ол шалқасынан түсе жаздады», деп еске алатын. Соғыстан елге оралып келе жатқанда тағы бір ауылдас жақсы жолдасы майдангер Зәкария Қожекеновпен Тұғылда кездесіп, екеуі сол жерден Ертісті бойлай отырып, елге дейін жаяу жүріп барғандығы туралы жоғарыда айтылды. «Біздің қолымызда әскери комиссариаттың: «Жолай кездескен ауылдар мен колхоздардың басшылары бұл жауынгерлерді келесі ауылға дейін көлікпен жеткізіп тастауға міндетті», деген қағазы бар еді. Бірақ, жауды жеңіп, жайдары көңілмен елге оралып келе жатқан соң ол қағазды ешкімге көрсетпедік. Кездескен колхоз бастықтарына қолқа салуды жөн көрмедік», деп еске алатын. Ал енді әкеміз Файзолданың соғыс­тан кейінгі өміріне келсем, «Прав­да», «Скотовод» колхоздарында, «Қара­бұлақ» совхозында ұзақ жылдар халық шаруашылығында қызмет етті. Семейдің малдәрігерлік институтында сырттай оқыды. Колхоз бастығының орынбасары, партия ұйымының хатшысы, зоотехник, бас агроном, бас гидротехник қызметтерін атқарды. Үнемі ат үстінен түспей еңбек етті. Өзін үнемі партияның қатардағы қарапайым солдаты ретінде сезінетін. Қартайғанға дейін ауырып-сырқадым деген кезін, ауруханаға жатқанын, курортқа барғанын көрмедім. Тым ерте тұратын, жәй жататын. Бос отыруды суқаны сүймейтін. Өмір әбден шыңдаған тасқайнат адам еді. 1992 жылы 72 жасында қайтыс болды. Қазір ойлап отырсам, атамыз Әліпбайдың төрт ұлының үшеуі соғысқа аттанған екен. Екінші ұлы Зайнолла майдан даласынан оралмады. Қай жерде қазаға ұшырағаны белгісіз. Әжеміз Сәбила баласын өлді деуге қимай өмір бойы күтумен өтті. Үшінші ұлы Қабден (азан шақырып қойған аты Зейнелқабден) 1944 жылы жасы 18-ге толмай өз еркімен әскерге алынып, 1951 жылға дейін резервтік армияда қызмет етіп, алты жыл өмірін Отан тыныштығына арнады. Ұзақ жылдар «Қарабұлақ» кеңшарында қойма меңгерушісі болып қызмет етті. Қайтыс болғанына біраз жыл болды. Ал кенже інілері Қайролла Әліпбаев Семейдің малдәрігерлік институтын бітіргенімен Зайсан аудандық «Достық» газетінде, артынан ұзақ жылдар Семей облыстық «Семей таңы» газетінде қызмет етіп, қаламы қарымды журна­лист әрі аты шыққан ақын болды. 2010 жылы 68 жасында қай­тыс болды. Қаб­ден, Қайролла ағалар, Қабден­нің үл­кен ұлы Қайырбақыт аға қайтыс бол­ған­нан кейін алдым жалаңаш­танып қал­ғандай көрінеді. Өйтке­ні, Әліп­баев­тар әуле­тінен тараған еркек­кін­діктілер ара­­сын­да жасы үлкені өзім болып қалып­пын. «Адам ұрпағымен мың жасайды», деген рас қой. Бұл күнде Зәкария Қожекенов, Молдапия Кеңесбаев секілді әкемнің майдангер достарының өздері жоқ болғанымен соңында қалған көздері бір қауым ел болып, түтін түтетуде. Ауданның партия, кеңес саласында жауапты қызметтер атқарып, үлгілі ұстаз болған Зәкарияның үлкен күйеу баласы Жеңісбек Шағиев туралы біраз айтылды. Ол кісі біздің кеңшарда ұзақ жылдар жұмысшылар комитетінің төрағасы, партком хатшысы болып қызмет істеп, басқа кеңшарға өрлеп-өсіп кеткен еді. Сонан кейін ауданымыздың атақты диқаны, еңбектегі ерлігі бірнеше орден, медальмен марапатталған Молдапияның үлкен ұлы Мәукен Кеңесбаев біздің кеңшарымызға партком хатшысы болып қызметке келгенде әкем тағы да қатты қуанды. Қонаққа шақырысып, жақсы араласып тұрдық. Жайдары мінезді, кішіпейіл Мәукен аға әкем секілді ардагерлерді жақсы құрметтеді. Зәкарияның үлкен ұлы Әсет аға аудандағы су ша­руашылығы сала­сын­дағы мықты маман болды. Аудан­­дағы су шаруашылығы мекемесін басқар­ды. Басқа балалары да жақсы қыз­мет­­тер атқарды. Әкем аудан орта­лы­ғы­на барғанда өзімен жолдас бол­ған аза­маттардың, әсіресе, қарулас достары­ның жақсы атанып жүрген балаларын көрсе, соған қуанып үйге айта келетін. Өткен өмірінен әңгіме қозғап, сол азаматтарды үлгі ретінде көрсететін. Қазір ойлап қарасам, осының өзі біздің өмір жолымызда жақсы тәрбие болған секілді. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы.