Адамзаттың тұңғыш ғарышкері Юрий Гагаринге дәріс берген қазақ азаматы Жақыпбек Ысқақов туралы кезінде қазақ баспасөзінде аз жазылған жоқ. Оны алғаш рет сонау 1981 жылы оқырмандарға кеңінен мәлім еткен «Лениншіл жас» газетінің тілшісі (қазір «Егемен Қазақстанның» бас редакторы) Жанболат Аупбаев болатын. Ю.Гагариннің ұстазы Ж.Ысқақов туралы одан кейін де газет-журналдарда бірқатар толымды материалдар жарық көрді.
Біз бүгін осы шағын мақаламызда майдангер, марқұм Жақыпбек Ысқақовтың тағы бір даңқты тұлға – қазақтың батыр ұлы, Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың да ұстазы болғандығын тілге тиек етпекпіз.
Майдангер-ұстаз Жақыпбек Мағзымұлы 1918 жылы Қорғалжын өңіріндегі атақты Ащыкөл және Тұщыкөлдің арасындағы ауылда дүниеге келіпті. Ақмоланың жетіжылдық мектебін бітіріп, Көкшетау қаласындағы педагогикалық училищеге түседі. Оны ойдағыдай тәмамдағаннан кейін арнайы жолдамамен Ақмола қаласының іргесіндегі Тайтөбе ауылындағы мектеп-интернатқа мұғалім болып келеді. Ал 1936-1939 жылдар аралығында осы Тайтөбе мектеп-интернатының директоры болып қызмет атқарады. Нақ осы жылдары мектеп-интернатта Рақымжан Қошқарбаев та дәріс алған екен.
Рақымжан 1924 жылы қазан айында осы Тайтөбеден онша қашық емес, Ақтөбе деп аталатын жердегі Құдайқұл (қазіргі Қошқарбаев ауылы) елді мекенінде дүниеге келген. Рақымжанның әлі бұғанасы бекімеген жас кезінде анасы Жамал ерте өмірден озыпты. Елдің еті тірі азаматтары түгелдей қуғын-сүргінге ұшырап отыз жетінің ойранында Қошқарбай отағасы да «халық жауы» аталып жазықсыз жаламен тұтқындалады. Ата-анадан ерте айырылған жасөспірім Рақымжан Тайтөбедегі мектеп-интернатқа жіберіледі. Мектеп-интернат директоры болып жүрген Жақыпбек Ысқақов болашақ Халық Қаһарманын интернатқа қабылдап, екі-үш жыл көлемінде оған дәріс береді.
«Рақымжан өз қатарластарының арасында өте алғыр және қайсарлығымен ерекшеленетін. Сол кезеңдегі ең бір ауыр кінә болып саналатын «халық жауының баласы» деген жаланы жамыла жүріп, ол ешқашан бүгежектеп, жасып көрген емес. Әкесінің ауыр жазамен сотталғанын бетіне басып, Рақымжанның сағын сындырмақ болған кейбір тәрбиешілер мен мұғалімдер жасөспірімнің өжеттігінен тайсақтап, райларынан қайтатын. Рақымжан интернаттағы балалардың басшысы, қандай да бір істе ұйытқы болып жүретін. Мектеп-интернаттың бір топ ересек балалары Тайтөбеден фабрика-завод училищесіне оқуға аттанғанда қимай қоштасқанымыз да әлі күнге есімде», деп марқұм Жақыпбек Ысқақов шәкіртін ерекше ілтипатпен еске алатын.
Ұстаз бен шәкірт деп бөле-жара атағанмен Жақыпбек Ысқақов пен Рақымжан Қошқарбаевтың жас аралығында алты жас қана айырмашылық бар, замандастар болатын. Сондықтан да болар қос майдангер өмірлерінің соңына дейін бірімен-бірі қарым-қатынастарын үзбей өтті.
1940 жылы әскер қатарына алынғаннан кейін Жақыпбек Ысқақов соғыс жылдарында Орталық Азияда, Иранда әскери қызмет атқарады. Ұлы Отан соғысы жылдарында Белоруссия жеріндегі шайқастарға да қатысады. Соғыс аяқталғаннан кейін де әскер қатарында қалып, бірнеше жыл қызмет атқарады. 1949 жылы Ленинград қаласындағы М.Калинин атындағы жоғары әскери саяси академияға оқуға түсу үшін құжаттарын тапсырмақ болады.
Кеңес әскери жүйесінің жазылмаған заңы бойынша бұл жоғары оқу орнына түсу үшін орыстардан басқа ұлт өкілдеріне әртүрлі шектеу қойылатын. Міне, осындай сылтаулармен академия басшылығы Жақыпбек Ысқақовты оқуға қабылдаудан бас тартады. Жас қазақ офицері қасақана жасалған мұндай кемсітушілікке төзе алмайды. Ол бірден Кеңес Одағының басшысы И.Сталинге арыз жазады. Онда ол Ұлы Отан соғысында ерен ерлік көрсеткен қазақ ұлтының өкілі екенін, өзінің де соғысқа бастан-аяқ қатысқанын айтып, М.Калинин атындағы Жоғары әскери саяси академия басшылығының оқуға қабылдаудан бас тартып отырғанына шағымданады. Көп кешікпей И.Сталин оның арызына өз қолымен бұрыштама жазып, әскери академия басшылығына Ж.Ысқақовты дереу оқуға қабылдауға бұйрық береді.
Әскери академияны ойдағыдай тәмамдаған соң Жақыпбек Мағзымұлы Орынбор қаласындағы жоғары дәрежелі әскери ұшқыштар даярлайтын училищеде сабақ береді. 1954-1960 жылдар аралығында осы училищеде дәріс оқып жүрген кезеңде мұнда тұңғыш ғарышкер Юрий Алексеевич Гагарин де оқыған еді. Сөйтіп, Жақыпбек Ысқақов Юрий Гагаринге де сабақ берген екен. Бұл туралы бұрын жан-жақты жазылғандықтан осы дерекпен ғана шектелейік.
1963 жылы майор Жақыпбек Ысқақов өз өтінішімен 42 жасында әскери қызметтен отставкаға шығады. Сол жылы Ақмола ауыл шаруашылығы институтының СОКП тарихы кафедрасына қызметке орналасады. Осында жүріп, 1969 жылы ғылым кандидаты диссертациясын қорғайды. Содан зейнеткерлікке шыққанға дейін сырттай оқу бөлімінің деканы, үш мерзім ғылыми коммунизм кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарады. Ұлағатты ұстаз, майдангер Жақыпбек Ысқақов өмірінің соңына дейін жастарды туған жерлерін шексіз сүйетін патриоттық рухта тәрбиелеу ісіне қалтқысыз қызмет етті. Өз кіндігінен тараған ұрпақтарына да азаматтың асқақ парызы – ел қорғау қызметіне баулыды.
Жақыпбек ағамыз бен Балқымбат жеңгеміз сонау Орынбор қаласында табысып, 1956 жылы шаңырақ құрған екен. Олар екі ұл тәрбиелеп өсірді. «Әке көрген оқ жонар» дегендей, Абай мен Арыстан атты ұлдары әкелерінің жолын қуып, әскери қызметті қалады. Новосібір жоғары әскери училищесін бітірген полковник Абай Жақыпбекұлы Тәуелсіз Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің қалыптасуы жолында жемісті еңбек етті. Ал Арыстан Жақыпбекұлы Ресей әскерінің құрамында әскери медицина майоры дәрежесінде қызмет етті. Әттең, екеуі де өмірден ерте өтті...
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
АСТАНА.