Экономика • 28 Шілде, 2022

Ұлттық валютадағы депозиттер бір айда 4,5 пайызға артты

180 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанда депозиттердің сомасы бір айда 7,6 пайызға ұлғайды. Бұл туралы Ұлттық банктың баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ұлттық валютадағы депозиттер бір айда 4,5 пайызға артты

«Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттерінің көлемі бір айда 7,6 пайызға артып (жылдық мәнде өсу 8,1% болды), 2022 жылғы маусымның соңында 27 162,9 млрд теңге болды. Заңды тұлғалардың депозиттері бір айда 13 801,2 млрд теңгеге дейін 8,2 пайызға ұлғайды, жеке тұлғалардың депозиттері 13 361,7 млрд теңгеге дейін 7 пайызға өсті», делінген Ұлттық банк мәліметінде.

Ұлттық валютадағы депозиттердің көлемі бір айда 17 581,2 млрд теңгеге дейін 4,5 пайызға артты. Шетел валютасындағы депозиттердің көлемі 9 581,7 млрд теңгеге дейін 13,9 пайызға өсті. Долларландыру деңгейі 2022 жылғы маусымның соңында 35,3% (2021 жылғы желтоқсанда – 36%) болды.

«Заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы депозиттері 2022 жылғы маусымда 8 715,6 млрд теңгеге дейін 3,2 пайызға өсті, шетел валютасындағы депозиттер 5 085,6 млрд теңгеге дейін 18,1 пайызға артты. Жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттері 8 865,6 млрд теңгеге дейін 5,8 пайызға ұлғайды, ал шетел валютасындағы депозиттері 4 496,1 млрд теңгеге дейін 9,5 пайызға артты», делінген хабарламада.