Қоғам • 28 Шілде, 2022

Қызылордада ет өнімдерінен ішек таяқшалары бактериясы анықталды

465 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылорда облысында ет өнімдерінің жартылай фабрикаттарынан ішек таяқшалары тобының бактериясы анықталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қызылордада ет өнімдерінен ішек таяқшалары бактериясы анықталды

Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандары өнімнің қауіпсіздігіне мониторинг жасау мақсатында бірінші жартыжылдықта 1 111 сынама іріктеп алды. Олардың 72,3% -і тағам өнімдері болса, қалғаны тамақ емес өнімдер үлесіне тиеді. Сараптама нәтижесі бойынша өнімдердің 86 үлгісі техникалық регламент талабына сай емес екені анықталды. Атап айтқанда, 14-інде микробиологиялық, 6-уында физикалық-химиялық, 60-ында таңбалану бойынша кемшіліктер бар.

«Ет өнімдерінің жартылай фабрикаттарынан ішек таяқшасы тобының бактериясы анықталды. Физикалық-химиялық көрсеткіштер бойынша сәйкессіздіктер кілегейлі май, ультрапастерленген сүт өнімінде анықталды. Мәселен, май қышқылдарының массалық үлесінің қосынды пайызы бойынша техникалық регламенттер талабына сай емес. Сондай-ақ сергітетін энергетикалық сусын құрамындағы кофеин нормадан тыс екендігі белгілі болды. Бұдан бөлек, ет өнімдерінің жартылай фабрикаттарындағы ылғалдылық көрсеткіштері де шамадан тыс болып шықты»,  деп мәлім етті департаменттен.

Ведомство мәліметінше, техникалық регламент талабына сәйкес келмеген тағам өнімдері сатылымнан алынды.