Зауыттың қоғаммен байланыс бөлімінің мәліметінше, «KEGOC» АҚ электр қуатын жоспардан тыс тоқтатып тастаған. Соның салдарынан Атырау мұнай өңдеу зауытының жұмысын авариялық жағдайда тоқтатуға мәжбүр болған. Төтенше жағдайдың алдын алу үшін сыртқы электрмен жабдықтау жүйесі толық тұрақтанғанша, зауыттың отын желісі технологиялық регламентке сәйкес алау жүйесіне бағытталған.
Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры Мұрат Досмұратовтың мәліметінше, электр энергиясының өшуінен бастапқыда екі қондырғының жұмысы, кейін зауыттың өндірісі толық тоқтап қалған. Мұнайды бастапқы кезеңде айдайтын тек екі қондырғының жұмысын сақтап қалуға мүмкіндік туған. Қондырғыларды істен шығару кезінде барлық газ алау шаруашылығына жіберілген. Бұл – қондырғыларда депрессия болмауы үшін автоматты түрде жасалатын үдеріс. Зауыт қондырғыларына келген зиян туралы айтуға әлі ертерек. Өйткені бұл қондырғыларды іске қосу кезінде анықталады.
– Қазір біздің зауыттың қорында 26 мың тонна бензин, 22 мың тонна дизель отыны, 4 мың тонна керосин бар. Бензин мен дизель отыны тұтынушыларға 5-6 күнде, керосин бір аптада жөнелтіледі. Ал зауыттың қондырғыларын сынақтан өткізуді, іске қосуды бастау үшін электр қуатын беруді қалпына келтіру қажет. Бұл – қысқа мерзім ішінде екінші рет қайталанған апаттық өшіру. Біз өткен жұмада электр энергиясына байланысты екі қондырғының жұмысын тоқтатқан едік. Сол қондырғыларды іске қосуға бір жарым күн кетті. Қазіргі ахуал мүлдем басқаша болып отыр. Енді қондырғыларды мұнай өнімдерінен, катализатордан тазарту қажет. Сондықтан барлық қондырғының жұмысын қалпына келтіруге қанша күн кететінін болжау мүмкін емес, – дейді М.Досмұратов.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, Атырау облысындағы ауа райының қолайсыздығынан «Құрманғазы» мұнай айдау стансасына энергия жеткізетін бағанадағы 220 кВ-тық екі электр желісі бір мезгілде өшіп қалған. Электр желісі «КТК» АҚ-ның теңгеріміне алынған. Электр беру желілерінің бағаналары құлаған. Осыған байланысты «КТК» АҚ-ның Қазақстандағы желісін энергиямен қамту 16 МВт-ға дейін шектеліп отыр. Ал Атырау мұнай өңдеу зауытында қоректендіруші желілердің іске қосу тетіктері, «Karabatan Utility Solution» электр стансасының энергия жүйесімен байланыс желілері өшкен. Осының салдарынан электр стансасы генерацияны нөлге дейін төмендетті.
«КТК» АҚ-ның мәліметіне қарағанда, Қазақстан аумағындағы «Құрманғазы» және «Исатай» мұнай айдау стансалары резервтік көзден электр энергиясын алып отыр. Бірақ аталған нысандарда төтенше жағдай қаупі туындамаған. Тек сорғы қондырғыларын іске қосу технологиялық себеппен мүмкін болмай тұр.
Облыстық экология департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Атырау мұнай өңдеу зауытының санитарлық қорғау аймағының шекарасында атмосфералық ауадан сынама алу басталды. Экологтердің жедел әрекет етуіне зауыттағы алау қондырғысында қара түтіннің будақтағаны себеп болып отыр.
«Жедел әрекет ету мақсатында департаменттің зертханалық-талдамалық бақылау бөлімінің мамандары Атырау мұнай өңдеу зауытының санитарлық-қорғау аймағының шекарасында атмосфералық ауаның сынамаларын алды. Сынамаларды талдау қорытындысы қосымша хабарланады», деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.
Атырау облысы