«Қазақстанның транзиттік әлеуеті өте зор. Тасымалдаудың негізгі түрі – темір жолдар болып отыр. Жүк пойыздарының жүк айналымындағы үлесі 90%-дан асады. Транзиттің негізгі бағыты Қытай – Еуропа – Қытай бағытына тиесілі», деген Президент кейде транзиттік пойыздар тексеруден өту үшін өте ұзақ уақытқа, тіпті 10 күнге дейін тоқтап қалатынын, осы ретте қатаң кедендік бақылау қажетін, процестерді жеделдету үшін заманауи тиімді тәсілдерді пайдалану керегін атап өткен-ді.
Биыл елімізде темір жол арқылы жүк тасымалы көлемін 420 млн тоннаға, транзиттік тасымалды 24,5 млн тоннаға, ал контейнердегі жүк транзитін 1,1 млн ЖФЭ-ге (жиырмафуттық эквивалент) жеткізу міндеті тұр. Жалпы, елдің транзиттік-көліктік әлеуетін дамытудың негізгі көрсеткіштері «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйверлері» ұлттық жобасында айқындалған. Соған сәйкес 2025 жылға дейін Қазақстанда транзиттік тасымал көлемін 30 млн тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр. Осы мақсатта темір жол инфрақұрылымын салу, жылжымалы құрамды жаңарту, жүктерді контейнерлендіру, балама бағыттар мен халықаралық дәліздерді дамыту бойынша шаралар қабылдануда.
Соның біріне темір жол көлігі саласында «тар» жерлердің өткізу әлеуетін арттыруға арналған инфрақұрылымдық жобаларды атап өтер едік. Осы бағытта 2025 жылға дейін үш негізгі жобаны іске асыру жоспарланған. Біріншісі, Достық – Мойынты. Бұл жоба іске асқан кезде Қытай мен Еуропа арасындағы транзиттік тасымал көлемі, учаскенің өткізу қабілеті 5 есеге дейін ұлғайып, тасымал жылдамдығы тәулігіне 1 500 шақырымды құрайды деп күтілуде. Екіншісі, Дарбаза – Мақтаарал жобасы Орталық Азия елдеріне транзиттік қашықтықты қысқартып, қолданыстағы өткізу пункті арқылы Өзбекстанға шығуды қамтамасыз етпек. Ал алдыңғы екеуінен кем емес келесі маңызды жоба Алматы стансасының айналма темір жол желісіне қатысты болып отыр. Бұл жоба Алматы торабына түсетін жүктемені 30%-ға азайтып, жүктерді жеткізу уақытын 24 сағатқа дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
Келесі бір іс-шара жылжымалы құрамды жаңартуға бағытталған. Бұл бағытта біраз жағымды өзгерістің болатыны белгілі болып отыр. Мәселен, отандық вагон жасауды қолдау мақсатында елімізде шығарылатын вагондарды сатып алуға несие бергенде, вагон операторлары үшін сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Осы бағдарлама шеңберінде 3 500 фитингілік платформа және 2 мыңнан астам жүк вагоны сатып алынған. Сондай-ақ биыл «ҚТЖ» ұлттық компаниясы 1 500 жүк вагонын сатып алуды жоспарлап отыр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жүк тасымалдарын одан әрі дамыту мақсатында отандық электровоздар мен тепловоздарды сатып алғанда сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау түрінде қолдауды заңнама шеңберіне енгізуді ұсынды.
Қазір әлем елдері жүктерді контейнерлермен тасымалдауға қарқынды түрде көшіп жатыр. Осыған орай, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясымен бірлесіп тасымал нарығына мұқият талдау жүргізіп, экспорттық жүктерді контейнерлеудің болжамды көлемін және контейнерлерге қажеттілігін айқындаған. Бастапқы кезеңде 2 млн тонна жүкті контейнерлендіру жоспарланып отыр. Қытаймен шекарадағы карантиндік шектеулерге байланысты еліміздің негізгі кәсіпорындары, Арселор Миттал, ERG, Қазмырыш, Қазхром, Қазминералс және YDD өз жүктерін контейнерлеуге қызығушылық білдірген. Экспортты тасымалдау үшін «Қазақстан темір жолы», Исткомтранс және Fesco көлік компаниялары жеткілікті контейнерлік паркін құру мәселесін қарастыруда. Сериялық өндірісті 2022 жылдың желтоқсанында жүзеге асырып, жылына 10 мың контейнерге дейін өндіру жоспарланған. Мәселен, «Қазақстан Инжиниринг», KLMZ «Мэйкер», SMP Group және FESCO отандық зауыттар базасында 20 және 40 футтық контейнерлер, сондай-ақ рулонды болат пен кен жүктеріне арналған контейнерлер өндірісін жолға қою жұмысы жүргізілуде. Осы ретте «Өнеркәсіпті дамыту қоры» отандық контейнерлерді өндірушілер мен сатып алушылар үшін жеңілдікпен кредит беру тетігін іске қоспақ.
Жалпы, 22 млн тонна экспорттық жүкті контейнерлерге қайта бағдарлау көзделіп отырған көрінеді. Бұл қосымша 117 мыңға жуық контейнерді қажет етпек. Ал отандық өндірісті жолға қою контейнерлердің жеткілікті паркін қалыптастыруға, тасымалдарды контейнерлеу үлесін 30%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Қазіргі бәсекеге толы нарық заманында еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі экспорттық және транзиттік жүктерді тасымалдау үшін баламалы бағдарлар мен дәліздерді пысықтап, жүктерді жеткізудің логистикалық тізбектерінің бұзылуын болдырмау үшін жедел шаралар қабылдаған. Бұл туралы ведомство басшысы Қайырбек Өскенбаев мәлім еткен болатын.
«Экспорттық жүктер Латвия порттарына, яғни Лиепая, Рига, Вентспилс және Транскаспий халықаралық көлік бағдарына бағытталады. Көлік-логистикалық компаниясына ұқсас Транскаспий бағдары шеңберінде Әзербайжан, Грузия және Түркия елдерімен бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімге қол жеткізілді», деген еді ол.
Транскаспий бағдары бойынша жүк тасымалын дамыту мақсатында «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында «Контейнерлік хаб» құру жоспарлануда. Осы жобаны іске асыру үшін сингапурлық PSA International компаниясымен келіссөз жүргізілген. Сонымен қатар Maersk, MSC және Cosco Shipping сияқты әлемдік контейнерлік операторларының паркін тарту көзделуде. Жеке бизнесті тарта отырып, сауда флотын
4 пароммен толықтыру жоспарлануда. Биыл шамамен 4 млн тонна экспорттық жүкті қайта бағдарлауды ескере отырып, Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы тасымал көлемін 10 млн тоннаға дейін жеткізу межеленген.
Темір жол инфрақұрылымын және транзиттік әлеуетті дамыту «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ үшін де күн тәртібіндегі басты мәселе. Өйткені, компанияның негізгі кірісі осы транзиттік тасымалдан түсетіні белгілі. Былтыр Қазақстан арқылы 1 млн 066 мың контейнер тасымалданған. Бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 4,3 есеге көп. Халықаралық сарапшылардың есебі бойынша, Қытай/Оңтүстік Шығыс Азия және Еуропа арасындағы контейнер ағынының 5-8%-ы Қазақстанға тиесілі.
Негізгі транзиттік дәліз – Қытай – Еуропа – Қытай бағыты. Бұл аралықты Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінің темір жол әкімшіліктерінен құрылған ОТЛК ЕРА бірлескен кәсіпорны жүзеге асырады. ҚТЖ Middle дәлізін дамыту үшін Әзербайжан мен Грузияның темір жол әкімшіліктерімен де дәл осындай бірлескен кәсіпорын құру туралы бастама көтерілген.
Былтыр жүк айналымы 239,3 млрд т/км жетті. Бұл тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғары көрсеткіш. Ал транзит 39,6 млрд т/км немесе 21 млн тоннаны құрады. Транзит өткен жылғы деңгейден 2%-ға көбейді. Жалпы табыс 120,6 млрд теңгеге жетті. Бұл алдыңғы жылы түскен пайдамен салыстырғанда 7,4 есе көп.
Сұлугүл БАКЕСОВА,
журналист