Әлем • 28 Шілде, 2022

Азия атом энергиясынан үміт күтеді

423 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Энергетика саласындағы бағаның өсімі көптеген мемлекеттің жоспарын өзгертуге итермелеп жатыр. Мұнай мен газ құнының көтерілуі оңайға тиер түрі көрінбейді. Сондықтан шартараптың түкпір-түкпірінде балама энергетика көзі ретінде атом электр стансаларын пайдалану туралы әңгіме жиі көтеріле бастады. Әсіресе Азия елдерінде ураннан үміттенетіндер қатары көбейген.

Азия атом энергиясынан үміт күтеді

Өздеріңізге мәлім, Париж келісіміне сәйкес жер-жаһанның елдері ауаға та­рай­тын көмірқышқыл газын азайтуға келіскен болатын. Соған сәйкес, әр мемлекет жыл сайын кезең-кезеңімен парникті газдар шы­ғарылымын тө­мен­детуге тиіс. Бірақ қа­зіргідей газдың құны еселеп артқан шақта бұл қиын шаруаға айналатын түрі бар.

Ендеше, қазба отынға балама, тез арада көп мөлшерде өнім беретін қандай энергетика көзі бар? Мұның бірден-бір жауабы – атом электр стансалары. Жел, күн және су секілді баламалы энергия көз­дері АЭС секілді қомақты мөл­шерде электр тоғын шы­ғара алмай­ды. Сарап­шылар Азиядағы бір­неше мем­лекеттің уранды пайдалануға қызығуын осымен түсіндіреді.

Осыдан он жылдай бұрын Фукуши­ма­дағы АЭС-те апат болып, оның зар­дабы әлі күнге дейін жойылмағаны бел­гілі. Соған қарамастан, Жапония уран­ның энергиясын пайдалануға қайта қы­зығып отыр. Ел үкіметі апаттан кейін тоқтатылған атом электр стансаларын іске қоса бастады. Премьер-министр Фумио Кишида алдағы уақытта 9 реактордың жұмысын жандандыратынын мәлімдеді.

Оңтүстік Корея президенті Юн Согель екі реактордың құрылысын жалғастыруға шешім қабылдады. Сонымен қатар жұмыс істеп тұрған атом стансаларының қызмет ету мерзімін ұзартты. Осылайша, кезең-кезеңімен уран энергетикасынан бас тарту туралы бастама кейінге шегерілді.

Фукушимадағы апаттан кейін атом стансалары құрылысына мораторий енгізген Қытайда жаңадан 52 реактор салынбақ. Қазіргі таңда кейбірінің құрылысы басталып кетсе, енді бірі жоспарланып жатыр. Үндістан мен Пәкістан да ядролық әлеуетін ұлғайтуды көздейді. Сондықтан аталған екі елде жаңа реакторлар жобасы пысықталу үстінде.

Тіпті ядролық отынға қарсы көзқарас басым Тайвань да энергетикалық қа­уіп­сіздігіне алаңдап отыр. Сондықтан арал­дың қажетін толықтай қамтамасыз ету мақсатында атом энергиясын қолдану туралы әңгіме де жиі айтыла бастады. Мұ­ның бәрі Азия елдерінде уранды бейбіт жолда пайдаланып, электр тоғын өндіруге қолдану мәселесі күйіп тұрғанын көрсетеді.

Al Jazeera арнасына берген сұхбатында Сеул университеті энергетикалық қауіп­сіздік стратегиялық зерттеулер орталы­ғының директоры Ан Се Хюн табиғи газ­дың бағасы күрт өскенде, атом энергиясы бірден-бір жылдам шешім екенін айтады.

Кейінгі кезде Еуропалық одақ та атом электр стансаларына қызығып отырғаны белгілі. Тіпті оны «жасыл отын» қатарына енгізу туралы да әңгіме қарт құрлықта жиі талқыланады. Бірақ таяқтың екінші ұшы бар. Әрине, уранды электр тоғын өндіру ре­­тін­де пайдалану көмір мен қазба отын тұ­ты­нуға қарағанда әлдеқайда тиімді. Тіп­ті ауаға парникті газ бөлмейді деп айта ала­мыз.

Дегенмен АЭС-те қолданылатын өнім – шала байытылған уранның қал­дығы табиғатқа зиян. Оны арнайы контей­нерлерге салып, белгілі бір жерлердегі банктерде сақтау қажет. Бұл – мәселенің бір жағы ғана. Екіншіден, уран өндіру кезінде ауаға әжептәуір көмірқышқыл газы бөлінеді. Яғни атом энергиясы біз күткендей экологиялық таза, саф тәсіл емес. Сарапшылар тіпті уран өндіру ке­зінде шығарылатын парникті газдар қазба отыннан аз емес екенін алға тартады.

Бірақ мұндай қауіп Азия елдерінің бағытын өзгертпейтін секілді. Мысалы, Жапония тұтынатын энергетикасының 98 пайызын импорттайды. Сондықтан ниппондар елі сұйытылған табиғи газға иек артып отыр. Қазіргі таңда Хонсю мен Хоккайдоға әкелінетін мұндай өнімнің 9 пайызы Ресейден келеді. Украинадағы соғысқа байланысты бұл да тоқтап қалуы мүмкін. Осыған байланысты Nikkei газеті наурыз айында сауалдама жүргізген екен. Респонденттердің 53 пайызы тоқтап тұр­ған атом стансаларын қайта іске қосуды қолдайтынын мәлімдеген.

Қытай да атом электр стансаларынан үлкен үміт күтеді. Бейжің билігі 2025 жылға қарай өзінің ядролық энергетика өндірісін 40 пайызға арттырып, 70 гигаватқа дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Дүниежүзілік ядролық қауымдастықтың мәліметіне сүйенсек, Қытай кейінгі он жылда ядролық энергия өндірісін шамамен 400 пайызға арттырған. Осы кезеңде салынған 68 атом реакторының 39-ы аталған елге тиесілі.

Қысқасы, Украинадағы соғыс көп­ші­лікке қол байлау болып тұр. 2050 жылға дейін парникті газдар көлемін кезең-кезеңі­мен қысқартуға тиіс елдер енді тез арада атом энергетикасына көшуге мәжбүр. 

а