Қоғам • 29 Шілде, 2022

Жолаушы тағдыры – жүргізушіге аманат

358 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қиыр-қиыр бағыттарға асыққан шиыр-шиыр жол көп. Жол қанша көп болса да, жол үстінде бір-бірімен жарыса алға ұмтылып, шартарапқа жөңкілген көліктер легі толас таппайды. Жол бойында оқыс оқиғалар көбейіп барады.

Жолаушы тағдыры – жүргізушіге аманат

Түрлі апаттың себебі техникалық ақау, көлік тетіктерінің жүріп келе жатқанда істен шығуы, жол сапасы ғана емес, өкінішке қарай, адами фактордың әсері де ерекше басымдыққа ие. Ішімдік ішіп көлік жүргізетіндер мен бейқамдыққа берілу, яғни сақтық шараларын ұмытып жолда ұйықтап кету, өзара жарысу немесе кейбір такси жүргізушілері арасындағы өзара бәсекелестік жағдайлары жолдағы қайғылы оқиғаларға негіз болып тұр.

Жуырда Маңғыстау облысында жол бойында екі жүргізуші түсініспей қалып, бір-біріне қол жұмсауға дейін барған. Ерегіс нәтижесінде алған соққылар салдарынан 67 жастағы қарт жүргізуші қайтыс болып, екінші тарап, яғни жас жүргізуші жігіт құқық қорғаушылардың қолына түсті. Осы­лай­ша, екі адамның тағдыры талқан болды, артында қайғыдан зар еңіреп отбасылары қалды.

Жол-көлік оқиғаларына себепші болатын адами фактордың бірі – мінез-құлықтан туындайтын келеңсіз қылықтар. Кейбір таксистердің жолаушыға таласып, жолындағыны басып озып, уақытпен жарыса жүйіткіте жөнелуінің соңы талай қайғылы жағдаймен аяқталды. Бірақ ол қасіреттен сабақ алып, сабаға түсіп жатқандар шамалы. Мұны жолға шыққан жан оңай аңғарады. Басып озу үшін тар жерде қарсы жолаққа шығу, арнайы белгілермен тыйым салынған тұстарды көзге ілмеу, жол бойында қалғып кету жағдайлары жиі кездесіп жүр. Өзара бәсекелестік, құстай ұшып жарысу, жолаушыға таласу – белсенділік, жауапкершілік емес, тек құнығу ғана. Әрбір жүргізуші өз мойнында көлігіндегі немесе жол үстіндегі бүкіл жолаушының тағдыры, жауап­кершілігі, обал-сауабы барын сезін­бей­тін­дей. Бірін-бірі жарты жолда қалдырсам, бұрын жетіп жолаушыны алдымен қармағыма ілсем деген өлермендік жүргізушілер арасында теке­тірес, ерегіске ұласып, ұрыс-керіс, боқтап-бала­ғаттау, жұдырық ала жүгіру сынды өрескел әрекеттерге ұласады. Бұған Маңғыстау облысында екі жүргізуші арасында орын болған дәлел.

Жол бойында мінез көрсетіп, мықтылықты дә­лел­дейтін орын емес, ол барынша қауіпті кеңіс­тік, жол үстінде қандай жағдайда да сабыр мен ұс­тамдылыққа басымдық беріп, байсалдылық пен ақылға жеңдіріп отыру қажет-ақ. Бірақ бұл – өте қиын нәрсе, өзінің ерік-жігерін бағындыра білу кез келгеннің қолынан келе бермейтін қасиет. Ал «жол үс­тінде жынды» болып жүру – оңай, ол жеңілтек мінез иелеріне тән.

Жол үстіне, әрбір тасымал мәселесіне тек табыс деп емес, тағдыршешті сапар деп қарау керек. Жол бо­йында тәртіп сақтауды жүргізушілер қашан басты жауапкершілік етіп ұстанар екен?!

        

Маңғыстау облысы