Спорт • 29 Шілде, 2022

«Классиктер» жүлделі болды

123 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл күндері Италия астанасы – Римде 17 жасқа дейінгі балуандар ара­сын­дағы әлем чемпионаты өтіп жа­тыр. Жасөспірімдердің жаһандық бәсе­кесінде қазақстандық балуандар да өнер көрсетуде.

«Классиктер» жүлделі болды

Жарыстың алғашқы күнінде грек-рим күресінің балуандары жүлделерді сарапқа салды. Бұл сында ел намысын қорғаған екі спортшымыз жүлдегер атанды. Атап айтар болсақ, 48 килоға дейінгі салмақта күрескен Арсен Жұма қола жүлде үшін өткен белдесуде армениялық Тигран Галстяннан басым түссе (5:3), 60 килода бақ сынаған Юсуф Ашрапов ел қоржынына екінші қола жүлдені салды. Ол үшінші орын үшін өткен кездесуде ирандық Аболфазл Хоссейн Миршекармен күш сынасып, аса тартысты өткен жекпе-жекте 11:10 есебімен жеңіске жетті.

Өкінішке қарай, Бекнұр Мұқан мен Серғазы Әбдіхадыр (65 кг) қола жүлде үшін белдесуде ирандық және өзбекстандық қарсы­ластарынан жеңіліп қалды. Грек-рим күресінен жалпыкомандалық есепте Иран құрамасы көш бастаса, Әзербайжан мен Грузия үштікті түйін­деді. Кеше бозкілемге бұрымды балуандар шығып, өзара кім мықтыны анықтады.