05 Мамыр, 2014

Теңге-бала кішкентай оқырмандарға жол тартты

305 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Жақында балаларға арналып жарық көрген «Теңге-бала» атты кітап алдағы уақытта аса танымал болатын сыңайлы. Онда қазақстандық ақшалардың тарихы, олардың адамдар мен отбасылар арасындағы, ұлан-ғайыр қазақ жерінде сандаған ғасырларда бір-бірін алмастырған тұтас мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастарды дамытудағы орны мен рөлі жайлы жатық тілмен жақсы баяндалған. Корганбек-Алевтина Донских (фото Ю.Беккера)Теңге туралы кітап тұңғыш рет балаларға арналып отыр. Ал қандай да бір ілкімді оқиғаның алдында «тұңғыш» деген сөз тұрғаны әрқашан ғанибет. Егер сол оқиғаның авторы өзіңіздің әріптесіңіз, біздің «Егеменмен» қанаттас «Казахстанская правда» газетінің арнаулы тілшісі, елімізге танымал журналист Алевтина Донских болса, тіптен сүйініші мол. Алевтинаны қазақстандық іскерлік журналистиканың майталман шебері деп таниды жұртшылық. Олай болса, ұлттық валютамыз туралы бейілді білгірлікпен жазылған мына қызғылықты да пайдалы кітап бізге біртабан жақынырақ. Мұндай басылым балаларға арналып жазылуы да тұңғыш рет. Кітаптың тұсаукесері кезінде айтылғандай, бұл сөз жүзінде емес, нағыз іс жүзінде балалардың қаржылық сауатын ашу жолындағы нақты қадам болып табылады. Кітап шын мәнісінде ғажап. Онда небір танымдық деректер кездеседі. Ақшаның дүниеге келуі туралы көптеген тарихи мәлі­меттерге қанығасыз. Дәл осы себептен де ол бір деммен оқы­лады. «Теңге-бала» сирек дәйек­термен, қызғылықты тарихи мағ­лұ­маттармен балалардың ғана емес, үлкендердің де ой өрісін кеңейтуге көмектесері анық. Кітаптың алғысөзінде Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының төрағасы Серік Аханов кішкентай оқырмандарға арналған мұндай басылымдар әрқашан қызғылықты әрі, ең бастысы, танымдық тұрғыдан зерделі болатындығын атап көрсетті. Сонымен бірге белгілі экономист-ғалымның мұнда әлем тарихына ықпал етуге қабілетті ақшаның қуат-құдіреті терең де астарлы, көркем де көрікті мағынасымен ашылған деген сөздерін де құп көрдік. Енді біздің Алевтинаға келер болсақ, ол – білімі бойынша математик, ал құштарлық-қалауы бойынша журналист. Сонымен бірге, ол дүниеде болып жататын күрделі жайларды өз балаларына қарапайым да ұғынықты тілмен түсіндіруге тырысатын ана. Дәл осы қасиеті оған қаржы және қазақстандық валютаның өмірге келуі туралы балалар кітабын ұғынықты жазып шығуға көмектескен жайы бар. Оның баяндауы осындай пәнді әдепкі мектептің 5-6 сынып оқушыларының миларына мияттап құйып түсінікті оқытқандай әсер қалдырады. Соңғы 15 жылда осы тақырыпқа үзбей жазып жүрсе де, автор мына жанына жақын жинақты дайындау үстінде қаржы тарихы туралы өзі де жаңадан көп нәрселерді анықтап білгенін мойындайды. Бұл тақырыпқа келуі де жайдан-жай емес. 1999 жылғы теңге девальвациясы кезінде оған редакция басшылары: «Сен – математиксің, қаржы жайында сен жазуың керек» деген болатын. Міне, сол кезден бері, өзі айтқандай, қаржы жырын жырлап келеді. Ал қаржы жыры болса таусылар емес. Егер бұрын қаржы жайында жай ғана ересектерге арнап жазса, бүгінде жаңа биіктерді бағындырып, қаржы жырын балаларға арнады. Мектеп оқушылары өздеріне арналған қаржы туралы кітапты қазірдің өзінде бағалап жатыр. Мысалы, алматылық №7 мек­теп-лицейдің оқушысы Әсел Құмарбекова былай деп жазыпты: «Осы кітапты оқып көп жаңа нәрселерді білдім. Сөйтсем, ақша адамзат тарихында қазіргідей болғанға дейін үнемі өзгеріп отырған екен ғой. Ең алғашқы ақшалар Месопотамияда шығып­ты». Сондай-ақ, балалар «Теңге-баланың» арқасында көптеген ғибратты мақалдарды да алғаш білуде. Айтар болсақ, «Жүз теңгең болғанша, жүз досың болсын», «Теңге тиыннан құралады», т.с.с. «Теңге-баланы» жазу туралы ой біздің валютамызға он бес жыл толған кезде туындапты. Бірақ кітапты бірден шығаруға мүмкіндік болмапты. Ақыры оның тарауларын Хоум Кредит Банктің басшылығы көрген кезде басылымның бағы ашылған екен. Мұндағы тарихи мағлұматтарға, оқыс теңеулерге, халықтардың экономикалық тарихында ғибратты істер тындырған біртуар тұлғаларға, баяндаудың ғажаптығына сүйсінген банктегілер оны кітап етіп шығаруды ұйғар­ған. Банкирлер мұндай кітап­тардың өскелең ұрпақтың қар­жылық тұрғыдан дамуына кө­мектесетініне кәміл сенеді. Ондай ұрпақ болашақта банктің сауатты клиенттері болмақ, өз қаржыларын дұрыс басқармақ, банк шытырмандарында оңай бағдар таппақ. Ал кредит пен депозиттің не екенін білетін клиенттер өз салымдарының сенімді ақтап қана қоймай, сонымен бірге, олардың Қазақстан экономикасын дамытудың ұтымды құралы болатынын жақсы түсінеді. Аталмыш кітаптың құндылығы да, міне, осында. Кітаптың таралымы Қазақ­станның балалар кітапха­наларына, балалар үйлеріне және қоғамдық қорларға тарту етілді. Ол жерлерде де авторды қатыстыра отырып «Теңге-баланың» тұсаукесер рәсімдері өтпек. Сондай-ақ, кіш­кентай оқырмандарға жол тартқан «Теңге-баланы» қазақ тіліне тәр­жімалау жағы да ойластырылуда. Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ. Суретті түсірген Юрий БЕККЕР.