Елорда • 29 Шілде, 2022

«Мерейлі отбасы-2022»: Елордада комиссия отырысы өтті

446 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласында «Мерейлі отбасы-2022» ұлттық байқауын өткізуді ұйымдастыру жөніндегі қалалық комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

«Мерейлі отбасы-2022»: Елордада комиссия отырысы өтті

Комиссия мүшелері елордада отбасылық құндылықтарды дәріптеуге және отбасы институтын арттыруға бағытталған ұлттық байқауға бақ сынауға өтінім берген отбасылардың ішінен үздігін таңдау үшін, 151 құжатты қарап, бейне роликтерді көрді.

Биылғы байқау комиссиясының құрамында Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, Нұр-Сұлтан қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов, қала әкімінің кеңесшісі Қарақат Әбден, «Отбасылық табыс орталығы» ҚҚ директоры Роза Бекішева, «Ағабек Қарабеков атындағы» қоғамдық қордың директоры Роза Қарабекова, «Рухани ҚОҒАМ ӘЛЕМІ» қоғамдық қорының директоры Лимана Қойшиева, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша «Мерейлі отбасы-2021» ұлттық байқауының жеңімпазы Алма Сайлауқызы, Нұр-Сұлтан қаласы ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы Алтынай Тәңірбергенова бар.

Үздік отбасыларды айқындау туралы шешім қабылдау кезінде комиссия мүшелері отбасы мүшелерінің әрқайсының жеткен жетістіктеріне, оның маңыздылығына мән берді (отбасы тарихы – визит картасы – таныстыру рәсімі). Сол сияқты отбасылық дәстүрлер мен жәдігерлері, рухани-адамгершілік құндылықтары, балалары мен немерелерінің шыққан биіктері назардан тыс қалмады. Ал ата-аналардың жетістіктері, отбасы құрамы, әрқайсысының дарыны да ескерілді. Отбасының өмір салты (салауатты өмір салты, бос уақытты өткізу), қоғамдық пайдалы қызметке қатысу (волонтерлік, қайырымдылық, меценаттық), қамқоршысы жоқ балаларға қамқоршылық, тәлімгерлік істері де есепке алынды.