Аңызға бергісіз әбеқоңыр әңгіме. Картина сөйлейді, біз тыңдаушымыз. Белгілі суретші Камила Жапалованың өмір өрнегі. Қазір Жайық өзенінің оң жағасында сол алып қаланың қираған құландысы ғана жатыр. ХІІІ-ХVІ ғасырларда батыс пен шығысты жалғаған Ұлы Жібек жолының бойындағы берекелі бекеттің жанына бүккен бір сыры бар. Сол сыр «Алтын қайық» болып бояуға айналған. Әпсанада да астар жатады. Тарланбоз тарихшы Әлкей Марғұланның зерттеуіне сүйенсек, Сарайшық әйгілі Алтын Орда мемлекетінің астанасы Бату Сарайымен қатар, ХІІІ ғасырдың орта кезінде салынған қала.
Сол сәукелелі Сарайшықтан таған тарта қалсаңыз, «Алтын қайық» жайлы әсерлі әңгіме менмұндалайды. Бізді еліктірген де осы ойлы оқиға. Өркендеу кезеңі Алтын орданың билеушісі Өзбектің ұлы Жәнібек ханның (1341-1357) тұсына сәйкес келеді. Пайымды патша күн кідіртпей өтіп жатқан керуеннен түскен табысты қарашаның игілігіне жұмсап, қаланың көркеюіне атсалысқан. Талайды тамсандырып, таңдайын қақтырған «Аққу көлін» Жәнібек хан осы кезеңде салдырған.
Ханның сүйікті қызы бір сәт табиғат аясында серуендемесе жаны жай таппайды екен. Көбіне су жағасына барып, жағада жүзген балықтарды тамашалап, топталып ұшқан құстарды қызықтап, жайқала өскен гүлдердің жұпарына мастанып, ордасына қайтады. Осыны байқағанын әкесі уәзірлеріне дереу тапсырма беріп, сүйікті қызына Сарайшықтың күн батыс жағынан жасанды көл жасатады. Көлдің суын мезгіл-мезгіл ауыстырып, әрбір таза су құйған сайын көл бетіне секер себуді бұйырады. Қантқа толған көлдің тәттілігі сонша аққулар жиі қонақтаған. Кейін жұрт көркем көлді «секер көл» немесе «аққу көл» деп атап кеткен.
Хан бұл істі еріккеннен емес, үлкен парасаттылықпен жасатқан. Қызметкерлеріне оңтүстіктің бал татыған жеміс ағаштарының түр-түрін алдырып, көл жағалай отырғыздырады. Балғын көшеттер жерсінгенше сол жақтың шебер бағбандарын жалдайды. Осы ғажайыпты көзімен көріп, куәгер болған итальяндық саяхатшы әрі жиһанкез Франческо Пеголотти өз күнделігінде «...сол кездерде бау-бақша отаны атанған парсыларда кездеспеген жүзім мен жеміс ағаштарының ерекше түрлері Сарайшықта өседі екен» деп жазған. Алыстан ат терлетіп келген жолаушы Аққу көліне аялдамай кетпеген.
Уылжып піскен, дәмі тіл үйіретін небір жемісті көрген жиһангездер ағаштардың көлеңкесінде демалатын болған. Ағаш аясында шалқасынан жатып, үзіп жеген жемістерін елдеріне барғанда аңыз қылып айтады екен. Мұны естіген шетелдіктер Сарайшықты бір көруді армандап, секер көлде серуендеуді мақсат еткен. Көлдің тәтті болуының тағы бір себебі, Жәнібек хан көл жағасына жиі-жиі мия ектірген. Мия тамырының бал татитыны бәріңізге аян.
Хан жалғызына аққу пішіндес қайық жасатып, балапанының жұмақта жүргендей сезінгенін қалаған. Қызы алтын қайығына мініп, аптасына үш-төрт рет серуенге шығады екен. Ол серуенге шыққанда қала тұрғындары мен керуеншілер көл жағасына көптеп жиналатын болған. Ханның қызы қанша дәулетті болғанымен, өте кішіпейіл, қарапайым қалпынан айнымаған. Көл жағасына жиналғандарды қайығына кезек-кезек отырғызып, ары-бері қыдыртады. Тіпті айдың жарығымен бірге көңіл сергітуге шыққан құрбы-құрдастарына қосылып:
Сарайшықтың саздары,
Қаңқылдайды қаздары.
Су сұраса, бал берер,
Біздің елдің қыздары,
деп әндететін де болған.
Хан ордасында көлге қонған аққу-қаздардың басқа жаққа ұшып кетпеуіне барлық жағдай жасалған. Ханшайым достарына қосылып, аққу мүсінді алтын қайығымен құстарға дән беріп, бірте-бірте қолға үйреткен. Олардан қауіп-қатердің келмесін сезген ақ қанаттылар арулардың алақанын қытықтап, жем де жеген. Әйтсе де, қуанышты күндер көпке созылмайды. Кенеттен келген дерттен ханның қызы көз жұмады. Бойжеткен небәрі он бес жаста еді. Құлынының жасауын күні бұрын әзірлеп, жазғы салым ұзатқалы отырған әкесі қайғыдан қан жұтады. Ханшайымның қазасы мұқым халықтың қабырғасын қайыстырады.
Жалғызынан айырылған патша өзі сенетін жеті адамды шақырып, қызын бүгін түнде жерлеуді тапсырады. Қызын алтын табытқа салдырып, алтын қайығы мен қайыры жоқ алтын жасауларын бірге жерлеуді, жерленген орынды ұшқан құс, жүгірген аң, екі аяқты жан білмейтіндей құпия ұстауды, ал сенімінен шықса, әрқайсысына алтын қайықтың құнындай байлық беретінін айтады. Жалданған жетеу айдың жарығымен аруды арулап, қара жерге тапсырады. Алайда хан жерлеуге қатысқандардың елге келісімен басын алады. Қыздың жасауы көмілген тұстық топырақты содан бері ешкім тапқан емес.
Әрине, бұл ел аузында жүрген аңыз. Қылқалам шебері Камила Жапалова осы әпсанаға сүйеніп оқиғаны кенепке түсірген. Ғажайып шығарма кімді де болсын елең еткізбей қоймайды. Батик әдісімен жібек матадан тоқылған туынды тарихтың таралғысы. Бұл оқиғаны жазушы Рақымжан Отарбаев та «Шыңғыс ханның көз жасы» хикаятында қолданады. Психологиялық иірімге толы философиялық туындыда да хан қызының өмірін тәтті етуге тырысқанымен, тағдырға амалы жүрмейді. Дәл шебер салған суреттегідей.