Қаржы • 31 Шілде, 2022

Банктерден депозит «қашты»

312 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстандық екінші деңгейлі банктердегі салым көлемі азайып жатыр. Соңғы бір айда депозиттік портфель 558,4 млрд теңгеге қысқарған. Қазір қаржы институттарындағы салым көлемі – 24,4 трлн теңге. 558,4 млрд теңге – қайта соншалықты орасан қысқару емес, азаматтар банктерден сәуірде – 738,7, ал наурызда 910,8 млрд теңгені қайтарып алған еді.

Банктерден депозит «қашты»

Банктердің шаруасы шай­қа­лып, ондағы салым­дар­дың күрт азаюына  Ресей мен Украина арасын­дағ­ы әскери қақтығыс тікелей әсер етті. Соғыс бас­­тал­ған ақ­пан айынан бері қа­зіргі уа­қыт­­қа дейін екінші деңгейлі банк­терде сақталып тұрған қара­жат­тың 2,21 трлн теңгесі кері алынған. Мамыр айын­да депозит базасының өсімі
11 екінші деңгейлі банкте ғана сақталыпты. Соның өзін­де аталған 11 банктің төр­теуін­де­­­гі өсім деңгейі тұрақты емес.

Салым портфелінің айлық өсімі бо­йынша «Банк Хоум Кредит» белсенді түрде көш бастап тұр. Көктемнің екінші айында бұл банктегі салымға 182,5 млрд теңге қосылып, 350 млрд теңгеге жеткен. Бұл банктің салым бойынша бөлшек сегментте де, корпо­ратив­ті сегментте де ұпайы түгел. Бір ай ішінде жеке тұл­ға­лар 9,5 млрд теңге әкеліп сал­са, заңды тұлғалар 173 млрд теңге қосқан.

Мұндай динамика негізі­нен екі фактормен байланысты. Біріншіден, «Банк Хоум Кредит» бұдан былай ресейлік компанияға тәуелді емес, тікелей чехиялық PPF холдингі мен Home Credit халықаралық тобына тиесілі. Бұл топ ресейлік активтерден түгелдей арылды. Яғни бұл – біздің елде жұмыс істейтін шетелдік компаниялардың қызығушылығын тудыра ала­тын, тиісінше Еуропа елде­рі­мен байланыста жұмыс істейтін отандық бизнестің де ын­тасын туғызатын Қазақ­стандағы алғашқы еуропалық банк. Аталған банкте бизнес салымдарының күрт көбеюіне екінші себеп – санкцияға ұшыраған ресейлік еншілес банк­тер­дегі салымдардың жаппай алынуы. Олар «Банк Хоум Кредитті» өздеріне таныс ұйым деп санайды және өзге ресейлік қаржы институттары сияқты шектеуге ілін­бе­гені де олардың сенімін оятады, дейді сарапшылар.

Салым динамикасын ұстап тұру бойынша екінші орында – «Банк ЦентрКредит». Мамыр айында бұл банкке 95,2 млрд теңге келіп қосылған. Соның ішінде 45,2 млрд теңге – жеке тұлғалардың еншісінде болса, 50 миллиарды – заңды тұлғалардың қаржысы. Үшін­ші орында – Kaspi Bank. Бір айда қаржы институтының депозиттік шотына 77,2 млрд теңге салынған. Сөйтіп, жалпы салым деңгейі 3,06 трлн теңгеге жеткен. Сонымен қа­тар ТОП-5 қатарында «Еуразиялық банк» (+ 35,1 млрд теңге) пен Altyn Bank (+ 25,1 млрд теңге) бар.

S&P Global Ratings агент­тігінің сарапшылары Қазақстанда банк секторы­ның поляризациясы күшеюі мүм­кін екенін айтады. Олар­дың болжауынша, биыл да нарықтағы қатаң бәсеке­лес­тік жалғасады. Қазір қазақ­стандық банктердің несие портфелінің ІЖӨ-дегі үлесі 25 пайызға жуықтайды.

«Қазір ірі банктер жылдам өзгеріп жатқан нарықтық жағдайларға бейімделу үшін алдыңғы қатарлы жүйелер мен технологияларды дамы­туға белсенді инвестиция құйып жатыр. Шешімтал әрекеттерді қабыл­дауға дайын болу олар­дың бизнесіне оң әсер етуі мүмкін, ал шағын банктер бәсе­келестік күшейген ортада тартымдылығы азырақ на­рық сег­менттерінде жұмыс іс­теуге мәж­бүр болады», дей­ді агенттік сарап­шы­лары.

Халықаралық агенттіктің есеп­теуінше, Қазақстанда жұ­мыс істеген үш ресейлік ен­шілес банк – «Сбербанк Қа­зақстан», «Альфа-Банк» және ВТБ Банкке елдегі бүкіл депо­зиттің 14 пайызы тиесілі болған. Алайда санкцияларға байланыс­ты аталған қаржы институттарының нарықтағы қызметі шектелгеннен кейін үшеуінің отандық банктер депозитіндегі жиынтық үлесі 2 пайызға әрең жеткен.

Еске салайық, қазір Қазақ­стан­да 22 екінші деңгейлі банк жұмыс істейді, оның 13-і – шетелдіктердің қатысуымен болса, соның 10-ы – еншілес қаржы ұйымдары.