Экономика • 31 Шілде, 2022

Шетелдік ірі компаниялардың қызығушылығы артып келеді

323 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Пандемия салқыны тимеген сала жоқ, вирус таралуынан ірі компаниялардың да жұмыс жүйесі бұзылды және ол табыс бөлігіне де елеулі әсер етті. Қазақстан нарығында қызмет етіп жатқан ірі компания өкілдері жақын күндерден жағымды өзгеріс күте қоймайды. Басылды деген пандемия қайта күш алды, ал Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс күн санап өршіп бара жатыр.

Шетелдік ірі компаниялардың қызығушылығы артып келеді

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Геосаяси ахуал ірі компа­ния­ларға қатты әсер етеді. Соған қарамастан Қазақстан ірі бизнес үшін жайлы орта бола алады. Бұған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі кепілдік беріп, Ре­сей­ден кеткен ірі компанияларды Қазақстанға шақырып отыр. Тиісінше, шетелдік компаниялар да біздің нарыққа қызығады. Біздегі дамып келе жатқан на­рық, жедел енгізіліп жатқан қо­лай­лы цифрлық шешімдер және Ресейдің экономикалық көрсеткіштері құлдырағаннан ке­йін Қазақстанның өңірдегі ең ірі ойыншыға айналуы – өзге ел компаниялары мен инвесторларының қызығушылығын тудырары сөзсіз.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаровтың айтуынша, қазірдің өзінде 43 шетелдік компания бизнестерін Қазақстанда релокациялауға дайын. Ол бұл туралы Алматыда өткен америкалық Honeywell ком­паниясы құрастыру өндірі­сінің ашылу салтанатында айтты. Honeywell-дің өзі де – соғыс өрті тұтанғаннан кейін ірге­сін Ресейден аулақ салған ірі кор­по­ра­циялардың бірі.

«Компания бастамасын Қазақ­станда локализациялауға дейін ұзақ процесті өткерді. Туындап отырған геосаяси жағдайға байла­нысты олар өңірлік кеңсесін Қазақ­станда ашу мүмкіндігін қарастыруда. Қандай да бір себеппен Ресей нарығынан кетіп жатқан шетелдік компания­лар Еуразиялық кеңістіктегі ық­палын сақтау ойлары бар екенін айтып жатыр. Ірі ойыншы әйтеуір қай жерде болсын базасын орналас­тыруы керек. Ондай таргеттелген компания саны қазір 265», дейді А. Айдаров.

Қазір Қазақстан нарығына қы­зық­қан компаниялармен келіс­сөздер жүргізіліп жатыр. 2021 жылы шетелдік серіктестер Қазақ­­стан экономикасына 24 млрд долларға жуық инвестиция сал­ған. Бұл 2020 жылғы көрсет­кіштен (17,2 млрд доллар) 38 пайызға көп. Шетелдік инвести­цияның 60 пайыздан астамы экономиканың шикізаттық емес секторына бағытталған. Бұл да – кө­ңіл қуантатын құбылыс.

Air Astana әуе компаниясының басшысы Питер Фостердің айтуынша, компания 11 наурыздан бастап Ресейге ұшуды және Ре­сейден бері қарай ұшуды толық тоқтатқан.

«Шын мәнінде, Түркия, Грекия, Таиланд, Оңтүстік Корея, Грузия, Үндістан елдеріне деген ұшу сұра­нысы өте жоғары және біз бұл босап қалған қуаттылықты тәуір еңсере алдық. Біз оларды бас­қа маршруттарға бағыттадық. Тіп­ті 2022 жылдың 24 ақпанына де­йін-ақ, пандемия салдарынан біз Ресейге қарай әуе сапарларын толық көлемде қалпына кел­ті­ріп үлгермеген едік. Украина оқи­ға­сына дейін Ресейге ұшатын әуе рейстері біздің жалпы ұшу сапа­ры­мыздың 25 пайызын ғана құрап тұрды», дейді Питер Фостер.

Оның айтуынша, әуе сапары үшін Ук­раи­на аспанының жабылуына байланысты ұшақ­тар Еуропа аспанымен самғай бастады. Бұл өз кезегінде ұшу ұзақтығын көбейте түсті.

«Өйткені біз Қара теңіздің оң­түсті­гімен айналып ұшамыз. Демек Франкфуртқа барар бол­са­ңыз тағы қосымша 1,5 сағат қосылады. Лондонға бағыт алған ұшақ Ақтауда бір тоқтап алуға мәжбүр. Бұл өте ыңғайсыз. Сондай-ақ жанармай үшін де артық шығын туын­дады», дейді компания басшысы.

Halyk Bank басқарма төра­ға­сы­ның орын­басары Мұрат Көше­нов 2020-2021 жыл­дардың да оңай болмағанын, 2022 жылы экономикада тағы көп турбу­лент­ті­лік болып жатқанын айтады.

«Банк бірнеше дағдарысты бас­тан өткерді. Соның ішінде тең­ге күрт әлсіреп кеткен 2014-2015 жылдардағы дағдарысты атап айтсақ болады. Де­ген­мен біз сырт­қы шоктарға беріле қоярдай орнықсыз емеспіз. Бізде капитал бойынша күшті база бар, ол төмен­деп жатыр, бірақ соның өзінде 19 пайызды құрайды. Капиталдың азаюы­на екі себеп бар. Біріншіден, біз ірі компаниялар, ШОБ және бөл­шек клиенттердің базалық порт­феліне инвестиция салуды жал­ғас­тырып жатырмыз. Сонымен бірге, акционерлерімізге дивиденд үлес­тіреміз. Дивиденд бойын­ша төлемді 50-ден 60 пайызға арт­ты­рдық», дейді ол.