Елорда • 01 Тамыз, 2022

Елордада дзюдодан Азия чемпионаты өтеді

289 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

4-7 тамыз аралығында Жақсылық Үшкемпіров атындағы елордалық жекпе-жек сарайында дзюдодан ерлер мен әйелдер арасында Азия чемпионаты өтеді. Құрлықтық біріншілікте төрт күн бойы татами шеберлері жеке және аралас-командалық жарыстарда мықтыларды анықтайды, деп хабарлайды Egemen.kz Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Елордада дзюдодан Азия чемпионаты өтеді

Турнирге Азияның 19 елінен 200-ге жуық дзюдошы қатысады. Дзюдодан Қазақстан құрамасының бас бапкері Нұрбол Сүлейменов осы маусымның қорытындысы бойынша құрам құрды. Құрлықтық біріншілікке қатысушылар қатарына әлем чемпионатының жүлдегерлері Ғұсман Қырғызбаев (66 кг) және Ерлан Серікжанов (66 кг), Азия чемпионатының үш дүркін жүлдегері Ислам Бозбаев (-100 кг), Гран-при жеңімпазы Мағжан Шамшадин (60 кг) және Grand Slam әлемдік кезеңінің жүлдегері Бауыржан Нарбаев (60 кг) кірді.

Сондай-ақ дзюдодан ерлер құрамасының толық құрамы келесідей: Мағжан Шамшадин (60 кг), Бауыржан Нарбаев (60 кг), Ғұсман Қырғызбаев (66 кг), Ерлан Серікжанов (73 кг), Данияр Шамшаев (73 кг), Дидар Хамза (90 кг), Нұрлыхан Шархан (-100 кг), Ислам Бозбаев (-100 кг), Әділ Оразбаев (+100 кг).

Ерлан Алпысбаевтың жетекшілігімен Қазақстан әйелдер құрамасынан 9 спортшы қатысады: Абиба Абужакинова (48 кг), Ғалия Тынбаева (48 кг), Гаухар Ирмағамбетова (52 кг), Севара Нишанбаева (57 кг), Мөлдір Нарынова (63 кг), Анастасия Маякова (70 кг), Аруна Жангельдина (-78 кг), Камила Берликаш (+78 кг), Назгүл Маратова (+78 кг).

«Азия чемпионатына қатысушылар арасында олимпиада чемпиондары мен әлем біріншіліктерінің жүлдегерлері де бақ сынайды.

Айта кету керек, IJF ережелері бойынша Азия чемпионатының медаль иегерлеріне олимпиадалық рейтингте ұпайлар қосылады. Атап айтқанда, жеңімпаз 700 ұпай, күміс жүлдегер – 490 және қола жүлде – 350 ұпай алады.

Дзюдодан Азия чемпионаты «Qazsport» отандық спорт арнасында көрсетіледі», делінген хабарламада.