22 Мамыр, 2010

МАЙДАНҒА БАРҒАН АЙША АПАЙ

554 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Жеңіс – 65 “Социалистік Қазақстанда” (қазіргі “Егемен Қазақстан”) екі машинистка Айша апай болған: Сиқымбаева және Жәлелова. Екеуі де ұжымда айрықша құр­мет­ке бөленген адамдар. Көз көр­г­ендер олар туралы жыр қылып әңгіме айтады. Бірақ сол көз көргендердің өздері де сирек бұл күнде. Әсіресе, бірінші Айша апай­ды, Айша Сиқымбаеваны көр­гендер жоққа тән. Жақында га­зеттің Алматыдағы бөлімшесіне асылдың тұяғы – Ілияс Жан­сү­гіровтің баласы Саят Ілиясұлы Жан­сүгіров келіп, сол екі Айша апай­ымыздың үлкені туралы бі­раз мағлұмат берді. Сол мағлұматтың ең мәндісі, дәл қазір жұрттың көңілін кө­бі­рек аударатыны – Айша апайы­мыздың майданға барғаны. Әр ұжы­мнан сол кезде майданға ат­тан­ғандар көп болған ғой. Олар­дың арасында қазақ қыздары да болды. Батыр қыздарымыз Әлия мен Мәншүкті, ұшқыш қызымыз Хиуазды айтсақ та жеткілікті-ау. Сөйтсе де, сол майданға көбіне ер-азаматтар аттанып, олардың орнын әйел азаматтар басқаны белгілі. “Социалистік Қазақстан” газеті редакциясынан да көп аза­мат майданға аттанып, орын­да­рына апайларымыз қалғаны бар. Ал “СҚ”-дан майданға аттанған әйел азаматтан Айша апайымыз жалғыз болды. Майданға өз мамандығы бой­ынша барды. Сонда газет редак­циясында машинистка болып жұмыс істепті. Сол Солтүстік-Ба­тыс майданының “Отан үшін” газетінде белгілі ақындарымыз Жұбан Молдағалиев, Сағынғали Сейітов, сондай-ақ белгілі жур­налист Ахмет Елшібековпен бірге еңбек етіпті. Онда жұмысқа таң­ер­тең барып, кешке қайтатын емес, үй де, жұмыс орны да сол көш­пелі редакция. Айша апайы­мыз машинистка ретінде мате­ри­ал басып қана қоймай, корректор да болыпты. Сөйтіп, газет ре­дакциясынан майданға аттанған Айша апайымыз 65 жыл­дығын атап өткен Ұлы Жеңісімізге өзін­ше үлес қосыпты. Жеңістің қуанышы үлкен бол­ғанмен, сол тұста қиын­шы­лық та, қайғы да көп болды ғой. Айша апай жеңіспен елге орал­ғанда, сүйікті сіңлісі, ұлы ақын Ілиястың алғашқы жары Фатима да дүниеден озған еді. Оны да (Тө­ребаева Фатима) өзі “СҚ”-ға кор­ректор етіп орналастырып кет­кен болатын. Одан қалған Саят пен Саида және өзінің Ша­ра­сы алдынан шыққан. Солардың бәрін азамат етіп жеткізу тауқыметін арқалауға тура келді. Айша апайымыз сол борыштың үдесінен шықты. Ба­лалардың бәрі де жетілді, азамат болды. Халық жауының баласы деген күйе жағылған Саят та басқалардан кем болмай, Мәс­кеуде оқу бітіріп, елге есімі белгілі маманға айналды, техника ғылымдарының кандидаты. Осылай майданға барып, же­ңіспен оралған Айша апай өмір­де де жеңіске жеткен адам еді. Мамадияр ЖАҚЫП.