Атап айтар болсақ, кәсіпқой бокстағы алғашқы қадамынан бастап, күні бүгінге дейін қарсыластарын қоғадай жапырып, ел мен жанкүйерлер сенімін ақтап келе жатқан боксшылардың қатарында жартылай орта салмақтағы Данияр Елеусінов (11-0, 6 KO) пен Садриддин Ахмедов (12-0, 10 KO), орта салмақтағы Жәнібек Әлімханұлы (12-0, 8 KO) мен Мейірім Нұрсұлтанов (17-0, 10 KO), аса ауыр салмақтағы Иван Дычко (12-0, 11 KO) және тағы басқа бірнеше боксшымыз бар.
Тарихқа зер салар болсақ, бүгінде қазақстандық боксшылардан кәсіпқой бокс әлеміндегі ең беделді төрт белбеу (IBF, WBA, WBO және WBC) бойынша әлем чемпионы атанған төрт боксшымыз ғана бар екенін аңғарамыз. 1997-2009 жылдар аралығында шаршы алаңда өнер көрсеткен «Балқаш жолбарысы» осы уақыт аралығында WBC және IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанса, кейіннен мұндай атақтарға Геннадий Головкин, Бейбіт Шүменов (WBA) және Жанат Жақиянов (WBA) қол жеткізді.
Енді аз уақытта жоғарыда аты аталған чемпиондардың қатарын бұл күндері орта салмақта жұдырықтасып жүрген Жәнібек Әлімханұлы толықтыруы ғажап емес. Биылғы мамыр айында АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткен кәсіпқой бокс кешінде ұлыбританиялық Дэнни Дигнумды мерзімінен бұрын жеңген отандасымыз WBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы «уақытша» әлем чемпионы атағын жеңіп алды.
Жуырда WBO ұйымының басшылығы ресми түрде орта салмақтағы WBO чемпионы америкалық боксшы Деметриус Андрадеге (31-0, 19 КО) 2018 жылы жеңіп алған чемпиондық белбеуін отандасымызға қарсы қорғауды бұйырды. Егер ол чемпиондық атағын қандай да бір себеппен қорғаудан бас тартса, Жәнібек Әлімханұлы автоматты түрде «уақытша» әлем чемпионынан «толыққанды» әлем чемпионы атанады. Екі боксшыға жекпе-жек талаптарын келісуге 30 күн уақыт берілген еді. Арада 10 күн өтсе де, әлі екі тарап кездесу жүріп жатқаны туралы нақты ақпарат таратпады. Дегенмен әлі 20 күн уақыт бар екенін ескерсек, жыл соңына дейін чемпиондық жекпе-жекті көріп қалуымыз мүмкін.
Әлімханұлынан кейін чемпиондық атаққа Мейірім Нұрсұлтанов та бір табан жақын тұр. Былтырға дейін ауыр салмақтағы әлемнің экс-чемпионы ресейлік Сергей Ковалёвті осындай деңгейге көтерген промоутер Кати Дуваның Main Events компаниясында болып, АҚШ-та жекпе-жек өткізіп жүрген Нұрсұлтанов былтыр Қазақстанға оралып, маңғыстаулық ADAL промоутерлік компаниясымен келісімшартқа отырды. Осы ұйым аясында Мейірім екі айқас өткізіп, екеуінде де қарсыласын мерзімінен бұрын тізе бүктірді. Қазіргі таңда Мейірім өз салмағында әлемдегі ең мықты ТОП-10 боксшының қатарында. Сондай-ақ WBC рейтингінде 8-ші, WBО бойынша 6-орында тұр. Егер алдағы уақытта рейтингі мықты екі-үш боксшымен жекпе-жек өткізсе, әрі қарай чемпиондық айқастың да ауылы алыс емес.
Сондай-ақ жартылай орта салмақтағы Данияр Елеусінов те негізгі төрт тұжырымның бірі бойынша чемпиондық айқас өткізуге дайын. Өкінішке қарай, ол былтыр IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанғанымен, бұл ұйымның атақ-даңқы боксшылар арасында да, өзге белдіктер арасында да беделге ие емес. Дегенмен боксшының еншісіндегі кез келген белдік оған деңгейі жоғары қарсыластармен жұдырықтасуға мүмкіндік беретінін ескеру керек. Ең кейінгі рет былтыр желтоқсанда шаршы алаңға шыққан Даниярдың келесі жекпе-жегі қашан өтететіні белгісіз. Ол 25 шілдеде украиналық Иван Голубпен (20-1, 15 КО) жұдырықтасуы тиіс еді, алайда бокс кеші кейінге шегерілгендіктен, бұл айқас өтпей қалды.
Аса ауыр салмақтағы Иван Дычко маусым айында аргентиналық Кевин Эспиндоламен (7-4, 2 КО) кездесіп, кәсіпқой бокстағы 12-ші жеңісіне қол жеткізді. Өз салмағындағы әлемдік рейтингте 45-орынға көтеріліп алды. Ал осыдан бірер жыл бұрын қарсыластарын бірінен соң бірін нокаутпен жеңіп, рейтингте өте жылдам көтеріліп келе жатқан Садриддин Ахмедов жарақатына байланысты бір жарым жылдан бері бокстан қол үзіп қалды. Канадада жаттығып, сол жақта жекпе-жек өткізіп жүрген отандасымыз жақында әлеуметтік желіде жаттығуға қайта кіріскенін мәлімдеді. Алдағы уақытта жарақаттардан аман болып, тез арада бұрынғы қалпына енетін болса, Ахмедовті де чемпиондық айқастардың күтіп тұрғаны жасырын емес.