Сұхбат • 01 Тамыз, 2022

Кедендік шекарада кедергі азайды

216 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қаңтар оқиғасынан» кейін Қытаймен шекарада орналасқан кеден бекеттерінде орын алған көлеңкелі жағдайларға байланысты қатты сын айтқан болатын. Содан кейін тиісті құқық қорғау органдарына аталған учаскеде тәртіп орнату жөнінде арнайы тапсырмалар беріп, оның орындалуын өзінің жеке бақылауында ұстағанын жақсы білеміз. Осы орайда Алматы облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Талғат Козбековке жолығып, ел басшысының сынынан кейін кедендік шекарада қандай оңтайлы шаралар жүзеге асырылып жатқаны жөнінде әңгімелескен едік.

Кедендік шекарада кедергі азайды

– Талғат Жапарханұлы, осы уа­қыт­қа дейін Алматы облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментін бас­қарып келесіз. Қазіргі уақытта Жетісу облысы бойынша мемлекеттік кіріс­тер департаменті толық құрылып бол­мағандықтан, Жетісу облысы бо­йынша да департамент басшылығы сіздің жа­уап­кершілігіңізде екені түсінікті. Осы орайда әңгімені Қытаймен шекара­ның негізгі бөлігін Жетісу облысы құ­рай­­тындықтан, облыста жаңадан құ­ры­латын департаменттің құрамында қан­ша кеден бекеттері қалатынынан бастасақ.

– Жетісу облысының құрылуына бай­ланысты жаңадан құрылатын Жетісу облыстық мемлекеттік кірістер депар­таментінің қарауында Панфилов ауданында орналасқан «Нұр жолы», «Алтынкөл-жол», Шекара маңы халық­аралық ын­тымақтастығы орталығы «Қорғас» кеден бекеттері мен Алакөл ауданына қа­расты «Теміржол» және «Алакөл» кеден бекеттері қалады. Ал «Қалжат» кеден бекеті жаңадан құрылатын Алма­ты облыстық мемлекеттік кірістер депар­та­ментінің қарауына өтеді.

– Президент сынынан кейін Қы­таймен шекарада орналасқан кедендік бекеттердегі ахуал әлі күнге дейін назардан түскен емес. Осы орайда, кезінде белгілі бір экономикалық опе­раторлардың кеден бекеттерін монополия жасап алғаны және қазіргі уақытта қандай оң өзгерістер болғаны туралы айта кетсеңіз?

– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың сынынан кейін кедендік шекарада құрамында Бас прокуратура, Қаржылық мониторинг агенттігі, Сы­байлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі және Мемлекеттік кірістер комитетінің қызметкерлерінен құралған комиссия жұмыс істеп, көптеген кемшіліктің бетін ашты. Осы орайда талай жыл эко­но­микалық оператор статусын иеленген бұрынғы билікке жақын белгілі бір топ өкілдері кеден бекеттерінде өз үс­темдігін жүргізіп келгені жасырын емес. Олар сыртқы экономикалық қыз­метпен айналысуға ниет білдірген бизнес өкілдеріне дербес жұмыс істеуге мүмкіндік бермеді. Сөйтіп, бизнесін Қытаймен байланыстырғысы келетіндер амалдың жоқтығынан сол экономикалық операторлардың көмегіне жүгінуге мәж­бүр болды. Себебі, тауарларын соларға беру арқылы олар кедендік тексеру мен кедендік ресімдеуден еш кедергісіз өтіп жүрді. Осылайша, тапқан табысының көп мөлшерін аталған операторларға беріп, өздері азын-аулақ табысты қанағат тұтты.

– Қазіргі ахуал қандай?

– Қазіргі уақытта сол кездері кеденнің заң талаптарын өрескел бұзумен жұмыс істеген экономикалық операторлардың барлығы кедендік шекарадан кетті. Олар­дың талай жылғы заңсыз әрекеттері әш­кереленіп, біразы қылмыстық жауап­кершілікке тартылды. Барлығының сырт­қы экономикалық қызметіне байланысты посткедендік бақылау жүргізіліп жатыр. Атап айтсақ, бүгінге дейін сыртқы эко­номикалық қызметпен айналысқан 9 эко­номикалық оператордың қызметін тың­ғы­лықты тексерудің нәтижесінде оларға қосымша 101 млрд 985 млн 817 мың теңге ке­дендік төлемдер мен салықтар салынды.

Жарты жылдың қорытындысы негі­зінде Алматы облысы бойынша мем­лекеттік бюджетке салықтардан түсетін кірістер жоспары 422 млрд 764 млн теңге болса, бұл көрсеткіш 442 млрд 302 млн теңгені құрап, жоспарлы тап­сырма 104,6 пайызға орындалды. Яғни, жос­пардан тыс 19 млрд 537 млн теңге кіріс түсіп, өткен жылдың осы мерзімімен са­лыстырғанда өсу қарқыны 126,2 пайызды құрады. Соның ішінде кедендік төлемдер мен салықтарды өндіру жөніндегі жоспарлы тапсырма да 107,7 пайызға орындалды. Мысалы, жоспар 54 млрд 453 млн теңге болса, оның орындалуы 58 млрд 659 млн теңгені құрады. Сонымен қатар электронды декларациялау арқылы кедендік әкімшілендіру барысында тәуекелді бейіммен басқару тиімділігі 51,3 пайызды құрап, нәтижесінде тексеруге түскен 4 684 тауар декларациясының 2 401 декларация­сынан кемшіліктер анықталып, қосымша 2,3 млрд теңге кедендік төлемдер өндірілді. Оның ішінде 619,8 млн теңге кедендік тексеру нәтижесінде, 1 млрд 673,2 млн теңге кедендік құнды қайта саралау нәтижесінде жүзеге асты. Сөйтіп, кедендік тексерудің тиімділігі 40,8 пайызға көтерілді. Яғни, жарты жыл ішінде «қызыл дәліз» арқылы немесе инспекциялық тексеру кешенінің сканерлік қорытындысы, т.б. негізінде кедендік тексеруге түскен 2 371 тауар декларациясының 968-інен импортталатын тауардың құрамын дұрыс мәлімдемеуге байланысты кемшіліктер анықталды.

Мысалы, мәлімделмеген немесе дұрыс мәлімделмеген тауардың кедендік құны 10 мың айлық есептік көрсеткіштен
(30 млн 630 мың теңге) асып кетсе, бұл мәселе Қазақстан Республикасы Қыл­мыс­тық кодексінің 234 бабы (экономикалық контрабанда) бойынша процессуалдық шешімдер қабылдау үшін экономикалық тергеу департаментінің қарауына жібе­ріледі. Жарты жыл ішінде осындай 18 іс экономикалық контрабанданың белгілері бар деген күдікпен аталған департаменттің қарауына жіберілді. Бұған қоса әкімшілік құқық бұзу фактілері бойынша 2 801 іс қозғалып, нәтижесінде 124 млн 801 мың 935 теңге айыппұл салынды. Осы цифрлар арқылы Қытаймен шекарада орналасқан кеден бекеттері жұмысының нәтижесін аңғару қиын емес қой деп ойлаймын.

– Пандемия проблемалары етектен тартқан шақта «Нұр жолы» кеден бекетіндегі автокөлік кептелісі қоғамда үлкен кереғар әңгімелер тудырды. Тіпті бұл мәселенің жаңғырығы Үкімет басшылығына дейін жетіп, мәселенің мән-жайы мемлекеттік дәрежеде қаралғаны белгілі. Сондықтан да осы мәселеге байланысты атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі қандай?

– Иә, «Нұр жолы» кеден бекетінде бірнеше шақырымға созылған көлік кептелісі сыртқы экономикалық қызметпен және жүк-көлік тасымалымен айналысатын компаниялар үшін уақыт және қаржы жағынан үлкен шығын әкелгені жасырын емес. Талайлардың контрактідегі көрсетілген тауарды жеткізу мерзімі бұзылып, жұмыстың барысына кері әсерін тигізді. Соның салдарынан көліктердің шекараға кезекпен кіру мәселесінде тамыр-таныстық пен сыбайлас жемқорлық жағдайларына да жол берілді. «Судың да сұрауы бар» дегендей, қазіргі уақытта бұл мәселеге кінәлі біраз лауазымды тұлғалар мен басқа да делдалдық жасаған қылмыстық топ өкілдері анықталып, заң алдында жауап беруде.

Осы орайда, шекарадағы көлік кептелісі кезінде мәселенің байыбына бармаған кейбіреулер аталған жағдайға кеденшілерді кінәлап, қоғамда теріс пікір қалыптастыруға тырысқаны өкінішті. Шынын айтқанда, бұл проблемаға кеденшілердің еш қатысы болған жоқ. Себебі, кеденшілер шекараның ішінде тұрады. Ал көліктің кезексіз кіру мәселесін шекара қызметкерлерінің ішіндегі ла­уазымды тұлғалардың араласуы арқылы белгілі бір мүдделі топ өкілдері шекараның сыртында шешкенін көбісі білмейді. Егер бұл мәселеге кеденшілердің қатысы болса, қазіргі уақытта олар да шекара қызметкерлері мен басқа да делдалдар сияқты заң алдында жауап берер еді.

Қазіргі уақытта көліктердің шекараға кезекпен кіру мәселесі өз шешімін тапты. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің 2022 жылғы 20 наурыздағы «Шекарадан автокөлік құралдарын өткізу үшін ақпараттық электрондық кезек жүйесін жасау жөніндегі пилоттық жобаны енгізу туралы» бұйрығына сәйкес, барлық жүк көліктерінің кезегі электронды түрде жүзеге аса бастады. Бұл жерде енді тамыр-таныстық пен адам факторына жол берілмейді. Ол үшін шекарадан тауар тасуға ниетті кез келген көлік жүргізушісі мен сыртқы экономикалық кәсіппен айналысушы субъект интернет арқылы «e-border.kz» ақпараттық жүйесіне кіріп, өз бетінше кезекке тіркеле алады. Сөйтіп, интернет арқылы өз кезегінің жылжу барысын бақылайды. Былайша айтқанда, шекарада кезек күтіп, айлап тұрмайды. Сонымен қатар тез бұзылатын тауарлар таситын көліктер мен арнайы техникаларға арналған көліктердің де кезегі бөлек. Ол жағы да жан-жақты қарастырылған. Осы орайда, электрондық кезектің жұмысына бақылау жасайтын «Трансшекаралық қызмет орталығы» ЖШС екенін де айта кеткен артық болмас. Электронды кезекке байланысты проблема туындаса, мүдделі адамдар осы серіктестікке хабарласуына болады.

Сонымен қатар автокөліктердің кедендік шекарадан кіру мәселесіндегі кептеліс жуырда «Алакөл» кеден бекетінде де орын алған болатын. Бұл проблема да дер кезінде шешілді. Көлік қатынасының көбеюіне байланысты кеден бекетінің жұмыс кестесі таңғы 8.00-ден кешкі 20.00-ге дейін ұзартылып, қызметкерлер саны басқа кеден бекеттерінен іссапарға жіберу арқылы көбейтілді. Қазіргі уақытта автокөлік өткелімен байланыс­ты «Алакөл» және «Нұр жолы» кеден бекеттері штаттық режімде жұмыс істеуде.

– Пандемия шарықтап тұрған кезінде Қытай мен «Нұр жолы» кеден бекеттері арасындағы бейтарап тұрған бір шақырым жерге тауар иелері мен көлік жүргізушілері мүдделі топқа әр көліктің тіркемесі кіргені үшін 45 мың долларға дейін төлегені рас па?

– Бұл рас жағдай. Ол, әрине, сол кездегі кедендік шекараны монополия жасап алған «Евротранзит» ЖШС-нің жұмысы. Аталған серіктестік қытаймен екі ортаға өздерінің көліктерін ғана жүргізді. Соның нәтижесінде талай кәсіпкердің қалтасы қағылып, кедендік тазалаудан өткен тауарлардың нарықтағы құны да бірнеше есеге қымбаттап кетті. Мысалы, біздің мониторингтік топ мүшелері осыдан бір жыл бұрынғы нарықтағы тауар бағасы мен қазіргі тауардың бағасын салыстырғанда біраз арзандағанын байқап отыр. Ал қазіргі уақытта аталған көлік кезегінің проблемасы өз шешімін тауып, екі ортаға кететін шығын 45 мың доллардан он еседен астамға дейін түсті (қазіргі уақытта орта есеппен 3-7 мың долларды құрайды). Сонымен қатар кедендік шекарадан өтетін көліктердің қозғалысы бұрынғыдан әлдеқайда жақсарды. Мысалы, пандемия кезінде күніне 8-10 көлікке дейін ғана кіретін. Ал қазіргі уақытта күніне халық тұтынатын тауар таситын көлік­тердің кіріп-шығу саны орта есеппен 90-100 автокөлікті, арнайы техника құрал­дарын таситын көліктердің саны 200-250-ді құрайды. Ал енді пандемия жағ­дайы оңалып, Қытаймен шекарадағы бел­гілі бір шектеулер алынып тасталса, ав­то­көліктердің екі ел арасындағы қозғалысы бұдан да көбейетіні сөзсіз.

 

Әңгімелескен

Мұхтар КҮМІСБЕК,

«Egemen Qazaqstan»

 

Жетісу облысы