Тылсымын ішіне бүккен қуыршақ өнері ерте замандардағы жәрмеңкелерден бастау алып, бүгінде балаларға рухани-мәдени өмірдің алғашқы баспалдағы болып отыр. Сахнада тірі адам секілді ойнап-күлетін һәм түрлі түсті образдарымен көңілді аулап, жақын досыңдай сыр шертетін қуыршақтар бала-көрерменнің санасына тез сіңіп, рухани иммунитетін қалыптастырады. Құндылықтар ауысқан қазіргі қоғам бала тәрбиесіне ықпал ететін сахналық мәдени іс-шараларға мұқтаж екені тағы анық.
Бүгінде елімізде руханияттың темірқазығы саналатын барлығы 65 театр бар: оның 54-і мемлекеттік, 11-і жекеменшікте. Ал жас көрермендерге арналған 6 театр болса, қуыршақ театрларының саны – 7. Олар Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Петропавл, Қостанай, Ақтау, Шымкент қалаларында орналасқан (айта кетейік, Жезқазған қаласындағы Қуыршақ театры қазір облыстық драма театрының құрамында). Ал Қызылорда драма театрында бөлімше ғана жұмыс істейді.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, былтыр осы 65 театрда 2 565 (жалпы алғанда 10 817 рет) спектакль қойылыпты. Оның 319-ы жаңа туынды. Сол қойылымдарды тамашалауға 1 миллион 173 мың көрермен барса, оның 464 мыңы – балалар. Бұл көрсеткіштер он сегіз миллионнан аса халқы бар Қазақстан үшін аз ба, көп пе – бағамдай беріңіз. Дегенмен 2020 жылға қарағанда тәуір. Мәселен, өткен 2020 жылы 1 834 шығарма сахналанып еді (оның 266-сы жаңа туынды). Ал театрға жалпы 894 мың адам барса, оның 321 мыңы балалар болды.
Сонау 1935 жылы қазақ топырағында тұңғыш Қуыршақ театры құрылған еді. Алматы қаласындағы Мемлекеттік Қуыршақ театры ғасырға жуық уақыт бойы осы дара өнер жолында еңбек етіп, қуыршақшылардың бірнеше буынын дайындап шығарды. Айта кетейік, биыл аталған өнер ордасына 87 жыл толып отыр. Бүгінде театр репертуарында балдырғандар мен ересектерге арналған 40-қа жуық қойылым бар (барлығы екі тілде жүреді). Мәселен, ересектерге арналған Шекспир, Ш.Айтматов сынды іргелі авторлардың шығармаларынан бастап, балдырғандарға арналған ертегі-аңыздар – өнер ұжымының шығармашылық ізденістерінің нәтижесі.
Театр репертуарына келсек, былтыр кішкентай көрермендерге арналған – көңілді әуен ырғағында музыканың алғышарттарын үйрететін танымдық бағыттағы «Қасқыр мен жеті лақ» (реж. А.Зайцев), ересектерге арналған – ғасырлар бойы шексіз һәм тұңғиық адам жанының сан қатпарлы сырларына сахна өмірі арқылы сапар шегіп, әр дәуірде тарих қойнауында өзгеше есімдерімен сақталған дара тұлғалар бейнесін өзек еткен У.Шекспирдің «Макбет. Иллюзия» шығармасын сахналады. Бұл шығарманың жұлдызы жанып, театр қоржынына бірнеше олжа салды. Атап айтсақ, биылғы Ақтөбе қаласында өткен V халықаралық BALAUSA экспериментальды спектакльдер фестивалінде «Үздік спектакль», «Үздік сценография» номинацияларын еншілесе, мамыр айында Конья қаласында (Түркия) өткен XIV халықаралық «Мың тыныс – бір дауыс» Түркітілдес елдердің театр фестивалінде лауреат атанды.
Сондай-ақ Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында халық ертегісі «Ер Төстік» қойылымын ұсынған еді.
Ал қазір театр ұжымы Балалар жылына орай халық ертегісі «Ұр, тоқпақ!» (инсценировка авторы Қ.Бегманов), орыс ертегісі «Гуси-лебеди», В.Гауфманның «Гном мұрын», ұлттық рух пен патриоттық тақырыптарды қамтитын олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановқа арналған «Бекзат чемпион» және ересектерге арналған Э.Хемингуэйдің «Шал мен теңіз» шығармасын сахналауды жоспарлауда. Айта кетейік, «Шал мен теңіз» қуыршақ тілінде алғаш рет сөйлемек.
Мұнда әр маусымда жаңа 4-5 қойылымның премьерасы ұсынылады. Қазір театр репертуарында Еркін Жуасбектің «О, Тоба», Әлібек Файзуллаұлының «Алтын адам», Жақып Омаровтың «Құлыншақ пен бөлтірік» шығармалары жүріп жатыр. Ал осыдан 38 жыл бұрын сахналанған «Қуыршақ думан» спектакль-концерті (режиссері әрі авторлары – Сұлтанғали Шүкіров, Құралай Ешмұратова) әлі де көрермен сұранысында.
Өнер ұжымы таяқ қуыршақтан бастап, бүгінгі заман ағымына сай күрделі марионеткалар, соңғы үлгідегі техникалық-лазерлі көркемдеулермен жабдықталған. Айта кетейік, театрда 500-ге жуық қуыршақ бар. Тіпті жасалғанына 50-60 жыл толған ардагер қуыршақтар да кездеседі екен.
Өнер ордасының шығармашылығында жаңалықтар да жоқ емес. Алдағы уақытта 6 халықаралық, 1 республикалық театр фестивальдерінің іріктеу кезеңінен өтіп, арнайы шақырту алып отыр. Атап айтсақ, халықаралық «Ассалаумағалейкум VІ» қуыршақ театрлар фестивалі, XVIII халықаралық «Алтын дельфин» қуыршақ театрларының фестивалі, ІІ халықаралық Abish alemi театр фестивалі, VIII халықаралық «Анкара» қуыршақ театрлар фестивалі, Шолпан Жандарбекованың 100 жылдық мерейтойына арналған XXVIII Республикалық драма театрларының фестивалі, Әзірбайжан Мәмбетовтің 90 жылдық мерейтойына арналған «TеатрALL» II халықаралық театр фестивалі және IV халықаралық «ТеART-Кокше» театр фестивалінде бақ сынамақ.
Театр баспасөзі өкілінің айтуынша, қазіргі таңда алдағы премьералардың дайындық жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. «Ұр, тоқпақ!» және «Шал мен теңіз» қойылымдарының қуыршақтары жасалып, сахнаға лайықталуда. Ал «Гном мұрын» спектаклінің режиссері суретшімен сахналық нұсқасының эскиздерін дайындау үстінде. Көркемдік кеңеске тапсырғаннан кейін қуыршақтарын жасау жұмысына кіріседі дейді.
«Кадр мәселесі әзірге жеткілікті. «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша театрға 4 әртіс қызметке алынған, олар орта буын, жоғары буын қызметкерлерінің шеберліктері мен қуыршақ жүргізудің алғышарттарын меңгере отырып, тәжірибе жинақтауда», дейді театрдың баспасөз хатшысы Гүлім Көпбайқызы.
Ал Нұр-Сұлтан қалалық Қуыршақ театры репертуарында 30-дан аса қойылым бар. Атап айтсақ, А.Салаеваның «Менің салған суретім», Р.Киплингтің «Ана құдіреті», С.Жүнісовтің «Атамекен», Андерсеннің «Қайта оралған су перісі», Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» шығармалары бүгінде елордалық жеткіншектердің сүйікті спектакльдеріне айналған. Сондай-ақ театр репертуары жас таланттардың шығармашылығын да тыс қалдырмай келеді. Мәселен, Қуат Ежембектің Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Жарық сәуле» әдеби композициясы, «Наурызбектің хикаясы», «Жалқаудың айласы» сынды ертегі-қойылымдары бар. Одан бөлек биылғы Балалар жылына арнайы дайындалған жас режиссер Мейірім Арғымбаеваның «Мультфильмдер еліне саяхат» мюзиклінің премьерасы таяуда ғана өтті.
Аталған театр өкілінің айтуынша, өнер ұжымындағы негізгі мәселе –қуыршақ жасайтын мамандардың, яғни суретшілердің тапшылығы. Иә, қоғамда жалпы республикадағы қуыршақ театрларында кәсіби мамандар жетіспейтіні жиі айтылады. Мәселен, бүгінде Қ.Ешмұратова, С.Мақұлбеков, Н.Насырова сынды көрнекті қуыршақшылардың ізін басып, жаңа буын Ж.Түсіпбеков, А.Зайцев, Д.Жұмабаева, т.б. режиссерлер өздерінің жаңашыл ізденістерімен көзге түсіп жүр. Алайда елімізде мемлекеттік және мемлекеттік емес труппаларды қосқанда 20-ға жуық қуыршақ ұжымы барын ескерсек, онда арнайы маман режиссерлердің аздығы байқалады. Сонымен қатар қуыршақ театрының ең өзекті мәселесі – қуыршақ жасайтын шеберлердің жоқтығы. Бұл кәсіпке оқытатын оқу орны да жоқ. Сол себепті қуыршақтардың сапасы, жасалу техникасының жұтаңдығы шығармашылық ұжымдардың дамуына кері әсерін тигізіп келеді. Бұл енді бөлек әңгіме.