Қиғаш өзеніне дейін Ақтөбе – Атырау – Ресей шекарасы жолымен ғана жетуге болады. Арақашықтық – 300 шақырымға жуық.
– Өзен сағасындағы лотос өскен алқапқа қайықсыз жету мүмкін емес. Гүлдің хош иісі мұрныңды жарады. Су бетінде гүлдеп тұрған лотостың әдемілігін тек көзбен көру керек. Судың үстіне қызыл кілем жайып қойғандай әсер береді, – дейді сирек кездесетін гүл алқабына барған Самат Аманәліұлы.
Елімізде Қиғаш өзенінің сағасында ғана гүлдейтін лотостың түсі – қызғылт. Бұл гүл батпақты, сулы жердегі бес мың гектарға жуық аумақта өседі. Биіктігі 1,5 метрге дейін жетеді. Су ортасында гүлдейтін лотос таңертең қауызын ашып, кешке қайта жабады. Таңертең су бетінде қауызын ашқанда құрғақ болып тұрады.
Бұл гүлді үндістер мен вьетнамдықтар тазалықтың символы ретінде бағалайды екен. Тіпті оның емдік қасиеті туралы дерек бар. Тұқымындағы ақуыз бүйрек пен көкбауыр, жүрек ауруы мен ұйқысыздықты емдеуге қолданылады.
Алайда лотос гүлін жұлуға болмайды. Өйткені бұл гүл еліміздегі сирек кездесетін өсімдіктердің тізіміне енгізілген.
Атырау облысы