06 Мамыр, 2014

Мәңгілік мұңның құлпытасы

840 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
женис-70Келсе екен әкем!.. Көрсем екен әкемді!.. Көкірегіне тұнған осы бір қос қанатты қиялмен өмір сүріп, ғұмыр кешіп келе жатыр. Сол қиялының талған бір шақтары да аз болмаған. Талай бір талықсып, шалдығып бара жатқан шақтарында мына жарық әлемнен әлдеқашан ғайып болған қайран әке түсіне кіріп, булығып жылап жатқан жалғыз ұлын жұбатып, мұны сол бір тәтті ұйқысынан оятып, бойына қайта бір күш-қуат құйып, ойын түзеп, еңселетіп, тұрғызып жіберетін. Күні бүгінге дейін рухымен желеп те, жебеп те келе жатқан, қан майданнан қайтпай қалған сол әкенің соңынан еңбектеп  қалған алты айлық ұл мына өмірдің әке сабақтап кеткен мәңгілік өлмейтін тамырынан нәр алып енді міне, өзі де елге аға болды. 1941 жылдың 28 ақпанында бей­­күнә жарық дүниенің есігін ашқан Қайырлы да өз әкесі Қамзенің жер әлемде тұтанып жүре берген соғыс­қа сол 1941 жылдың 3 тамызы күні аттанып кетіп бара жатқанын да біле қоймады. Бертін... тым бертін, есі кіріп, ержете бастаған балаң күндері ғана әр баланың, әркімнің әкесі бола­ды екен-ау деген ойға келгені бар-ды. – Менің әкем қайда екен? Менде неге әке жоқ?!. памятьОсы бір сауалды да азапты ойлар мазалаған шақтарда қайсар көңілі жасып та қалатын. Қос жанарына мұң толып, жаны жабырқап сала беретін шақтары да аз болмаған. Сол жабырқау да тосырқау көңілмен жүріп ержетті, азамат болып өскен шағында әкесі Қамзе Құрмановтың Ұлы Отан соғысында хабарсыз кеткенін біліп еді бұл. Кешегі соғыста хабарсыз кеткен әкенің соңында қалған жалғыз тұяқ, жалғыз ұлдың күні бүгінге дейін жан жүрегінің тілім-тілімі шығып, сыздайтынын бір өзі ғана біледі.Оның сызы да бір өзіне ғана мәлім. Қайран әкенің не бейнесін көз алдына елестете алмай, небір суретін таба алмай күні бүгінге дейін қиналып келе жатқаны да бір өзіне аян жай. Әйтеуір, әкесінің көзін көргендерден әкесі жайлы сұраумен болатын, соған да алданып, жұбанатын. – Е, шырағым-ай, несін сұрайсың, сенің әкең, жарықтық, абзал бір азамат еді-ау,– деп басталар көз көргендердің сол әр әңгімесін ести беруге күні бүгінге дейін құмар. Бұл жолы да жасы тоқсаннан асып бара жатқан Зәткен әжеміздің: – Сенің әкеңнің соғысқа қалай аттанғаны күні бүгінге дейін көз алдым­да. Есімде ғой... есімде ғой бәрі де! Жарықтық, сабырлы, ма­ң­­ғаз еді ғой сенің әкең! Соғысқа атта­­нып бара жатып та сол жайсаң міне­зі­нен бір танбады. Жылап-сық­тап жат­қандарды да өзі тыйып таста­ған еді. – Жыламаңдар! Біздің тілеуімізді жыламай тілеңдер. Әне, менің апамды көрмейсіңдер ме?! – деп өзінің туған анасы Рахиланы көрсетті сенің әкең. Жарықтық, Рахила әжең көзіне бір тамшы жас алмастан, сенің әкеңді өз босағасынан бір Алла­дан тілек тілеп шығарып салып еді-ау. Сенің анаң Момақан, мен... тағы да көп келіншек бар Қамзелерді Көкшетауға дейін шығарып салдық. Құдай сақтасын, вокзал басы халық­қа сыймай кетіпті. Әкеңдерді мінгіз­ген дәу вагонның үлкен есігі жабылмаған қалпы, пойыз орны­нан жылжи берді. Ақырын жыл­жыған сол пойыздың соңынан бір елі қалмай, қол бұлғап ере жүріп, құдай-ау, бір он шақырымдай жер-ау деймін, он бесінші разъезге дейін шы­ғарып салғанбыз. Сол ғой, айналайын!.. Қырық бірінші жылы дәл қырық бір жасында соғысқа аттанған Қайырлының әкесі Қамзе Құрманов Курск иініндегі алапат қан-қасап шайқаста опат болғаны анық еді. Хабарсыз кетті деген «қара қағаз» да келіпті еліне. Қайырлының атасы Құрман мен әжесі Рахиланың, өз анасы Момақанның арқаларына салып, көтеріп жүріп асыраған, бір әкенің соңынан еңбектеп қалған жалғыз ұлы Қайырлы да жетімдіктің де, жоқшылықтың да ащы дәмін татып өсті. Көкшетаудағы жетім балаларға арналған мектеп пансионында оқу оқып, білім алды. Онан кейін жүргізуші де болды. Онан кейін жоғары оқу орнына түсіп, жоғары білімді дәрігер мамандығын алып, әр жерде қызмет жасады. Бурабайдағы іргелі бір шипажайдың бас дәрігері болып, қатарынан 31 жыл соған басшылық жасады. «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері», «Бурабай ауданының құрметті азаматы» сынды атақ-дәрежелері және де бар. Бұрынғы Көкшетау, онан кейін Ақмола облыстық мәслихатының депутаты бола жүріп, ел тәуелсіздігін нығайтудың бастау істерінің бел ортасында жүрді. Көпшілік Қайырлы ағаны Бурабайдың бүгінгі иесі деп те, шынайы жанашыры деп те таниды. Арғы тегі хан Абылайдан тамыр тартатындығын айта отырып, ол өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бастап Бурабайдың табиғаты мен экологиясының нашарлап келе жатқандығына биліктің де, жұртшылықтың да назарын аудара білді. Көз жасындай мөлдіреген көлдерінің тұнығы лайланып, суы тартылып бара жатқандығын да, қарағайы мен қайыңының ретсіз оталып және де небір құрылыстардың бей-берекетсіз жүргізіліп жатқандығын айтып та дабыл көтерді, осы тұйықтан шығудың жолдарын ұсынды. Сол белсенділігі біреуге ұнады, біреуге ұнамады. Алайда көз алдындағы Бурабайдың адам тағылығынан тұншыға бастаған тағдырына бейжай қарай алмады. Ең әуелі Бурабай көлдерінен техникалық және тұрмыстық мүдделер үшін су алуды тоқтату керек, бұл үшін жерасты су көздері жетіп артылады деген Қайырлы Қамзеұлының ойы­ның дұрыстығына енді көз жете бастағандай болды. Бурабай үшін «айғайшыл» атанған Қайырлы Құр­мановтың көңілі орнығарлықтай ша­руалар қолға алынып, көп мәсе­ле­лердің түйіндері шешіле де бастады. – Бүгінгі күні Бурабай қайта тү­леп, қайта жасанып жатса, ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы деп білемін. Бір менің он бес-жиырма жыл бойғы жанайқайыма кім құлақ асып еді? Елбасы Бурабайдың қайталанбас сұлулығы мен ғажа­йып табиғатын келер ұрпаққа қаз-қалпында жеткізу керек деп айтты да, Бурабайдың жағдайын жақсартуға, бұл араны әлемдік деңгейдегі курорт орталығына айналдыру жөнінде тапсырмалар бермегенде біз бүгінгі Бурабайдан әлдеқашан айырылып та қалатын едік, – деп сәл-пәл ойға берілді. Әлгіндей болған жоқ жадыраңқы қалыппен: «Мен Елбасын бұрын да жақсы көруші едім, сенің «Әлемді жүрегіне сыйғызған» атты кітабыңды оқып, Елбасына тіпті де тәнті болдым», деді. Бұл зейінді де зерек көңілді, парасатты да ойлы ағаның жүрекжарды адал ниеті болатын. Ел ағасы сол Бурабай көркейе түссін деген ой ниетімен Абылай хан мен Сәкен Сейфуллиннің ескерткіш бюстерін де өз қолымен тұрғыздырды.Қашан болсын өнер адамдарын қолдап, оларға қамқор қолын созып жүргені де сүйсіндіреді. Өз төңірегіне небір жақсылар мен жайсаңдарды жинай білетін және де кембағыл жандарға қайырымдылық жасауға келгенде «Атымтай жомарттық» танытар адами келбетіне де риза боларың бар. Бурабайға демалу үшін ағы­лып келіп жатқан қазақ елінің небір жайсаң жандарының бәрі де Қайырлы Құрмановтың меймандары ма деп қаларың да бар.Аңқылдаған жанымен ақ дастарқанын жайып, қарсы алып жатқаннан жаңылар да, жалығар да емес. Сондықтан да «Еліңде кімің бар?» деген сауал қойылар болса, Көкше өңірінің халқы ең әуелі осы Қайырлы Қамзеұлының есімін атары да анық.Тәуелсіз еліміздің «Құрмет» және «Парасат» ордендеріне ие болған да біздің осы Қайырлы ағамыз! Бұл құрмет пен бұл парасатты сыйға ол әбден лайықты жан екендігінің дау тудырмасы анық. Несін айтасыз, өзінің талабымен, өзінің адал еңбегімен маңдайына жазған ырыздығын теріп жеп, елге танымал, қалың жұртына қадірлі азамат бола білді. Ең бастысы, жүзі жарқын, беті ашық, ешкімнің алдында ұялмайтындай, мағыналы да мәнді, өнегелі ғұмыр кешіп келе­ді. Төңірегіне бар жақсы, жай­саң­ды жинап топтастыра білер биік адами қасиеттерімен, сырбаз да маңғаз кейпімен, ақ сөйлеп, әді­лін айта білер өршіл мінезімен, қаны­на тартқан тектілігімен ірілеу көрі­не­тін Қайырлы Қамзеұлының жан дү­ниесіндегі мейірім мен ізгілікті та­ни біл­ген де абзал. Бір бойына біт­кен сол абзал адами қасиеттерін тани алсаң, Қайырлы Қамзеұлындай азаматтың жан сырына қаныға түсерің де анық. Сол Қайырлы ағаның мәңгі­­­­лік бітпейтін әні, мәңгілік тарқа­майтын сағынышы, мәңгілік айық­­пайтын мұңы бар жүрегінде. Ол – әкенің әні, ол – әкеге деген сағы­ныш, ол мұң – әке мұңы! Жан дү­ниесін әрдайым сағы­нышпен сар­ғайтып, мұңымен тол­ғандырып, ой­ландырар, көңілінің жұба­ныш табар таянышы да, тірегі де жыл озған сайын азайып бара жат­­қан­дай. Уақыттың заңдылығы болар, күні кешегі әкесінің көзін көр­гендер қатары сиреп барады. Жан дүниесі сағыныштың ыстық алауы­мен лапылдай жөнелгенде, жолай болсын соғып тұрар өз әкесі­нің өз қолымен құрған өзінің туған ауы­лы Шоңай болса, ол да тарап, ор­нында көшкен елдің жұрты ғана қалды. «Жер бетінде Шоңай атты ауыл болғандығын ұмытпаңдар» дегендей, өз бетімен өсіп шыққан үш қарағай жел өтінде тұрып, өткен-кеткенге салауат айтып, безектеп, бебеу қағады ен даланың төсінде. Онан соң... осы ауылдың мына жарық дүниеден озған та­лай да талай бір абзалдарын өз топы­рағының бауырына басып, мына тіршілікке селт етіп, ешбір үн қат­пастан бұйығып жатқан үлкен бір қорым ғана бар. Бұл зиратта Құр­ман... Рахила... Момақан... біреуі Қайырлының атасы, біреуі әжесі және енді бірі анасы, біраз ағайын-туыстары жатыр. Енді баратын жері де, соғатыны да осы ауыл қорымы. Көз көргендер азайған сайын басқа барар жерінің де аясы тарылып бара жатқандай. Енді, міне, сол зираттағы өз әкесінің қабіріне де жиі соғатын болып жүр. 2004 жылы Қайырлы Қамзеұлы өз әкесінің туғанына 100 жыл толуына орай туған ауылы Шоңайдың іргесіндегі қорымға құлпытас қойды, әкесінің бейітін жасады. Ауыл... елді жинап, ас беріп, қайран әкесін, арулап, ақ жуып, туған жерінің қойнауына бергендей амал жасады. Қолына бір уыс топырақты алып тұрып, қос жанарын жуып кеткен көз жасына да ие бола алмады. Қызыл қышпен өрілген қабыр ішінде әкесінің сүйегі жоқ болса да, жанжүрегінің жанарынан тамып түскен көз жасына малынған жаңағы бір уыс топырақты әке қабіріне салды.Міне, кешегі Ұлы Отан соғысында опат болып, қай жерде көміліп қалғаны да белгісіз өз әкесінің сүйегін туған ауыл қорымына баласы болып ойша «жерлеген» осы бір жан толқытарлық және де жүрек сыздатарлық сәттен бері Қайырлы да әке бейітіне жиі соғып, Құран оқытып, дұға қылатын болып жүр.   «Асыл әке, аяулы әке, жан әке, Тауқыметті тік көтерген нар әке. Өзегімді өртегендей өзіңе, Сарқылмайтын сағынышым бар, әке!   Болаттайын тасқа жаныр төзімді, Нелер арыс елден жырақ көз ілді. Тәнің-рахат, жаның жәннат тұрағы, Ұрпақтарың ұмытпайды өзіңді!   Соғыс деген жүректе тұр жаңғырық, Елің есен, жатыр жұртың жаңғырып. Бір қиырда қалсаң-дағы беймәлім, Туған елде белгің тұрсын мәңгілік! Ұлың Қайырлы», деп жазылған қара құлпытастағы жыр жолдарымен өзінің жан  дүниесінің әкеге деген сыры мен сағынышын, зары мен мұңын айта білгендігін аңғаруға болар еді. Қызыл кірпішпен қоршалған қо­рым ішінде ақ аруланып жерленген әке мүрдесі, әке сүйегі жатпаса да, әйтеуір қасиетті Жер-Ананың қай бұрышының болмасын топырағын жастанып жатқаны мәлім ғой. Туған елі мен туған топырағында әкесінің тым болмаса елесі қалсын, әйтеуір қайран әке мына жер бетінен белгісіз кетпесін деген перзенттік ниетімен орнатқан осынау құлпытас Қайырлы Қамзеұлының өз әкесіне ғана емес, соғыста хабарсыз кетіп, өз туған жерлерінен бір уыс топы­рақ та бұйырмаған барлық соғыс құрбандарына орнатқан мәңгілік ескерткіші. Бұл құлпытас – соғыс қасіреті. Бұл құлпытас – майданнан оралмаған, қайран да қайран әкелерін күтумен зарыққан, тосумен көңілдері тосырқап, жабығып қамыққан, келер... әйтеуір бір келер деген үмітпен сағынып, сарғайып өмір кешкен Қайырлы сынды талай да... талай да бір ұрпақтардың мәңгілік сағынышы, мәңгілік таусылмайтын, ешқашан көнермейтін және де ешқашан бітпейтін әкеге арнаған мәңгілік әні! Ақмола облысы, Бурабай кенті.