Уақытымыздың көбі теңіз айдынында өтеді
Отан қорғаушылар күні қарсаңында еліміздің теңіз қақпасы – Ақтау қаласында қызмет етіп, жас та болса үлкен міндетті иығына жүктеп, білдей кеменің тізгінін қолына алған жігітті сөзге тарттық. «Қазақстан» әскери кораблінің командирі Бауыржан МҰРАТҰЛЫ бізбен емен-жарқын әңгімелесті. – Теңізші болу қиын ба? – Оңай емес. Оның үстіне бұрын мұхит көрмеген менің алғаш айдынға шыққан кезім қызық болды. Мен 1986 жылы Талдықорған қаласында өмірге келдім. Ұзақ ойланып, дәрігер-нейрохирург боламын деп жүргенмін, бірақ жүрек қалауыммен 11 сыныпта теңізші болуға бекіндім. Осы жылы Германияның Фленсбург қаласындағы Әскери-теңіз академиясына оқуға түстім. 2005 жылы Германияда жүріп парустық кемемен флоттық практикадан өттік, осы кезде қатты қобалжып жүрдім. Ал қазір теңіз – менің екінші үйім. 2008 жылы оқуды штурман мамандығы бойынша аяқтаған соң, Ақтау қаласына шағын күзет кемесінің 1-ші жауынгерлік бөлім командирі лауазымымен қызметке кірістім. Алғашында жылына 30-40 күн теңізде болсақ, қазір 180 тәулікке дейін, яғни жылдың жартысына жуық мерзімде теңізде боламыз. Әр қызметтің қиындығы болады, мен өз қызметімді ұнатамын және қызығушылықпен атқарамын. Кездесе қалған қиындықтармен күресіп, жеңіп шығамыз. Білмеген жерімізді тәжірибелі адамдардан сұрап, үйреніп жүреміз. Үйренудің артықтығы жоқ, ал өзіндік дайындық міндетті түрде болу керек. Мен жауынгерлік дайындық үшін де, кейінгі жастарға үйрету үшін де үнемі үйрену, ізденіс, дайындық үстінде жүремін. – Бауыржан, сіз қазір «Қазақстан» әскери кораблінің командирісіз, аға лейтенант шенінде корабль командирі болу көп кездеспейтін шығар... – Қазақстан Әскери-теңіз күштері Қарулы Күштеріміздің ең жасы, сондықтан мамандары да жас. Сол себепті көбіміз аға лейтенант шенінде кеме командирі лауазымына тағайындалған едік. Кеме командирі материалдық-техникалық жабдықтардан бастап, жеке құрамның әрбір мүшесіне, ең бастысы – кеме мен экипаж алдына жүктелген тапсырмалар мен міндеттерді орындауға жауапты. Құдайға шүкір, аға лейтенант шенінде кеме тізгінін қолына алған жігіттер өз міндеттерін табандылықпен атқарып келеді. Қазір тәжірибе, жауапкершілік талаптарынан көрінген бірқатарымыз капитан-лейтенант шенін алдық. Ал «Қазақстан» зымыран-артиллериялық кемесін біздің еліміздің мақтанышы деуге болады. Себебі, ол, біріншіден, отандық өнім, екіншіден, XXI ғасырдың жаңа технологиялары бойынша жарақтандырылған. Еліміздің Әскери-теңіз күштері қатарына 2012 жылы қабылданған кеменің экипажында 30-ға жуық адам бар. – «Генерал болуды армандамайтын солдат солдат емес» дегендей... – Иә, қызметтік лауазым өз алдына ғой, мен алдымен Германия, Түркия, Ресей елдерінің біріне барып, Жоғары әскери академияда оқығым келеді. Біздің жас құрылымға білімді, білікті теңізшілер, мамандар ауадай қажет. Сол себепті... оқысам деймін. – Көкте, құрлықта, теңіз шебінде еліміздің қауіпсіздігін қорғап жүрген әріптестеріңізге тілегіңіз? – Отанымыз – Қазақстан Республикасы өркендей берсін! Оны қорғаушыларға денсаулық, бақыт және жауынгерлік біліктілік пен ержүректілік тілеймін! – Рахмет. Әңгімелескен Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Маңғыстау облысы.Әскери қызмет – жүрек қалауым
«Астана» өңірлік қолбасшылығы 31775 әскери бөлім батальон командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, лейтенант Ғани Нүсіпов осылай дейді. – Отан қорғаушылар күні, әсіресе, әскери қызметшілер үшін мерейлі мереке саналса, халқымыз берік қорғандары барын мақтан тұтады.Бір қуаныштысы, жастар арасынан соның ұйытқысы, офицерлер қатарын толықтырушылар жылдан-жылға көп. Өзің де сардарлар сапына қосылыпсың. Қадамың қалай? – Астанадағы әскери парадқа қатысу құрметі көрсетілуі болашағым үшін үлкен сенім деп пайымдаймын. Шындығын айтқанда, әскери қызметші болуды бала кезімнен армандаушы едім. Осы мақсатқа жету жолында мектепте үздік оқуға тырыстым, спортпен шұғылдануға ден қойдым. Талабым жанып, Алматыдағы Құрлық әскерлері әскери институтына оқуға түстім. Оны ойдағыдай бітірген соң Қарағандыға жолдама алдым. Өмірлік қалауыма айналған еңбек жолымды бастағаныма көп уақыт бола қойған жоқ. Шенім лейтенант, лауазым батальон командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары ретінде сарбаздар бойына патриоттық, отаншылдық сезімді тереңдетуге, азаматтық парыздарын адал атқаруға, жауынгерлік жоғары рухты қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар басы-қасында болу зор жауапкершілік деп білемін. Армияда әскери дайындықпен қатар, саяси саналылыққа тәрбиелеудің маңызы ерекше. Сондықтан міндетіме сай талап биіктігінен табылу – басты мақсатым. – Тәжірибең аз жас офицерсің, қиын соғып жүрген жоқ па? – Қиындықсыз емес екені рас. Біз соны жеңе білуге баулындық. Мұның сыртында аға әріптестерімнің көмек-қолдауы арқасында күннен-күнге ысылып келемін. Арнаулы оқу орнында сіңірілген білікті біліммен бірге өмір өзгерісіне, уақыт талабына байланысты өзіндік ізденіс пен ширығу табандылыққа тартуда. – Осы кезде бөлім құрамының жаңаратыны белгілі. Жас сарбаздар көңіл-күйі қандай? – Алдын қарсы алып жатырмыз. Айта кету керек, білімдері де талапқа сай деңгейлі, бастапқы әскери дайындықтары да тәуір деуге болады. Ең маңыздысы, бәрінің де өз азаматтық парыздарын адалдықпен өтуге деген шынайы ынта-ниеттері қуантады. Олардың ата-аналары, туған-туысқандары мақтана аларлықтай жағдай бар. Бір айдан кейін бәрі Отанымыз алдында ант қабылдайды. Бұл жаңа жауынгерлер үшін өте жауапты сәт. Бүгінде сол күнге дайындық қызу. – Өзіңдей жас офицерлерге не тілер едің? – Еліміз бізге биік сенім артып, зор жауапкершілік жүктейді. Соған лайық болайық дер едім. Әңгімелескен Айқын НЕСІПБАЙ, «Егемен Қазақстан». ҚАРАҒАНДЫ.Отандық радиолокация офицері
Қазақстан Қарулы Күштерінің қатары қарымды жас мамандармен толығып келеді. Бала күнінен офицер болуды армандаған жастар еліміздегі жоғары әскери оқу орындарымен қатар, алыс-жақын шет елдердің де білім ордаларында біліктіліктерін жетілдіруде. Олардың алды алған білімін отандық Қарулы Күштер қызметін жандандыруға пайдалана бастады. Солардың сапындағы жас офицердің бірі, лейтенант Аслан Сапарғалиев Семей қаласындағы №63310 әскери бөлімде радиолокациялық станса бастығы қызметін атқарады. Бізбен әңгімесінде лейтенант Аслан Арманұлы отандық радиолокация қызметінің әлеуеті ешбір елден кем емес екенін атап көрсетті. – Менің әскери салаға келгеніме алты жыл болды. 1990 жылы Семей қаласында дүниеге келдім. Әскери салада қызмет етуді кішкене кезімнен армандайтынмын. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» немесе «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген мәтелдің мен өскен отбасыға тікелей қатысы бар. Әкем Арман әскери қызметкер болды. Ол Семейдегі №36803 әскери бөлімде зымыраншы еді. Менің де мектеп бітірген соң әке жолымен жүргім келді. Бір жағынан отбасының тұңғышымын. Іні-қарындастарым бар. Сондықтан бала күнімнен-ақ әскери қызметкер болуды алдыма мақсат етіп қойдым. 2008 жылы қаладағы №10 орта мектепті бітірген соң, Санкт-Петербург қаласындағы Михайловский әскери-артиллериялық академиясының барлау факультетіне құжаттарымды тапсырып, емтиханнан сүрінбей өттім. Мұндай оқу орнының бар екенін әскери комиссариатқа келгенімде білген едім. Академияны өткен жылы тәмамдадым. Ресей Федерациясының әскери оқу орнында бес жыл бойы алған білімімді еліміздің Қарулы Күштерін нығайтуға жұмсайтын боламын. Қазір Семей қаласындағы №63310 әскери бөлімде радиолокациялық станса бастығы болып еңбек етіп жүрмін. Стратегиялық маңызы зор нысан болып саналатын әскери бөлімдегі жас сарбаздарды оқытамын. Радиолокациялық стансада сарбаздар келісімшарт бойынша әскери қызмет атқарады. Біз барлау жұмыстарымен айналысамыз. Жаттығу жұмыстарын жүргіземіз. Әлбетте, біздің әскери-техникалық жарақтандырылуымыз ешбір елден кем емес. Тәжірибелі мамандар да жеткілікті. Жуырда отбасын құрдым. Келіншегім өзім туып-өскен қаланың қызы. Жалпы, мемлекет тарапынан әскери қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын көтеруге барлық жағдай жасалып отыр. Еңбекақымызға көңіліміз толады. Әрине, нарықтық қоғамда қаржы әр адамға керек. Бірақ, біз әскери қызметкер болғандықтан, алдымен еліміздің, жеріміздің қауіпсіздігін ойлаймыз. Отанымыздың тыныштығын барлық құндылықтардан жоғары қоямыз. Жазып алған Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». СЕМЕЙ.