Ашық аспан астында, су жағасындағы жасыл алаңқайда киіз үй тігіліп, ет асылды. Фестивальдың ерекшелігі де сонда, жобаның төрайымы Нәзира Табылдинова бастаған ақ жаулықты аналар, апалар, қыздар жас ерекшеліктеріне сай тақия, бөрік, орамал, кимешек пен қазақы нақыштағы қажекей, қамзол, бүрмелі көйлектерін киіп, қазақтың ұлттық зергерлік әшекейлерін тағып келді.
Жалпы, қазақ халқының салт-дәстүрлері: бала тәрбиесіне арналған салт-дәстүрлер, тұрмыстық салт-дәстүрлер, әлеуметтік-мәдени салт-дәстүрлер болып үлкен үш топқа бөлінетіні белгілі. Этнофестиваль барысында ұйымдастырушылар жоғарыда аталған үш бағыттағы салт-дәстүрлеріміздің жөн-жоралғысын түгел қамтуға тырысты және олар танымдық-тағылымдық тұрғыдан алғанда іс-шараға жиналған жұртшылықтың көңілінен шықты деуіміз керек.
Этнофестиваль соңында кітапхана директоры, ақын, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» жобасының белсенді мүшесі Гүлжайнар Нәренқызы ұлттық аспап – домбыраның сүйемелдеуімен жиналғандарға ән-жырдан шашу шашты. Мәре-сәре болған көпшілік түрлі ұлттық тағамдардан дәм татып, қуанышты тарқасты.
Ұлттық салт-дәстүрлеріміз ғасырлар бойы қалыптасқан құндылықтарымыз болғандықтан, оларды қолымыздан келгенше дәріптеп, жас ұрпақтың бойына сіңіре беруіміз керек. Ал ұлтымыз үшін игілігі мен тағылымы мол осындай этнофестивальдар өз Отанының тарихын, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, рухани құндылықтарын бойына сіңірген, үлкенге ізеті, кішіге құрметі бар, яғни ұлттық кодты сақтай алатын тұлға қалыптастыруға себепші болады деген сенімдеміз.
Айнұр ТӨЛЕГЕНОВА,
Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының библиографы
АҚТӨБЕ