Хоккей • 02 Тамыз, 2022

Трансфердегі сауда қызып тұр

152 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Шайбалы хоккейден Құрлықтық хоккей лигасында өнер көрсететін елорданың «Барысы» кейінгі аптада трансфер базарында өте белсенді бола бастады. Андрей Скабелка жетекшілік ететін қазақстандық команда трансфер маусымы ашылғалы бері құрамын шетелдік бес легионермен толықтырып, ҚХЛ-дың өткен маусымында тәуір өнер көрсеткен 10 хоккейшіні командада сақтап қала алды. Ал осы уақыт аралығында «Барыстан» бас-аяғы 12 ойыншы кетіп үлгерді.

Трансфердегі сауда қызып тұр

Биылғы маусымаралық үзіліс­тегі «Барыстың» кадрлық ауыс-түйісіне назар салатын болсақ, клуб қатарын қорғаушылар – Михаил Григорьев (Ресей) пен Джесси Грэм (Канада), америкалық шабуылшылар – Джереми Бракко мен Энтони Луис және ресейлік Кирилл Максимов толықтырды.

2011 жылы Өфөнің «Салават Юлаев» клубымен бірге Гагарин кубогында топ жарған 31 жастағы ресейлік қорғаушы Михаил Григорьев елордалық команда сапында келесі жылдың 30 сәуіріне дейін өнер көрсетеді. Ол 2012/13 жылғы ҚХЛ маусымында «Барыс» клубында ойнағанын да айта кетейік. Михаил Григорьев әр жылдары «Авангард», «Спартак», «Динамо» (Мәскеу) клубтары жейдесінде мұзайдынға шығып, былтырғы маусымды Магнитогорскінің «Металлургында» өткізді. Гагарин кубогының финалына дейін жеткен ол бір маусымда 24 ойында мұзайдынға шығып, екі мәрте әріптестеріне нәтижелі пас асырған. Аса жақсы нәтиже емес, әрине.

28 жастағы канадалық хок­кей­ші Джесси Грэм мен «Барыс» арасындағы келісім бір маусымға жоспарланған (2023 жылдың 30 сәуіріне дейін). Әр жылдары Солтүстік Американың түрлі лигаларында өнер көрсеткен қорғаушы былтырғы маусымды Германияның «Пантер» клубында өткізді. Гер­мания чемпионатында 52 матчта мұзайдынға шығып, 42 (3+39) ұпай жинаған. Бұл нәтижемен ол өз командасының үздік бомбардирі атанып, лиганың ең нәтижелі қорғаушылары тізімінде екінші орынға ие болды.

Сондай-ақ «Барыс» жуырда америкалық шабуылшы Джереми Браккомен де біржылдық келі­сім­шарт жасасқанын хабарлады. Бракко да Джесси Грэм сияқты карьерасын Солтүстік Америка клубтарында бастаған. АҚШ-тың жасөспірімдер және жастар құрамасына шақырту алған ол 2015 жылы жастар сапында әлем чемпионы атанды. 2015 жылдан бастап «Торонто» және «Торонто Марлис» клубтарында өнер көрсет­кен шабуылшы былтыр өз бағын Германия біріншілігінде сынап көрді. Жергілікті «Крефельд Пингвин» жейдесін киген ол өткен маусымдағы 54 матчта 54 (14+40) ұпай жинап, командасының ең үздік шабуылшысы атанды. Сондай-ақ нәтижелі пас бойынша да үздік шықты.

«Барыс» сапын толықтыр­ған тағы бір америкалық шабуылшы Энтони Луистің де өткен маусым­дағы нәтижесі жаман емес. Былтыр «Далластың» фарм-клубында өнер көрсеткен 27 жастағы хоккейші тұрақты чемпионаттың 66 матчында мұзайдынға шығып, 55 (24+31) ұпай жинаған. Бүгінге дейін ол Солтүстік Американың түрлі лигаларында өнер көрсетіп, АҚШ-тың жасөспірімдер мен жастар құрамаларына шақырту алған. 18 жасында «Чикаго» командасының ойыншысы атанған ол кейінгі алты жылын Америка хоккей лигасында (АХЛ) өткізген. Енді ҚХЛ-дың алдағы бір маусымында елордалық клубты жоғары орындарға сүйреуге тырысып бағады.

Сонымен қатар елордалық ұжым Мәскеудің ЦСКА клубынан шабуылшы Кирилл Максимов­ты бір жылға жалға алды. 23 жаста­ғы Максимов өзінің хоккейдегі спорттық жолын Солтүстік Амери­када бастаған. 2017 жылы «Эдмонтон» құрамында ойнаса, 2020/21 жылғы маусымда ЦСКА жүйесінде өнер көрсетіп, ҚХЛ-да 16 матч өткізді (3 ұпай, 2+1). Былтыр Финляндия чемпионатында бақ сынаған ол «Юкурит» клубы сапында 28 кездесуде 9 (4+5) ұпай жинаған. Шабуылшы үшін мұны да аса жоғары көрсеткіш дей алмасақ керек.

Жаңа ойыншыларды сатып алумен қатар, елордалық клуб ҚХЛ-дың былтырғы маусымында нәтижелі ойынымен көзге түскен шабуылшылар Никита Михайлис, Аркадий Шестаков, Юрий Петухов, Линден Вей және қақпашы Андрей Шутовпен жаңа келісімшарт жасас­қанын хабарлады.

Спорттық мансабын бастаға­лы бері тек «Барыс» жүйесінде ойнап келе жатқан Н.Михайлис пен елордалық клубта 2015 жылдан бері өнер көрсететін Егор Петухов және «Барыста» үшінші маусымын өткізгелі жатқан Линден Вей келісімшартын бір жылға жаңартқан. Ал Юрий Петухов пен Андрей Шутов «Барыста» тағы екі маусым өнер көрсететін болды. Ал Кирилл Савицкий, Антон Сагадеев, Егор Шалапов клубпен келісімшарттарын ұзартса, Әділ Бекетаев пен Әлихан Әсетов команданың квалификация­лық ұсынысын қабылдап, «Барыспен» бірге екендіктерін дәлелдеді.

Сондай-ақ қазіргі таңда «Ба­рыс» сегіз хоккейшімен 31 та­мыз­­ға дейін сынақ келісімшартын жасаған. Атап айтар болсақ, олар – Максим Минеев, Эмиль Нұрға­лиев, Владислав Сёмин, Юрий Сергиенко, Тимур Фаткуллин, Владимир Михасёнок, Батырлан Мұратов және Михаил Рахманов. Бапкерлер құрамы сынақ мерзімі біткен соң жаттығуда шеберлігімен көзге түскен хоккейшілері мен әрі қарай ұзақ мерзімді келісімшарт жасаса алады.

Өкінішке қарай, «Барыс» ел­орда­лық клубта 14 маусым өткіз­ген, осы уақыт аралығында клуб­тың лидері бола білген Роман Старченконы командада сақтап қала алмады. Басқа-басқа, клуб, біздіңше, өзінің ардагер ойыншысын қалай да ұстап қалуға тырысуы керек еді. Оның соншалықты көп қаржы талап етпегені де түсінікті. Есесіне Ресейдің ортаңқол, тіпті одан да төмен хоккейшілерін өз санатына қосып алудан аяқ тартар емес. Ал Қазақстан құрамасы­ның капитаны ҚХЛ-ға келген сәт­тен бастап күні кешеге дейін тек «Барыс» сапында өнер көрсетті. Осы уақыт аралығында ол 740 матчта мұзайдынға шығып, 377 ұпай жинаған. Старченко өткен маусымда «Барыс» сапында 41 кездесу өткізіп, өз еншісіне 24 (9+15) ұпай жазды. Роман алдағы маусымды Мәскеудің «Спартак» клубында өткізеді.

«Барыстың» маусымаралық үзілістегі трансфер саясатына және ­оқу-жаттығу жиынындағы да­­йын­дығына бір айдан кейін бас­талатын ҚХЛ-дың жаңа маусы­мы барысында баға беруге болады. Оған дейін елордалық клуб 16 тамызда дәстүрлі «Пре­зидент кубогында» өнер көрсетіп, жаңа маусым алдындағы дайындығын тағы бір пысықтап алады. Тур­нир­ге «Барыстан» бөлек, «Авто­мо­билист», «Нефтехимик» және «Металлург» командалары қаты­сады.