Топтық кезеңнің үшінші турында жолыққан командалар төртінші турда да бір-бірімен кездесіп, маңызды ұпайларды сарапқа салды. Алдымен, «А» тобындағы ойындарға тоқталар болсақ, Алматының «Қайраты» өткен турда өз алаңында Павлодардың «Ақсуын» қабылдап, 3:2 есебімен жеңіске жеткен. Бір аптадан кейінгі қарымта кездесуде 1:1 есебі тіркелді. Топтағы екінші ойында да осыған ұқсас жағдай тіркелді. Үшінші турда «Атырауды» қонақта 4:1 есебімен ойсырата жеңген Шымкенттің «Ордабасы» клубы өз алаңындағы төртінші турдың матчында «Атыраудан» 1:2 есебімен жеңіліп, бір апта бұрынғы басымдығын сақтай алмады.
Төрт турдан кейін турнир кестесінде «Қайрат» 10 ұпаймен көш бастап келеді. Екінші және үшінші орындағы «Ордабасы» мен «Атырау» еншісінде 6 ұпай бар. Ал «Ақсу» бір ұпаймен көш соңында қалып қойды.
«В» тобында алғашқы үш турдан кейін 100 пайыздық нәтижемен бірінші орында келе жатқан Қызылорданың «Қайсары» төртінші турда білгенінен жаңылып, «Каспийден» жеңіліп қалды. Қызылордадағы Ғани Мұратбаев атындағы стадионда өткен төртінші турдың матчында ақтаулықтар 2:1 есебімен басым түсті. Осыдан бір апта бұрын Ақтауда өткен матчта қызылордалықтар дәл осындай есеппен жеңіске жеткен болатын.
Ал жуырда ғана Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңінде Хорватияның «Осиек» клубын жарыс жолынан шығарып жіберген «Қызылжар» кубок ойынында Оралдың «Ақжайығынан» жеңіліп қалды. «Астана Арена» стадионында өткен кездесуде петропавлдықтар қақпасына жауапсыз екі гол өткізіп алды. Апта бұрынғы Оралдағы матчта алаң иелерінің жеңісімен аяқталған еді – 1:0. Төрт турда бір-ақ ұпай жинаған «Қызылжардың» енді Қазақстан кубогының плей-офф кезеңіне шығу мүмкіндігі аса төмен деуіміз керек. «В» тобының турнир кестесінде 9 ұпайы бар «Қайсар» мен «Ақжайық» алғашқы екі орынды өзара бөлісіп тұр. Ал «Каспийдің» еншісінде әзірге 4 ұпай бар.
Кубок жолындағы топтық кезеңге қатысып жатқан 16 команданың ішінде бірінші болып Түркістан облысының «Мақтаарал» ұжымы жарыстың плей-офф кезеңіне жолдама алды. «С» тобында бақ сынап жатқан Премьер-лига дебютанты кейінгі екі турда да былтырғы ел чемпиондары – «Тобылдан» басым түсті. Еурокубоктағы ойындарына байланысты екі матчқа да жастар құрамын шығарған «Тобыл» өз алаңында 1:4, сырт алаңда 0:1 есебімен қарсыластарына жол берді.
Ал «Тараз» бен «Ақтөбе» қатарынан екі турда тең ойнап, маңызды ұпайларынан қағылды. Тараздағы матч 0:0 есебімен тең аяқталса, Ақтөбедегі ойында 1:1 есебі тіркелді. Турнир кестесінде «Мақтаарал» 9 ұпаймен бірінші орынды иеленіп тұр. «Тараз» 8 ұпаймен екінші орынға жайғасқан. «Тобылдың» еншісінде – 3, «Ақтөбеде» 2 ұпай бар.
«Д» тобындағы төрттікте әзірше «Астана» мен «Шахтердің» жағдайы шамалас. Елордалықтар өткен турда Түркістаннан астанаға бір ұпаймен (1:1) оралған болатын. Бір аптадан кейінгі қарымта матчта «Астана» «Тұранды» 2:1 есебімен тізе бүктіріп, маңызды үш ұпайына қол жеткізді. Талдықорғанда «Жетісудың» осал тұсын таба алмаған «Шахтер» (0:0) төртінші турда Бірінші лиганың клубын 4:2 есебімен қапы қалдырды.
Турнир кестесінде «Астана» 8 ұпаймен бірінші орынға жайғасқан. Ал бір ұпай кем жинаған «кеншілер» командасы елордалықтарды өкшелеп келеді. Бір ойында жеңіске жетіп, біреуінде тең түскен «Тұран» футболшылары 4 ұпаймен үшінші сатыға, «Жетісу» 2 ұпаймен төртінші орынға тұрақтаған.
Төртінші тур ойындарының статистикасына тоқталар болсақ, еліміздің жеті қаласында өткен сегіз матчқа («Қызылжар» өз алаңындағы матчтарды елордада өткізіп жүр) жалпы саны – 25 761 жанкүйер келді. Ең көп көрермен (12 861) «Ақтөбе» – «Тараз» матчын тамашаласа, ең аз жанкүйер «Қызылжар» мен «Ақжайық» ойынына барды (500 көрермен).
8 матчты тамашалауға келген 25 761 көрермен төртінші турда 22 голдың куәсі болса, оның екеуі пенальтиден соғылды. Сонымен қатар бұл турдың жылдам голын «Ақсу» ойыншысы Дамир Марат пен «Астананың» жартылай қорғаушысы Педро Эуженио 2-минутта салды. Ал ең соңғы голды «Мақтаралдың» футболшысы Жан Али Пайруз 90+1-минутта қақпа торына енгізді.
Бұл турда екі футболшы қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Бірі – «Қайраттың» қақпашысы Вадим Ульянов (83-минутта) болса, екіншісі – «Қайсардың» қорғаушысы Оливейра Жоао Педро (90+2-минутта). 38 футболшы төреші тарапынан сары қағазбен жазаланды. Ең қызығы, «Ақтөбе» – «Тараз» матчында бірде-бір ойыншыға сары және қызыл қағаз көрсетілген жоқ.
5-7 тамыз күндері өтетін бесінші турда «Ақжайық» – «Қайсар», «Тұран» – «Шахтер», «Ақтөбе» – «Мақтаарал», «Атырау» – «Ақсу», «Тобыл» – «Тараз», «Астана» – «Жетісу», «Қызылжар» – «Каспий» және «Ордабасы» – «Қайрат» командалары кездеседі. Ал соңғы алтыншы тур ойындары 13-14 тамызға жоспарланған.