Аймақтар • 02 Тамыз, 2022

Су фонтандары – халықтың меншігі

1581 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Шуы көп Маңғыстауда суға қатысты кезекті дау туындады. Мұнайлы өңірде, көк теңіз жағасында отырып ауыз суға жарымайтын өлкеде суға қатысты дау-дамай бұрыннан бар. Бірақ бұл жолғы талас-тартыстың жөні де, жосығы да бөлек. Бұл шу айдаладағы фонтан басынан шықты. Нарықтың қиын кезінде күнелтудің қыспағына түскен байырғы тұрғындар малының ізін жоғалтпай, кеңшарлардан қалған құдықтар мен фонтандар төңірегінде бала-шағасының нәпақасын айырып, қалаға жөңкіле көшіп үйсіздер мен жұмыссыздар санын арт­тырмай, шаруашылығын шалқыта дамытып отыр. Шуға себеп – фонтанға ке­неттен «UNDERGROUND WATER» (Жерасты сулары) ЖШС-ның килігуі еді.

Су фонтандары – халықтың меншігі

Әлдекімдердің бұлайша алдын ала халыққа ескертілмей, мақсат-мүд­десі түсіндірілмей, сыртынан барымтала­ғандай етіп бір күнде келіп фонтан ба­сында өз жұмыстарын бастап кетуі тұр­ғындардың табанды қарсылығын ғана емес, ашу-ызасын тудырды.

– Серіктестіктің Маңғыстау ауданы әкімдігінен Шайыр ауылы Тасмұрын ауылдық округі аумағынан жалпы ауданы 105 шаршы метр жер учаскесіне 2017 жылғы 27 желтоқсандағы «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске сәйкес су өндіру негізінде жер қойнауын пайдалану жұмыста­рын жүргізу үшін 2023 жылдың 1 қаңтары­на дейін геологиялық зерттеу, іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін алған рұқса­ты мен Экология, геология және табиғи ресурстарды пайдалану министрлігі Геология комитетінен жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензиясы бар. Тұтынатын су көзін молайту мақсатында Тасмұрын ауылындағы су фонтанынан су тұшытатын зауыт ашу көзделеді, – дейді аталған серіктестіктің басшысы Қ.Махамбет.

Аталған серіктестіктің Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Б.Орынбасаровпен «Альбсеномандық сулы горизонт кешенінің жерасты суларын гидрогеологиялық зерттеу жобасын» іске асыру және Маңғыстау облысының халқы мен өнеркәсіптік кәсіпорындарын тәулігіне қуаты 50 мың-100 мың (жылына 18-36 млн) текше метрге дейін су шығару үшін Түңерекшін кен орнын игеруге, сондай-ақ тәулігіне қуаты 25-50 мың текше метрге (жылына 9-18 млн) дейін су шығару үшін Солтүстік Ақтау кен орнын игеруге бірлескен кәсіпорын құру бойынша тараптардың ынтымақтастығын орнату, ілгерілету және нығайту үшін арнайы меморандумы да дайын болып шықты.

Фонтан демекші, Маңғыстаудың ­ойында, Бозашының бойында қанша­ма жыл бойы төрт түліктің өрісте қап­тай жайылып келіп, шөлін қанды­рып, басында үйездеп аунап-қунап жа­­та­тын су құбырлары – халық үшін де, мал үшін де құтты мекен. Екін­ші дү­ние­жүзілік соғыстан кейін мал ша­руа­шылығына басымдық беріліп, мал басын көбейту мақсат етіп қойылға­ны бел­гілі. Нәтижесінде, мал да, отарларды­ шоғырландырған кеңшарлар да кө­бей­­ді, тіпті қазаннан ақтарылған астай Маң­­ғыстаудың ойына сыймаған малды қырға, сонау Үстірт, Сам, Қарақұм бетіне шығарып, тың жерлерді шаруашылық мақсатта игергені мәлім. Бұл су фонтан­дарының тарихы осы мал басы артқан аста-төк кезден бастау алса керек. Кейбір көне­көздер «Жармыш-Тұщықұдық ара­сындағы фонтандар 1976 жылдары біздің жасаңдау кезімізде бар еді, ол кезде де суға қанып бүйірі шығып, мамыражай күнде бейқам жайылған мыңғырған малдан басы бір босамайтын» деп еске алады. Көзкөргендердің айтуынша, су фонтандары Тұщықұдық, Жармыш, Шебір кеңшарларының шаруашылық әлеуетіне, көлеміне қарай өлшеніп, есептеліп қазылған. 10-бекеттен Тұщықұдыққа де­йін өзара арақашықтықтары 10-15 шақы­рымнан аспайтын 10-бекет фонтаны, Сарыой фонтаны, Ақшоймақтың фонтаны, Ауыздыбастың фонтаны, Нысаптың фонтаны, Ұзынкөзе, Қарақойсойған, Садақтыой, Көшек, Терісбауыр, Тас­мұрын, Қабақты фонтаны, Жармыш аума­ғындағы Аманқызылит, Нақпай, Нысап деген атаулармен танылған су фонтандары бар өңірлер – бұрыннан мал шаруашылығына нағыз қолайлы жерлер. Нысап жерінде бүгінде Түркиядан әкелінген арнайы аппарат техникалар көмегімен өте үлкен көлемдегі жерге жо­­ңышқа егу жұмыстары қолға алын­ған, бұл мал азығын дайындау үшін жақ­сы бас­тама. Ауыздыбаста, Жетікүпте, Сар­­ниязда, Ұзынкөзеде бүгінге дейін жеке ша­руа қожалықтары мал өсіруде, Маң­­­ғыстауға сырттан тасымалданатын қа­уын-қарбыз бағасын арзандату үшін бір­­­қа­тарында егін егу жолға қойылған және бұл өнім­дердің игілігін халық көріп келеді.

Қазіргі таңда бес-алты үй тұр­ғыны бар, барлығы өз алдына жеке мал ша­руа­шылығын ұстайтын Тас­мұрын ауы­лындағы су фонтаны тек тасмұрын­дық­тардың емес, жалпы, Бозашы бойының алтын кіндігі деуге болады. Тұрғындары әлеуметтік мәселелерге байланысты аудан орталығы Шетпеге көшкенімен, шаруашылығын жоғалтпай, арасында келіп түгендеп, суарып, көздеп кететін екінші Тасмұрын мен төңіректегі өзге де ауылдарды, тау қуысындағы Аңды­қара, Ақсай, Қызылсай, Керімді, Қызыл­ауыздағы қожалықтарды қосқанда қазір Тасмұрын тұсында шамамен 2-3 мың бас мал жайылып жүр деуге болады. Былтырғы қуаңшылық салдарынан өзге облыстарға қоныс аударып кеткен мал оралған кезде су басы нағыз құртша қайнаған базарға айналады. Бұған даланың жабайы аң-құстарының шөлін осы фонтан суына қандырып жүргенін қоссақ, Тасмұрындағы фонтандарды табиғаттың халық пен аң-құсқа берген сыйы деуге болады.

Қызан, Ақшымырауда су фонтандары жоқ болғандықтан уақ малдар мен қол­дағы сауын малдар қазылған құдықтар­дан суарылады, ал бойдақ малдың барлы­ғы Тасмұрын бағытындағы фонтандар­дан су ішеді. Тұщықұдық, Шебір, Жар­мыш, Таушық ауылдарының малы, «Сары­ой фонтанының» өрісі қашық болғандық­тан Шайыр ауылының малы да Қара­тауда жайылып, су ішуге Тасмұрын жағын­дағы үш фонтанға келеді. Республика­лық трасса бойында орналасқан Онды, Бекі бетінде фонтан емес, қолдан қазыл­ған құдықтар болғандықтан аудан орта­лығы Шетпенің тұрғындары да малын Тас­мұрын бағытына жіберуді қолай көреді. Қазақтың «төсекте басы, төскейде малы қосылған» деуі осы Тасмұрын беттегі фонтанға жарасып кететіндей.

Осылайша, халық айрандай ұйыған тіршілігіне кәсіпкердің араласуына наразы. Олар жылдар бойы малы тойынып жайылып, қанып су ішкен фонтандардан айырылып қалудан қорқады. Халықтың қорқуы да, сенбеуі де дұрыс. Өйткені жылдар бойы ешкімнен жанашыр­­лық сезінбей, өз күнін өзі көрген, ұрлық пен сыбайластықтан, жемқорлықтан запы болған ел үркек, ешкімге сенбейді. Халықтың жайын ойлайтын ешкім бұған дейін кезіккен жоқ, сондықтан халық өзіне ешкімнің болсын демейтінін, кім-кімнің де алдыңғы кезекте өз құлқы­нын, өз қамын ойлайтынын біліп болған. Фонтандардың күні бүгінге дейін көзі бітелмей ағыл-тегіл ақтарылып тұруы – оған қамқор болып сақтап келген иесі, мұрагері – халықтың еңбегі.

«Бұған дейін ешкімнің меншігі емес, жеке құжаты да жоқ нысандардың күні ертең кәсіпкердің меншігі болып кетуі де ғажап емес. Ол кезде мынау мыңғырған мал мен нәпақасынан айырылған елдің күні не болмақ?» дейді жұрт.

Тапшы болғандықтан, ауыз су күйіп тұрған мәселе болып тұрған Маңғыстауда бұл бағыттағы әрбір жұмыс, кез келген бастамалар мен жобалар маңызды деп бағаланып, кедергісіз қолдау тауып кетуі әбден мүмкін. Халықпен келісілмей, «берсе – қолынан, бермесе – жолынан» дегендей белден басқандай-ақ кәсіпкердің құжаттарды дайындап бір-ақ келуінің себебі де осында. Нарықтың талабы – кәсіп ету, сондықтан кәсіпкер су салатын зауыт ашқысы келсе, тұрғындардың кәсібі – шаруашылығы, яғни егіні мен малы. Айырмашылық – «су жалпыхалықтық өнім, игілігін ел көреді» дейміз. Ал мал ше? Мал да маңызды, біріншіден, бұл – халықтың қалаға үдере көшпей, ауылда тұрақтауының кепілі, екіншіден, бала-шаға, қойшы-бақташы, жұмысшысы­мен қосқанда қыруар адамның күнелту өзегі, яғни жұмыссыздықты шешу­дегі үлкен тетік. Сондай-ақ мал жекенің мен­шігі болғанымен, еті мен сүті, жүні халықты жергілікті өніммен қамтамасыз етіп отырған қабырғалы қызмет, сүбелі сала. Маңғыстауда онсыз да төрт аяғы төрт жаққа кетіп құлап-тұрып, есін жия алмай салбөкселеніп жүрген ауыл шаруашылығы саласына соққы беруге болмайды, біржолата күйретіп алуымыз мүмкін. Мал жекенікі болса да – мемлекеттің байлығы, сондықтан әрбір шаруашылыққа, олардағы малға қолдау әрдайым керек.

Маңғыстау облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылы­ғы басқармасы берген мәліметке қара­сақ, өңірдегі ауыз су тапшылығы, әсіресе жазғы кезеңде білінеді және тәулігіне 51 мың текше метрді құрайды екен. Өңірдің даму деңгейін ескергенде, 2025 жылға таман су қажеттілігі тәулігіне 250-260 мың текше метрді құрайды, ал тапшылық тәулігіне 100-110 мың текше метр болмақ.

Өңірде бұл мәселені кезең-кезеңімен шешу үшін «Қазмұнайгаз» АҚ «Қара­жанбас» кен орнында тәулігіне 17 мың текше метр су тұшыту зауытының құрылыс жобасы, тәулігіне 40 мың текше метр ауыз су өндіруді ұлғайту бойынша Ақтау қаласындағы «Каспий» су тұшыту зауытын кеңейту жобасы, Кендірлі ауылында қуаты тәулігіне 50 мың текше метр су тұшыту зауытын салу жобасы, «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС аумағындағы қосымша қуаты тәулігіне 24 мың текше метрлік су тұшыту қондырғыларының құрылысын салу жобасы, Форт-Шевченко қаласындағы қуаты тәулігіне 5 мың текше метрлік су тұшыту қондырғысының құрылысын салу жобасы, «Құйылыс» кен орнынан «Каспий» су тұшыту зауытына дейінгі су таратқыштың құрылысы объектісі бойынша ЖСҚ әзірлеу» жобасы секілді ірі жобалар жоспарланған.

Байқағанымыздай, «UNDERGROUND WATER» ЖШС-ның Төңірекшін мен Тасмұрындағы су фонтанына ауыз су зауытын салу жобасы облыстық әкім­діктің жобаларына кірістірілмеген. Со­нымен әкімдіктермен біріккен кәсіп­кердің бұл жобасының астарында не бар? 2021 жылдың 22 қыркүйегінде Пре­зидент Қ.Тоқаевтың Маңғыстау облы­сының әлеуметтік-экономика­лық да­муына арналған кеңесте Үкіметке Маң­ғыстау және Қызылорда облыстары үшін құдықтарды бұрғылауға кеткен шығындарын субсидиялау мөлшерін 80%-ға дейін арттыруды қамтамасыз етуді тапсыруы түрткі болды ма? Желі­де тұрғындар тарапынан ащы сынға ұшыраған кәсіпкердің тосын әрекеті «бұл осы субсидия үшін жасалып жатқан қам» деп бағаланды.

Енді кәсіпкер мен Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданы әкімдіктері мәселені, мақсат пен мүддені бүкпесіз ашық айтып, халықтың уәжін тыңдап және тұрғындарға, малға обал жасамайтындай жағдайда шешімге келуге тиіс. Таяқтың екі ұшы бары белгілі, халықпен санаспаса, әкімдік қолдауына сүйенген кәсіпкер «артық қыламын деп тыртық қылуы» мүмкін. Халықты ауыз сумен қамтамасыз етуге көмек бергісі келген кәсіпкердің халық игілігіндегі және иелігіндегі фонтандардан бөлек іздестіру, зерттеу жұмыстарын жүргізу арқылы жаңа су көзін анықтап, су тұшыту нысанын ашуға қауқары қаншалықты? Барға жармасқаннан жаңа су көзін анықтау маңызды болмақ. Әйтпесе, елдің аузындағы күлшеге жармасу ұят.

 

Маңғыстау облысы