Әбсаттар Дербісәлі және кашмирлік Абдул Мажид Баба
Джамму-Кашмир штатының орталығы Сринагар қаласының әуежайынан күтіп алған отыздың шамасындағы аққұба, еуропалық үлгіде мәдениетті киінген жігіт өзін Аффан Иесви (Йассауи) деп таныстырды. Мұның өзі біз үшін тосын да қызық жай болды.
– Йассауи?! Қожа Ахмет Йассауиге қандай қатысы бар екен? – деген сұрақ делегация мүшелерін желдей есіп өтті. Тіпті анық-қанығына көзіміз жетіп үлгермесе де, Қожа Ахметке жақындатып алдық. Көзімізге жылы, жақын көрінді.
Әуежайдан шыға бере, машина айдыны кең шалқар көлді жағалай күнбатысқа қарай екпіндете жүріп отырды. Алдымыздағы «джипте» 4-5 автоматшы, соңындағы машина да солай жасақталған. Иә, Кашмир штатында сондай – әскери жағдай.
– Дал көлі, – деді жолбасшымыз. – Қазір көлдің тура арғы басына барамыз, университет қалашығы сонда.
Аумағы кең, арғы жағасына көз жетер-жетпес Дал көлі! Алыстан аумақты қоршап жатқан тау бөктері көрінеді. Ол Гималай таулары мен Пир Панджал жоталары екен. Кейін қайтар жолда Аффан Иесвидің ұйымдастыруымен көл бетінде қайықпен серуендегеніміз бар. Сонда Әбсаттар ағамыз: «Мұхаммед Хайдар бабамыз көлдің жағасында тұрып талай ойға шомған шығар-ау», деді. Одан соң ойын тереңдетіп: «Сринагарға қанша келсем де, көл бетінде қайықпен серуендемеппін. Көлде қолы бос кездері Мұхаммед Хайдар да балаларын серуендеткен деседі» дегенді айтты.
Кашмир! Мұхаммед Хайдар бабамыздың өмірінің соңғы он жылға жуық уақытында билік құрған жер! Жат та жақын өлке. Жақын өлке болатыны бабаларымыздың ізі жатыр. Жан-жақты дарынды М.Х.Дулати XІІІ-XVІ ғасырлардағы Орталық Азия халықтарының тарихы, этнографиясы мен географиясы, әдебиеті мен мәдениеті жайлы өзі көрген, куәсі болған һәм басқа да жайттарды баяндайтын классикалық тарихи шығармасы – әйгілі «Тарих-и Рашиди» еңбегін осында жазған.
Әбсаттар аға осы жолғы сапарда Мұхаммед Хайдар Дулати мұрасына біршама жақын көзқарастағы адамды тауып қайтты. Кашмирлік ғалымдардың барлығы бірдей бабамызға оң көзқараста десек, қателесер едік. Түрлі көзқарастар бар, оның ішінде басқыншы ретінде көретіндер де кездеседі. Бірақ осы ғажайып адамның тұсында Кашмир гүлденген. Үлкен бақтар, тас жолдар, моншалар салынған. Ақша соғылған. Халықтың әл-ауқаты жақсарған.
Дулати мұрасы, оған қатысты бір дерек десе, басы жастыққа тимейтін Әбсаттар ағамыздың тапқаны профессор Абдул Мажид Баба болатын. Кейін ол кісі былай деп хат жазды:
«Қазақстанның Үндістандағы төтенше және өкілетті елшісі доктор Болат Сәрсенбаев пен Әбсаттар Дербісәліге
Ассалаумағалайкүм! Сіздердің жуырдағы Кашмир сапарларыңыз кезінде Мырза Хайдар Дулатиге арналған конференцияда танысқанымызға бек қуаныштымыз. Біз сіздермен бағдарламада өзара қызметтес бола алатынымыз туралы түрлі мәселелерді талқыладық. Сіз (Әбсаттар Дербісәлі) маған кітаптар тізімін бердіңіз, олардың көпшілігі бізде бар, олар қолжетімді. Сондай-ақ сізді Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашидиінің» қолжазбасы қызықтырды. Мен біздің мемлекеттік басқармаға қарасты ғылыми-зерттеу кітапханасынан «Тарих-и Рашиди» қолжазбасының екі нұсқасын таптым. Кейін олардың сипаттамасы, көлемі, беттері жайлы мағлұматтарды жазып жіберемін. Біз сіздермен кездескен кезде өзара талқылағанымыздай Дулатидің өзі немесе ол жайлы жазылған Үндістандағы барлық құжатты таба аламыз.
Сіздер Таразда М.Х.Дулатиге арналған конференция өтетіні жайлы айттыңыздар ғой. Онда өзара пікір алмаса алатынымызға байланысты маған аталған жиын туралы толығырақ хабарласаңыздар. Қазақстанның Үндістандағы елшісі Болат Сәрсенбаев пен Тараз университетінің профессоры Махметғали Сарыбеков мырзаларға менен сәлем айтыңыз. Сіз менімен хабарласады деген үміттемін.
Сіздердің сапарларыңыз және Кашмир университетінің ғалымдарымен кездесулеріңіз жайлы мағлұматты (газеттегі мақаланы) қоса жіберіп отырмын.
Құрметпен,
Университет кітапханашысы
Кашмирдің Орталық кітапханасының бұрынғы басшысы
Кітапхана мен информатика бөлімі.
Кашмир университеті
Сринагар, Кашмир.
Тел.: +90-94-1901-42-03»
Бұл хаттың көшірмесі М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіне де жеткен. Университеттің 60 жылдығына орай өтетін ғылыми конференцияға арнайы шақырту жіберіп, келу құжаттарын толық дайындағанымызбен, өкінішке қарай, университеттің бір жағдайларына байланысты шетелден қонақ қабылдауға шектеу қойылғанын білдік. Сол себепті үндістандық ғалымдар конференцияға келе алмады.
Бірақ «Дулатитану» ғылыми-зерттеу орталығы олармен байланысты үзген жоқ. Университет ректоры М.Сарыбековтің атынан хат дайындап, Абдул Мажид Бабамен түрлі мәселелер жөнінде пікірлес те болдық. 2020 жылы онлайн өткен «ХІ Дулати оқуы» – халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда Кашмир университетінен М.Х.Дулати тақырыбында ол бейнебаяндама жасады.
Арада үлкен өкінішті жағдай болды. Күтпеген жерден Әбсаттар ағамыз о дүниелік болды. Қайғылы жайды Абдул Мажид Бабаға хабарладық. Көп ұзамай одан хат келді:
«Құрметті профессор Сәмен Құлбарақ!
Сіздің хатыңыз арқылы профессор Әбсаттар қажы Дербісәлі қайтыс болғанын білгеніме таңғалдым. Біз ұлы ғалымнан айырылдық. Мен онымен 2018 жылы Кашмирде кездесе алу мүмкіндігіне ие болдым. Мен оның соңғы хатын 2021 жылдың қаңтарында алдым, онда ол Үндістан мен Еуропа елдерінің зерттеулерінде М.Х.Даглаттың өмірі мен шығармашылығы туралы кейбір ғылыми еңбектерді алғысы келді. Мен оған қалаған барлық ғылыми еңбектің көшірмелерін жібердім.
Мен өз атымнан және Кашмир штатының ғалымдары атынан отбасы мүшелеріне көңіл айтамыз. Алла оған Жанаттан жоғары орын берсін.
Проф (Доктор) Абдул Мажид Баба
Проректордың кеңесшісі (кітапхана ісі)
Кашмир орталық университеті
Жасыл кампус, Дудерхама Гандербал J&K, 191201» (Хаттың аудармасын жасаған Беккелді Ақшалов).
«Біз ұлы ғалымнан айырылдық» деп күйзеліске түскен Абдул Мажид Бабаның көңіл-қошын халыққа, Әбсаттар ағамыздың отбасы мен туыстарына жеткізуді парыз санап отырмыз. Ұлы ғалым өзін еш уақытта биік санамайтын. «Түркістанға, Шымкентке конференцияға кетіп бара жатырмын» деп жолай көлікпен соға кететін. Өйткені ұлы баба Мұхаммед Хайдар Дулатидің мұрасына деген тынымсыз ой мен ізденіс оны еш уақытта тыным таптырмайтын.
Әбсаттар аға және Имам Замин Түркістани
Үндістанның орталығы Делидегі Қазақстан Республикасы елшілігінен шыға бере жылдам, ширақ қимылды Әбсаттар аға асықтыра жөнелді. Күн әлі кешкіре қоймаған (23.01.2018).
– Әлі үлгереміз. Үндістанның ежелгі астанасы Туғлақабадты көрелік, – деді. Елшіліктің қызметкері (кейін Әбсаттар ағаның өзі жазғандай, шәкірті, ҚазҰУ-дың түлегі) Азат Барбосын да қолдай кетті.
Көлікке міне сала, ию-қию көше арасымен жүріп отырып, белгіленген жерге көп ұзамай жеттік. Жасыратыны жоқ, Делиге бірінші қадам басқан біздің көпшілігіміз, әлі еш нәрсені парықтап үлгергеніміз де жоқ. Ағамыздың жолбасшы болғаны, қандай жақсы.
Біз көліктен түсіп, тосын ортаға аңтарыла қарап кідіріп қалғанымызда, елшіліктің жігіті кіру билетін алып келді.
– Дели сұлтанатының астанасы болған жер. Мұнда түркі текті бабаларымыздың ізі қалған, – деп бастады әңгімесін Әбсаттар аға. – Дели сұлтанаты XIII-XVI ғасыр аралығында 320 жыл өмір сүрген мұсылман мемлекеті.
Дарбазадан кіре бере-ақ көп ұзамай алдымыздан алып биік мұнара шықты. Бір қарағанда-ақ, алып сұстылығымен, асқақтығымен арбап алды.
– Құтб мұнарасы, – деді Әбсаттар аға. – Құтб ад-Дин Айбек салдырған. Ол ортағасырлық Дели сұлтанатының бірінші сұлтаны. Қараңыздар, міне, Құран аяттары жазылған.
Таң қалмасқа лажың жоқ. Үндістанның төрінде бір замандары мұсылмандық рух қалай асқақтаған десеңізші.
– Жүріңдер, былай, мен тағы бір тамашаны көрсетем. Мында біздің қасиетті бабамыз Имам Замин Түркістанидің кесенесі бар, – деп жол бастай жөнелді Әбсаттар аға. Оның асықтыруының себебі бар еді. Күн батуға таянған. Әлдебір биік ғимараттың арасынан өтіп, оңаша алаңқайда орын тепкен кесененің алдына келдік.
– Бабамыз Имам Замин! Мына жерде жазылған Түркістаннан келді деп. Туған жылы белгісіз, 1539 жылы дүниеден өткен. Кесене өзі қайтыс болмастан
1 жыл бұрын Бабырдың баласы Һұмаюн тұсында салынған.
Әбсаттар ағамыздың бет-жүзінде кешкі Делидің жарқын сәулесімен көмкеріліп нұр ойнап тұрды. «Міне, көрдіңдер ме, біздің бабамыз қандай болған!» деп, әрқайсысымызға ұшқын шашқан көзбен қарайды. Кеудеде бабаларға деген құрмет, мақтаныш сезімі оянды. Аға ықыластана дұға жасады.
XV-XVI ғасырларда өмір сүрген Имам Замин Түркістани кім еді. Р.В.Смит «Ешкім білмейтін Дели» кітабында: «Имам Заминге Лоди сарайындағы саяси әзәзілдік ұнамады. Мен оған таңданбаймын. Суфизм исламдағы ең бір жұмбақ аспект және суфизм имамдары дүнияуи нәрселерден (дүниенің байлығынан) бас тартуларымен белгілі.
Моғолдар империясының негізін қалаушы Бабыр Лодиді жеңгеннен кейін, Имам Заминге келіп, оған құрметін білдірді. Бабырдың баласы Һұмаюн де имамға үлкен құрметпен қараған. Міне, дәл осы Һұмаюнның тұсында имамның кесенесі салынды.
Һұмаюн ауған текті Шер шаһтан жеңіліп, аз уақытқа билік тағынан ажырап қалған кезде, Шер шаһ та имамға келіп, одан бата алу үшін көңілін табуға тырысқан.
Бұл өзі бір ғажайып нәрсе ғой. Құтб кешенінің шағын бір бұрышында ғұмыр кешкен кішкентай кісінің көз алдында патшалар билік құрып, (кезегімен) дүниеден өтіп жатты.
Ол қалай тамаша өмір сүрді екен?! Мен оны былай елестетем. Ол шаңды аулада, манго дарағының астында, ішкі қорада Дели тауыстарының әуезді үнін естіп отырғанда империялар гүлденді және құрдымға кетіп отырды, ал билік басындағылар оған бата алу үшін бас иіп келіп тұрды», деп жазды.
Академик Әбсаттар аға Дербісәлі кейін өз жазбасында: «Кесене мұқият әрі ұқыптылықпен салынған. Күмбез сыртындағы боғатқа айналдыра 61 рет «Алла» және «Субхан Алла», сондай-ақ кесене керегесінің үстіндегі жазуы бар мәрмәр тақтадан биіктеу жерге айналдыра 36 рет «Алла» және «Субхан Алла» деп жазылған. Осы сөздер арасына шеңбер жасалып, оған гүл салынған.
Құлпытас ортада тұр. Кесененің батыс жағына михраб жасалыпты. Оның сыртқы рамасының жоғары жағы доғал. Ішіне «Бисмиллаһир рахманир рахим», одан төменіректегі таға іспеттес жарты шеңбер ішіне қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің «Аяту-л курсиі» жазылған. Михрабтың доғал тұсы біткен төменгі жағына екі белдемше жасалып, оның оң жағына екі рет және сол жағына сонша рет және төменгі белдемшеге де дәл осылай «Алла» деп жазылған. Михраб қуысының жоғары және төменгі жағына да екі реттен «Алла» деп жазылған. Михрабтың оң және сол жақтарына гүл өрнектеліпті. Түркістандық имамның өмірі және Үндістанға Түркістан қаласынан, яки жалпы Түркістан өлкесінен келген бе деген сауалдарға зерттеулерден кейін ғана жауап беруге болады», деп жазды.
Әбсаттар ағаның ұлы баба зиратын іздеуі
Мырза Мұхаммед Хайдар Дулати – XVI ғасырдың перзенті. Осы күнгі қазақ, қырғыз, өзбек секілді түркі халықтарының ұлт болып ұйып, тарих сахнасына шыға бастаған кезде ғұмыр кешті. Дулат тайпасынан шыққан әйгілі тарихшы, ақын, әскери қолбасшы (1499-1551).
Өткен ғасырдың 60-жылдарының ортасында Әбсаттар ағаның қолына кездейсоқ «Орта Азия мен Қазақсанның ұлы ғалымдары» атты кітап тиеді. Онда Әбу Насыр әл-Фараби туралы А.Машановтың, Ә.Науаи жөнінде М.Әуезовтің, М.Х.Дулати жайлы Ә.Марғұланның, Ұлықбек хақында А.Көбесовтің, М.Қашқари туралы М.Томановтың, Қадырғали Қосынұлы Жалайыри жайлы Қ.Жүнісбаевтың және тағы басқалардың мақалалары бар екен.
Осы кітаптағы Ә.Марғұланның мақаласы оған айрықша әсер етеді. Ғалымның «Мұхаммед Хайдардың кім екенін тарихты зерттеушілер болмаса, жұрттың көпшілігі біле бермейді...» деп жазуы, оның «Тарих-и Рашиди» еңбегіне тоқтала келіп: «Кемеңгер жазушы мен саңлақ ойшылдың қайда туып-өскені де оның ұрпақтарына зор мақтаныш. Міне, біз әңгіме етіп отырған Мұхаммед Хайдар ұлы жүз, дулат тайпасынан шыққаны байқалады» деп дәлелдерді келтіруі болашақ ғалымның ізденіс жолына бастама болады.
Дулати жөніндегі мақалаларда көбіне оның 1540 жылға дейінгі өмірі айтылады. Ал одан бергі өмірі қалай өтті? Ол қай жерде, қай жылы, қалай қаза тапты, зираты қайда деген сұрақтарға көпке дейін жауаптар болмады.
Осы сұрақтар Әбсаттар ағаны жолға бастаған. 1994 жылы Қашғарияға барып, Қашғар, Жаңа Хисар, Жаркент шаһарларын аралайды. Жергілікті халық Мырза Хайдардың есімін ұмытпай қадірлеп, Жаркенттегі бір махалланы, бақты оның есімімен атап отырғаны жанын сүйсіндіреді. Қашғария ғалымдары мен зиялыларының кейбірі ұлы баба Үндістанда қаза тапқанмен, Әбдірашит ханның бұйрығымен сүйегі Жаркентке жеткізіліп, осында жерленген деп санайды екен. Бірақ бұл аймақтан Дулати зираты табылмайды.
Арада бір жыл өткенде Әбсаттар аға Пәкістанға барады. Мұнда Мырза Хайдар бірнеше жыл болған Лаһор қаласында болып, өзге де тарихи жерлермен танысады. Баба зиратын іздеу жұмысы оны қанаттандыра түседі. Ендігі сапар Кашмирге тірелген-ді.
1998 жылдың желтоқсанында Риядтан Бомбей арқылы Делиге аттанады.
Кашмирде Мұхаммед Хайдар Дулати екі рет болған. Біріншісі – 1532 жылдың желтоқсан айының соңғы күндерінен 1533 жылдың мамыр айына дейін болған. Екіншісі – 1540 жылдың 22 қарашасы күні Кашмирге аяқ басып, оны бір оқ шығармай өзіне қаратады. Сөйтіп, өмірінің ақырына дейін осы өлкеде билігін жүргізеді.
Кашмир өлкесін, оның бас қаласы Сринагарды «Тарих-и Рашиди» еңбегінде М.Х.Дулати үлкен сүйіспеншілікпен суреттейді. «(Сринагар – Ә.Д.) қаласы мен оның төңірегінде қарағай мен кипаристен салынған тамаша ғимараттар көп. Олардың көпшілігі ең аз дегенде 5 қабаттан тұрады. Әр қабаттың сәулетті бөлмелері, тұрғынжайлары мен терассалары, балкондары мен мұнаралары һәм керемет әшекейленген таңғаларлық кіреберістері бар. Қанша тырыссаң да, оны толық суреттей алмайсың...» дейді қаламгер.
Дели әуежайынан Әбсаттар ағаны Қазақстанның Үндістандағы елшілігінің 2-хатшысы Мұрсалнәби Тұяқбаев күтіп алады. Оның араласуымен Делидегі Жамму мен Кашмир туристік департаментіне, «Кашмир үйі» атты Жамму мен Кашмир өлкесінің Үндістандағы тұрақты және өкілетті өкілдігіне барады. Солар арқылы Кашмир университеті ғалымдарымен байланыс жасайды. Өкілдік басшысы С.С.Сахни мырза:
– Сринагарға барған соң университеттің тарих факультетінің профессоры Абд әл-Каййум Рафики мырзаға жолығыңыз. Ол – Орталық Азия тарихының маманы. Сізге қол ұшын беруге уәде етті, – дейді.
Сринагарда Әбсаттар аға белгілі профессорға жолығады. Өзара әңгімеде:
– Күні бүгінге дейін Қазақстан ғалымдарынан Мырза Хайдар Дулатиді іздеген, яки сұраған жанды да кездестірген емеспін. Енді тәуелсіз елсіздер. Сондықтан өткендеріңізге оралып, ұмыт болғанды іздестіріп жатуларыңыз заңды, – дейді. Оның зиратының осында, «Мазар-и салатинде» екенін айтады. Бұл кезде Әбсаттар аға да Үнді тарихшыларының еңбегін оқып, осында болуға тиіс деген тоқтамға келген-ді. Өкінішке қарай, келесі күні уәделескен уақытта университеттен орала қоймаған Рафики мырзамен кездесе алмай, жолбасшы Мұхаммед Сикандармен бірге қабірстанға өздері барады.
Қорымда зираттар көп еді. Көпшілігінің құлпытастарында аты-жөні, туған және бақилық болған жылы жазылған екен. Кейбір көне зираттардың құлпытасындағы сөздер өше бастаған. Бұлар біраз зиратты аралап шығады. Бірақ Мырза Хайдар зираты көзге түсе қоймайды. Жазулары өшіп кеткен ғой, табылмайтын болды-ау деген өкініш күшейе бастайды.
– Не іздеп жүрсіздер? – дейді орта жастағы кісі сәлемдесе беріп.
– 1540-1551 жылдары Кашмир патшасы болған Мырза Хайдар Дулатидің зиратын іздеп жүрміз, – дейді Әбсаттар аға.
– Анау төрдегі зираттарды көріңіздерші. Ол әдетте «отбасылық зират» деп аталады. Мүмкін сонда болар, – дейді әлгі кісі.
«Мазар-и салатиннің» солтүстік батыс жағындағы қос бәйтерек арасындағы төрт-бес құлпытасты көреді. Дегенмен олардан жазу көзге түсе қоймады. Бірақ талдың түбіндегі құлпытас өзгешелеу көзге түседі. Оған тастан рама жасалып, жоғары жағына раушан гүлі өрнектеліпті. Құлпытастың қорабы бірнеше жерден сынып кеткенмен, ортасындағы ұзындығы – шамамен 1 метр 26 см, ал көлденеңі 57-78 сантиметрдей мәрмәр тас жақсы сақталыпты. Әбсаттар аға орамалды алып шаңын сүрте бастағанда, жазулар барын байқайды. Әуелі «бұл бақилық» деген екі сөз анық оқылады. Ал екінші бағанадағы сөзі бес-алтау секілді.
Зират тасын сүрте бастағанын байқаған Мұхаммед Сикандер дымқыл орамал алдырып, екеулеп мәрмәр тасты ысқылап тазалауға кіріседі. Ұзамай оңнан солға қарай жалғасқан парсы тіліндегі жазулар тізбегі айқындалады.
Одан: «һууа-л бақи Мырза Хайдар гурган ибн Мирза Мұхаммед Хұсейін гурган, навас Юнус хан, халезад Бабур падишах, вазир Абу Саид хан – падишах Яркенд ва Моғұлистан...» деген сөздер анық оқылады.
Бұл – Әбсаттар аға ұзақ жылдар бойы іздеген түркі халқының ұлы тұлғасы Мырза Мұхаммед Хайдар зираты еді. Ғалым сол сәтте жан дүниесін билеген ала құйын сезімді былай еске алады:
«Бойымды өкініш, яки күйініш пе, әйтеуір алапат бір сезім биледі. Ұлы ғалым: «Алыста, жат жерде қалған бабаларыңды 447 жылдан кейін енді ғана таптыңдар ма?! Мені де іздейтін күн туды-ау, әйтеуір», дейтіндей.
Өзіме өзім келген соң қазанама мәтінін хатқа түсіре бастадым», дейді.
Бұл – академик, шығыстанушы ғалым Әбсаттар аға Дербісәлінің қазақ руханиятына қосқан зор үлесі еді.
Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,
филология ғылымдарының докторы,
М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры,
«Дулатитану» ҒЗО директоры