Қоғам • 02 Тамыз, 2022

Бағдарламамен бизнес бастағандар

900 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кәсіп ашуға ниет еткен жандарға қайтарымсыз қаржы беруге арналған бағдарламаның бірі – «Бизнестің жол картасы-2025». Соңғы тоғыз жылда Атырау облысында дәл осы бағдарламамен 162 кәсіпкер өз бизнесін бастаған. Ал Жылыой ауданында мемлекеттен қайтарымсыз грант алған 35 кәсіпкер кәсібін жолға қойды. Қазір олар жаңа жұмыс орындарын ашып, ауылдастарын жұмыспен қамтып отыр.

Бағдарламамен бизнес бастағандар

Сондай кәсіпкердің қатарында көз дәрігері Асыл Ахметова да бар. Ол 13 жыл бұрын кәсіп­кер­лікке бет бұрған. Жеті жыл бұрын «Жарқыра» атауымен кө­зілдірік дайындайтын салон ашқан. Ауылдастарының көз жанары суалмауын ойлаған дәрігер кәсібінің материалдық базасын нығайту үшін «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасына құжат тапсырып, 3 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа ие болған. Сөйтіп, салонын көз­дің қан қысымын өлшейтін арнайы құралмен толықтырды.

– Қазір көз ауруы көбейіп тұр. Бұл ауру жас талғамайды ғой. Әсіресе балалар арасында көру қабілеті төмендегені алаңдатады. Балалардың көз ауруын ерте емдемесе, кейін асқынып кетуі мүмкін. Олар дәрігерге көзін қаратып, көзілдірік алу үшін облыс орталығына, өзге қалаларға бара алмайды. Осындай себеппен, осы істі қолға алдым, – дейді Асыл Ахметова.

Кәсібін бастағалы бірнеше рет несие алуына тура келді. Алдымен Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының алты пайыздық жеңілдігімен 6 млн теңгесіне қол жеткізді. Бұл қаржыға көзді тексеретін зама­на­уи үлгідегі аппараттарды, түр­лі көзілдірікті дайындайтын станоктар әкелген. Кейін 2020 жылы «Даму» қорынан бе­рілген 20 млн теңге несиеге бала­лардың көз ауруын емдеу­ге қажетті құрал-жабдықтар са­тып алған. Ол ашқан салонда мереке күндері балаларға, көпбала­лы аналарға, мүмкіндігі шек­теулі жандарға арналған ар­найы жеңілдік жасалады. Қазір Құлсары қаласындағы екі нүктеде алты адамға жұмыс бе­ріп отыр. Олардың жалақысын уақ­тылы төлейді.

Бұл ауданда аталған бағдар­ла­мамен медицина саласын­дағы кәсібін бастаған жанның тағы бірі – Айзада Қалуова. Тіс емдеу ісінде бесжылдық еңбек өтілі бар ол былтыр «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасының қаржылай грантын алған. Қазір үш маманды тұрақты жұмысқа тартып отыр.

– Тіс емдеудің өзіндік қиын­ды­ғы, тәсілі бар. Жаңа технологиялар да енгізіліп жатыр. Сондай инновациялық аппаратты сатып алып, тіс емдеуді бас­тадым. Бұл аппараттың ерек­шелігіне тоқталсам, тістегі көрін­бей­тін инфекцияны 25 есеге үлкейтеді. Кәсібімді бастау үшін мемлекеттің қайтарымсыз қаржы беретіні бізге үлкен қолдау болып отыр, – дейді Айзада Қалуова.

 

Атырау облысы