Қоғам • 02 Тамыз, 2022

Темір тор педофилдерді түземейді

477 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Елімізде балаларға қарсы жыныстық сипаттағы қылмыс азаяр емес. Таяуда ғана Жаркенттегі жантүршігерлік оқиға бүкіл елді шошытқаны белгілі. Өкініштісі, күдікті бұған дейін екі рет сотты болған екен. Бірақ мерзімінен бұрын темір тордан босатылған көрінеді. Бұл елдегі педофилдерге қатысты құқықтық жағдайдың әлі де шешімі табылмаған өзекті мәселе екенін көрсетіп отыр. Мектепте, лифтіде, тіпті қоғамдық көлікте балаларға қатысты зорлық-зомбылық жағдайлары жиі кездеседі.

Темір тор педофилдерді түземейді

Президент Қасым Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 2 қыркүйе­гін­де Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауында «Балалар қауіпсіздігі мен құқығын қорғау мәселесіне ерекше назар аудару керек. Біз кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы әре­кеті үшін қылмыстық жауап­кер­шілікті күшейттік, бірақ бұл мәселе өзекті болып қалып отыр. Он­дай қылмыскерлер барынша қатаң жазаға лайық, оларға ра­қым­шылық болмауы керек, сонымен қатар мерзімінен бұрын да босатылу құқығы берілмеуге тиіс. Олар барынша қауіпсіздігі жоғары абақтыларда отыруы керек. Осындай әр іс прокуратура органының ерекше бақылауында болуға тиіс», деп аталған іске қатысты жазаны жедел түрде қатаңдатуды тапсырды.

Осыған байланысты зорлық-зом­былық қылмысы орташа ауыр­лықтағы қылмыстан ауыр қы­л­мыс санатына ауыстырылды. Со­нымен қатар 14 жасқа толмаған ба­ла­ларға зорлық-зомбылық көр­сет­кені үшін 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өмір бойы қамау жазасы көз­дел­ген.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қазіргі таңда жазасын өтеп жатқан 2 мыңға жуық педофил бар. Ал өткен жылы 50 педофил бостандыққа шық­қан. Психологиялық анық­та­ма­лықта «Педофилия – бұл психи­ка­лық бұзылыс, ауру» деген анық­­тама берген. Сәйке­сін­ше, пе­до­­фил­дердің орны пси­хо­ло­гия­лық оңалту орталығы ма? Әлде түрме ме? Жазасын өтеп шығып бос­тандықта жүрген педофилдер «аурудан» құлан таза айығып шық­қандар ма? Әлде баяғы жартас сол жартас болып, қылмысқа қайта бара ма? Бұл жағы басы ашық мәселе болып қалып отыр.

«Педофилия – психологиялық ауытқу. Тек психологиялық емес, педагогикалық тәрбиедегі кем­ші­­лікті көрсететін проблема. Педо­фил­дерді қылмысы үшін жазалау­мен қатар, емдеу де керек. Яғни екеуін қатар жүзеге асыратын арнайы орын керек. Көбіне педофилдер агрессор ата-аналардан шығады. Ата-анасынан қысым көріп, рухы бала күйінде қалып қой­ғандар балалармен қарым-қа­ты­нас орнатуға құмар», дейді пси­холог Жанар Сейітмағанбет.

Психологтердің пікірінше, педофилдерді азайту тек бір тарапты емес екенін, өсіріп отырған балалардың да тәрбиесіне баса назар аудару керек екенін алға тартады.

«Ата-аналар балаларды мейі­рім мен махаббатын көрсетіп, өз проблемаларын еркін айтуға се­нім қалыптастыруы керек. Бала бір нәрсені айтып келген кезде тап беріп ұрсудың қажеті жоқ. Ата-ананың баланы тың­да­­мауы көп­теген проблемаға се­беп бо­лады. Сонымен қатар бала­­лар­дың жыныстық сауатын ашып, жеке шекарасын белгі­леп үйрету өте маңызды», дейді Ж.Сейітмағанбет.

Осы орайда педофилдерге жаза­сымен қатар психологиялық оңалту істерін жүргізуді қарас­ты­ра отырып жоғарыда атап өткен заңдағы олқылықтарды рет­теген жөн. Сарапшылар заң нақты­лан­ған кезде ғана педофилия азаятынын алға тартады. Құқықтық тұрғыда педофилдерге әлі күнге дейін жұмсақтық бар. Қоғамның жәбірленуші тарапты айыптауын тоқтату дәстүр не дінмен жүзеге аспайды. Сондай-ақ сарапшылар химиялық кастрациямен қатар 70-жылдардан бастап Чехияда, сонымен қатар Германия мен АҚШ-та ішінара қолданылып келе жатқан хирургиялық кастрацияны енгізу қажет деп есеп­тей­ді.

Сарапшылар заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, жаза­ны қатаңдату шаралары қолға алын­ғанына қарамастан, Қазақ­стан­да балаларға жыныстық си­пат­­тағы зорлық көрсету бо­йын­ша істер кешенді түрде қарал­май­ды деп есептейді.

«Педофилдер түрмеде психо­ло­­гия­лық тұрғыдан оңалтуы керек. Өйткені түрменің өз ішінде зорлық-зомбылық бар екені бәрі­міз­ге аян. Оның ішіне түскен педофил шыққанда өзінің ескі әдетінен айығып шықпайды. Ста­тистикалық мәліметтерге қара­сақ, бостандыққа шыққан педо­фил­дердің 97 пайызы алғашқы жыл ішінде-ақ екінші рет тағы да сол істі қайталаған. Сондай-ақ бастапқыда балаларға жыныстық зорлық көрсеткені үшін түрмеге жабылған болса екінші рет кісі өлімі үшін сотталған. Өйткені түрмеде агрессия көп. Темір тордан шыққан соң олар бұрынғыдан бетер қатал болады», дейді «Не­Мол­чи» қорының жетекшісі Дина Смаилова.

Мамандар заңнамадағы жә­бір­­­лену­шіні айыптайтын бөлі­гі педо­филдердің жазадан жалтарып кетуіне немесе жаза­сы­ның жеңіл­де­уіне себеп болып отырғанын айтады. Мәселен, деректерге сүйен­сек балаларға қатысты сексуал­ды сипаттағы қылмыстың 30 пайы­зында «жә­бір­ленушілердің келі­сімі бойынша жыныстық қаты­нас­қа түскен» деп көрсетілген.

«Заңнамада бала жыныстық қарым-қатынасқа өз қалауымен түс­ке­ні қарастырылады. Олай бол­уы мүмкін емес екенін бәрі­міз білеміз. Балаларды түрлі нәрсемен алдап, арбап, қор­қы­тып көндіретіні есепке алынбайды. Мұндай оқиғалар кез­де­­седі. Мысалы, 12 жасар қызды өз еркімен жыныстық қарым-қаты­нас­қа түсті деп, айып­та­лу­шы­ның жаза өтеу жылы азайтылды», дей­ді Д.Смаилова.

Жәбірленуші балаларға мемлекет тарапынан тегін адво­кат­тар­дың тағайындалуы да мәселені шешуге қауқарсыз болып отыр. Дина Смаилова адвокаттардың салғырттығы мен кәсіби білігінің төмендігі қылмыстық істі толық ашуға кедергі келтіретінін атап өтті.

«Мысалы, Қызылордадағы соңғы оқиға бойынша қылмыстық іс қоз­ғалды. Сол істе жәбірленуші тараптың тегін келген адвокаты 4 рет ауысты. Кәсібиліктің төмендігі жәбірленуші баладан «Ол ер адамның қасына неге бар­дыңыз?» деген секілді сұрақ­тар­дан-ақ білінді», деді құқық қорғаушы.

Заңды қатаңдатқанмен, педо­фил­дердің әрекеті бала­лар­дың өз-өзіне қол жұмсауына себеп болады. Статистика бойынша елі­мізде жыныстық қысым көр­ген әрбір екінші жасөспірім қыз суицид жасауға талпынады.

«А. есімді баланың жәбір­ле­ну­ші ретінде сотқа берген өтініші қаралмай, сот оның зорлық көр­ге­ніне сенімсіздік танытып, қыл­мыскер жазасыз қалғаны үшін жәбірленушінің өз өзіне қол жұмсағанына куә болдық. Жал­пы, біз қылмыстық істің толық қарал­май қалуынан қорқамыз», дейді Дина Смаилова.

Мамандар мәселені шешудің жолдарын да ұсынады. Ең алдымен, жазасын өтеп жатқан педофилдерге психологиялық түрде оңал­ту істерін тағайындаған жөн. Екіншіден, оларды еңбекпен қам­тамасыз етіп, одан қолды еткен қаржысын жәбірленуші мен оның отбасына беру керек. Сонымен қатар олар салық есе­бі­нен түрмеде тегін өмір сүреді. Түрмедегі өздерінің орнын өтеу үшін де оларды еңбекпен қам­ту маңызды екенін алға тартты.

«Соңғы жылдары елімізде зорлық-зомбылық әрекеттерін жасаған қылмыскерлер үшін жа­за­ның анағұрлым күшейе түс­кені белгілі. Алайда Қазақстан Рес­публикасының Қылмыстық кодексінің 72-бабына сәйкес педофилдерде де жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұ­рын босатылу құқығына ие. Әри­не пробациялық қызметтің пробациялық бақылауында болатыны белгілі. Десек те бұл қыл­мыс­керлердің жасаған қыл­мы­с­ын қайталауына кепіл бола алмайды. Сондықтан да зорлау және өзге де сексуалдық зорлық-зом­былық жасау фактісімен айып­талған жазаланушыларды шартты түре мерзімінен бұрын босатуды қайта қарастыруы керек. Аталған фактілер бойынша айып тағылған қылмыскерлерге қосымша жаза ретінде көлік құ­рал­­дарын басқару құқығынан да айыруды ұсынамын», дейді заңгер Махаббат Мақсатқызы.

Сондай-ақ сарапшылар жазасын өтеп шыққан әрбір педофил үшін арнайы бақылау жүргізу керектігін алға тартады. Өйткені бір түрмеге отырып шығу оның толық өзгергенін білдірмейді. Осыған қатысты жыл басында 330 педофилге электронды білезік тағу жоспарланып бюджеттен 356 миллион теңге бөлінді. Ал 2021 жылы 80 адамға электронды білезік та­ғылған еді. Бірақ бұл – елде өршіген педофилияның азаюына көмектесер емес.